Тәуелсіздік мұраты мен ұрпақ жалғастығын дәріптеген рухани кеш

Аймағымызда аса көрнекті Алаш қайраткері, ғалым-ағартушы, ақын, жазушы, жалынды көсемсөз шебері Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған «Тәуелсіздік – баба арманы, ұрпақ бақыты» атты облыстық жас ақындар мүшәйрасы өтті. Рухани тағылымға толы шара Бұқар жырау ауданы әкімі «Жігер» жастар сыйлығының «Жас талант» аталымының иегері Қали Еркебұланның орындауындағы «Алаш маршы» әнімен ашылды. Айта кетерлігі, бұл ән осы сахнада алғаш рет орындалды.

Кештің алғашқы бөлімінде Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы тарапынан жас қаламгерлерді қолдау мақсатында жүзеге асқан «Жас қаламгер» жобасы аясында жарық көрген жаңа кітаптардың тұсаукесері өткізілді.

Тұсаукесер рәсімін ашу құқығы белгілі ақын, «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының жеңімпазы, Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Жанат Жаңқашұлына берілді. Ол жас буынның әдебиетке деген құлшынысын жоғары бағалап, жаңа шыққан еңбектерді көпшілікке таныстырды.

Жоба аясында жарық көрген алғашқы кітап – жас прозаик Бекзат Алтынбектің «Көкжиек» атты әңгімелер жинағы. Қала өмірінің тынысы, адам жанының терең иірімдері, өмір құбылыстары көркем түрде суреттелген бұл еңбек жас жазушының ізденісін және прозадағы өз қолтаңбасын көрсетеді. Автор сахнаға шақырылып, көпшілік тарапынан зор қошеметке бөленді.

Келесі таныстырылған еңбек – Таңсәуле Әгенқызының нәзік лиризмге толы «Бозмұнар» атты өлеңдер жинағы. Автор жырларында жеке сезім мен ұлттық құндылықтар өріліп, туған жерге, анаға, махаббатқа деген жылы леп ерекше көрініс тапқан.

Сонымен қатар, «Жас толқын» атты ұжымдық жыр жинағы көпшілік назарына ұсынылды. Бұл кітапта жас ақындардың өлеңдері топтастырылып, жаңа буын поэзиясының ізденісі мен рухани әлемі айқын көрініс береді.

Жас қаламгерлердің шығармашылығын шыңдауға бағытталған «Сөз шеберлігіне бастар жол» атты әдістемелік жинақ та оқырманға жол тартты. Бұл кітап қалам ұстаған жастарға бағыт-бағдар беріп, сөз өнерінің қыр-сырына үңілуді мақсат етеді.

Шараның екінші бөлімінде Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған облыстық жас ақындар мүшәйрасының марапаттау рәсімі өткізілді. Байқаудың басты мақсаты – Алаш қайраткерінің өмірін, шығармашылығын насихаттау, жас ұрпақтың ұлттық санасы мен отансүйгіштік рухын арттыру, оқушыларды шығармашылыққа баулу.

Мүшәйраға 8-11 сыныптан 22 талапкер қатысып, әрқайсысы Міржақып Дулатұлының рухына және елдік-еркіндік тақырыбына арналған екі өлең ұсынды. Ұйымдастырушылар алдын ала талапқа сай келмейтін немесе бұрын ұсынылған шығармаларды қабылдамағанын атап өтті.

Мүшәйраға келіп түскен туындыларды саралаған қазылар алқасының құрамы да айрықша назар аудартты. Алқа төрағасы – белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Мирас» балалар өнер мектебінің оқытушысы Сұлтан Дәулетханұлы. Сондай-ақ, Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі Жұпар Жақан бар. Қазылар өлеңдерді бағалау барысында тақырыптың байқау мақсатына сәйкестігін, тіл көркемдігін, ой тереңдігін және жаңашылдықты басты назарға алғанын айтты.

Рухани мазмұнға толы кеш соңында қатысушылар мен қонақтар жас қаламгерлерді қолдап отырған Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына алғыс білдірді. Жиналған қауым бір-біріне ізгі тілектер айтып, келесі мәдени кездесулерде жолығуға ниет білдірді.

Ерік РЫМҒАЛИЕВ