Тұңғыш төраға құрметіне

Қарағандыда қарт адамдарға әлеуметтік көмек айлығының соңғы күндерінде облыстық ардагерлер кеңесі өңірдің таңдаулы ардагер шахматшыларын жинап, Ұлы Отан соғысына қатысушы,  кезінде облыстық телестудияны басқарып, обкомның идеология жөніндегі хатшысы болған, облыстық ардагерлер кеңесінің тұңғыш төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері Қали Әлібекұлы Аманбаевтың (1924-2005) туғанына 100 жыл толуына арналған шахмат турнирін өткізді.

Жарысқа 24 ойыншы қатысып, олар швейцар жүйесімен 7 турда жүлделерді сарапқа салды. Мұнда әр турдан кейін компьютер бірдей ұпай жинағандар арасынан келесі жекпе-жек иелерін анықтайды. Жарыстың ашылу салтанатында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оралды Төреғожин сөз сөйлеп, Қали Әлібекұлының өнегелі өмір жолымен таныстырды.

Күткендегідей, ә дегеннен жарыс көшін өткенде Сенаттың ашық кубогына қатысқан әккі ойыншылар бастады. Дегенмен, оларға ешкім оңайлықпен берісе қоймады. Үшінші турда  Сенаттың облыстық кезеңінің жеңімпазы, белгілі шахматшы Геннадий Пак  теміртаулықтардың серкесі Сергей Кулишкиннен күтпеген жерден қателесіп, ұтылып қалды. Бірақ одан 6 турда қарағандылық тәжірибелі ойыншы  Есентай  Сәрсекеев басым түсті. Өз кезегінде ол да соңғы турда Сенаттың Астанадағы ақтық жарысына қатысқан абайлық  Сергей Могиладан ұтылып, жүлделі орыннан құралақан қалды.

Сөйтіп, турнир кестесін 6 ұпаймен Г.Пак бастап, жеке-дара бірінші орынға шықты.

Келесі жүлделі орындарды анықтау үшін төрешілерге «Бухгольц коэффициенті» дегенге жүгінуге тура келді. Өйткені 4 адам бірдей 5,5 ұпаймен мәре сызығына  келген еді. Бұл әзірше шахматтың көп адам қатысатын бұқаралық жарысында орындарды анықтаудың ең әділ жүйесі, онда әр ойыншының қарсыластары жинаған ұпайларының қосындысы есептелетін болады. Үнемі көш бастаушылар сапында келе жатқан адамның жиынтық ұпайы да жоғары болуға тиіс. Нәтижесінде 2 орынға Сенат турнирінің Астанадағы ақтық сайысында барлық деңгейдегі депутаттар арасынан үздік шыққан Абай аудандық мәслихатының депутаты Бекмұрат Ағзамов шықты. Үшінші орынды оның жерлесі Сергей Могила иеленді. Бұл жолы талай жарыстарда көш бастап жүрген, соның ішінде Сенат кубогында да үздіктер қапатарынан көрінген Сергей Игнатьев ұпай саны бірдей болса да төртінші орынды місе тұтты, ол соңғы ойында Кулишкинді тізе бүктірді. Жүлдегерлер ақшалай сыйлықтармен марапатталды, сондай-ақ қатысушылардың барлығына жұбаныш сыйлықтары үлестірілді.

Сөйтіп, облыстық кеңес үкілеп қосқан саңлақ «сенатшылар» өздерінің табыстары кездейсоқ еместігін дәлелдеді.

Аман ЖАНҒОЖИН,

жарыс төрешісі, облыстық кеңестің жауапты хатшысы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *