Есімі аңызға айналған, аты әлемге танылған небір мықтылар шыққан Қарағанды өңірінде спортқа ден қойған жастар жетерлік. Халықаралық аренада туымызды көкке көтеріп, Әнұранымызды асқақтата орындап жүрген жерлестеріміздің бәсі қашанда жоғары. Алайда, жаны қалап, жарысқа қатыспаса да тән саулығы үшін спортпен таң атырып жүрген жандар баршылық. Сондай жанның бірі Диана Жомартқызы– Тәуелсіздік ұрпағы, Тәуелсіздік құрдасы.
Жастайынан таза ауада тынығып, таңсәріден жүгіруді әдетке айналдырып өскен нәзік жанды қазіргі таңда тәжірибелі жаттықтырушыға айналған. Түрлі үйірме өткізіп, өзінің жеке тобында ашқан. Фитнес нұсқаушылық қабілетімен стретчингтің, яғни созылуға арналған жаттығуларды орындаудың шебер үлгісін меңгерген. Диана Жомартқызының айтуынша, спорттың бұл түрі денсаулыққа, әсіресе қимыл-қозғалыс аз адамдар үшін тигізетін пайдасы орасан. Күніне кемі 15-20 минут жаттығу қимыл қозғалыс үйлесімділігі мен тепе-теңдік сезімін жақсартатынын көрсетті. Тіпті, қандағы қант деңгейін төмендетуге айрықша көмек. Демек, диабетке шалдыққан адамдарға пайдалы.
Диана Жомартқызы қазіргі таңда аптаның бес күнін тұрақты түрде жаттығу залында өткізеді. Бір күннің кестесінде 4 мәрте арнайы топпен түрлі деңгейдегі қимыл-қозғалыстарды орындап, скретчингтің алуан әдісін үйретеді. Осы спорт түрі адамдардың физикалық және эмоциялық тұрғыда демалуына көмектесіп, күйзелісті азайтады, дейді фитнес нұсқаушы.
Қазір мемлекет тарапынан спорт саласына жасалып жатқан қолдау қарқыны жоғары. Мұны скретчинг жаттықтырушысы Диана Жомартқызы да жақсы біледі. Алға қойған мақсаты да бар. Мемлекеттік қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, жаттығу залының материалдық базасын кеңейту. Ісі алға басса, екі көмекші алып, әлеуметтің осал топтарына арнайы жеңілдік қарастырып, қажет болса тегін жаттығу үйірмелерін өткізбек.
Диана – үйде отырған аналар мен әжелерде осы спорттың түрімен тұрақты шұғылдануы өте маңызды дейді. Өйткені, бұлшық ет қысымынан арылуға, қан айналымын жақсартып, ағзадағы су балансын қалыпқа келтіруге ерекше серпін бермек. Эндорфиндерді оятуға өте қолайлы көрінеді.
Қазақта «Болар елдің баласын бетін қақпай, белін бу» деген тәмсіл бар. Сондықтан, Диана Маратқызы секілді ертеңінен мол үміт күттіретін жастарға тілекші, әрбір жетістігіне қуанамыз. «Тынымсыз жаттығу мен үздіксіз дайындық биік шыңдарға жетелейді» деген ұстанымдағы Диана Жомартқызының алға қойған мақсаттарына сәтіліктен басқа айтарымыз жоқ.
Әсем ҚАЙРАТҚЫЗЫ