Тәуелсіздік күнін мерекелеу басталды

Қарағанды облысында осы аптадан бастап, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған 130-дан астам шара өткізіледі: дөңгелек үстелдер мен конференциялар, тақырыптық көрмелер, концерттер, қайырымдылық науқандар және т.б. Әлеуметтік қорғалатын санаттағы бірқатар отбасы үшін бұл мереке қоныстойымен есте қалады.

Бұл туралы ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов аппараттық кеңесте баяндады.

Ол Тәуелсіздік күніне арналған басты шара 13 желтоқсанда ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының, қоғам өкілдерінің қатысуымен Достық үйінде өтетінін айтты.

Жастар мерекеден тыс қалмайды. Мектептер мен жоғары оқу орындарында тақырыптық көрмелер, пікірталас турнирлері, ғылыми-практикалық конференциялар өтеді.

Приозерск қаласы мен Шет ауданында кезекте тұрғандарға пәтер кілттері табысталды. Шет ауданында тағы 30 отбасы жаңа қоныстанушы атанады.

Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов ведомстволық бағынысты мекемелердегі мерекелік шаралар туралы айтып берді.

Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайы 10-12 желтоқсанда «Тәуелсіздіктің жетістіктері» атты көшпелі көрме-дәріс ұйымдастырады.

Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы «Тәуелсіздік – тұғырым…» мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне арналған зияткерлік-танымдық ойын өткізеді.

Кеншілер мәдениет сарайының көркемөнерпаздар ұжымы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының шәкірттері үшін қайырымдылық концертін ұйымдастырады.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Тәуелсіздік күні – аса маңызды мемлекеттік мереке екенін және барлық шара тиісті деңгейде өтуі тиіс екенін атап өтті.

Еркін РЫМҒАЛИЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *