Өткен аптада қазақ руханияты ауыр қайғыға ұшырады. Жазушы Мұхтар Мағауин, соңынан абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахмет дүние салды. Ұлт мәдениеті мен әдебиетіне орасан олжа салған екі қайраткер дүниеден мезгілсіз өткен жоқ десек те, ұлттық һәм отаншылдық рухтың айбары еді. Екеуі де өле-өлгенше Қазақстандағы отарлық немесе советтік санамен күресіп, ұлттық танымды ту етіп өтті. Бұл сөзді біз, әрине өзіміздің Қарағанды аймағына қарата айтамыз.
Мағауин соңғы сұқбатында не дегенін білесіз бе? Қазақстанда совет адамы көп деді. Бәрі, бүткіл халық сондай деген сөз емес. Алайда советтік ойлау жүйесінің сарқыншақтары жетерлік. Оларға сенің еркіндігің, ойыңды ашық айтқаның тұрпайы, бөгде, оғаш көрінеді. Яғни сана-сезімі еркін, көзқарасы тәуелсіз адамды көкейіне советтік түсінік сарқыншағы кептеліп қалған жан ешқашан ұнатпайды. Оған кім кінәлі? Әрине, өзіміз. Мәселен біздің Қарағандыға Астанадан көлікпен кіріңіз. Жол бойы советтік белгілерден көз ашпайсыз. Костенко шахтасы, тағы бір шахта атауларының жанында орақ пен балғаның таңбасы тұр. Қаланың орталық тұсына енгенде, дәл 45-ші орамда ел аузында «гормошка» аталып кеткен 9 қабатты үйдіңтөбесінде «Караганде – образцовый порядок и высокую культуру» деген жазуға маңдай тірейсіз. Сонау совет заманынан қалған осы сұмдықты алып тастау туралы бірнеше рет мәселе көтерілді. Жыл сайын бір әрпін алып тастаса да тауысып, орнына басқа сипатты бір дүние қоятын уақыт баяғыда болған. Советтік түсініктер санамызға баттасып сіңіп алғаны сонша, бір-екі рет айтамыз да қоямыз. Және етіміз өліп алған. Ептеп айтқандай кейіп танытамыз, шам алып соңынан түскен ешкім жоқ шығар, Құдай біледі. «Қарағанды – Ресейдің деревнясы емес, Қазақстанның орталығы, осы жазуды алып тастап, Қазақ елінің, Қарағандының ерекшелігін көрсететіндей жазу жазылса қайтеді» деп ел азаматтарының біразы айтты, жазды.
Бұл туралы кезінде осы аймаққа белгілі журналист Жаңабек Нар:
«Совет үкіметінен қалған темір-терсек, бізге бабамыздан жеткен асыл мұрадай болып тұр. Қарағанды қаласы бұрынғыға қарағанда қазақыланып келе жатыр. Облыс, қала билігі де, көптеген жұмыс атқарып жатыр. Алайда осы жазуды алып тастауға ешқайсының шамасы келмеді. Сірә «ата-бабамызды қырған Совет үкіметін есімізге салатын таңбадай тұрсын», – деген болуы керек», – депті.
Сыртымыз осылай болғанда, ішіміз де жетісіп жатқан жоқ. Мәселен, КСРО халық әртісі, Қазақ КСР халық әртісі деп әлі күнге жазып, айтамыз. Осыны Қазақстанның халық әртісі деп өзгертіп жібере салайық десең, «бұл біздің тарихымыз емес пе?» дейді білгіштер. Жарайды өткен өтті, алайда жаңа ұрпақ қалыптасып келеді ғой. Олардың сана-сезімін улап, ескі заман сарқыншақтарын тықпалап не керегі бар? Кез келген тәуелсіз ел тарихын өзі жазуы тиіс. Олай ете алмайды екенсің, онда сырттан келіп, отарлаушы ел жазып, боданына айналдырады. Қит етсе өткенге оралып, кеңес үкіметі кезеңінің атауларын жазуды, советтік сарқыншақтарды еске салуды біржола доғару керек.
Кеше ғана дүниеден өткен Мағауин де, Мекемтас ата да осындай келеңсіздіктермен күресті. Екеуі де біздің елге жетпей тұрған жалғыз-ақ күш – ҰЛТТЫҚ САНА екенін ашық ұстанды және соны өмірімен дәлелдеді. Демек, үлгі алу керекпіз.