«Өткен күнде белгі бар» дейді қазақ. Жылыстаған күн, ай, жылдар легі жиылып, ондағы оқиғалар реті тарихты құрайтыны белгілі. Бұрын болған дүниелердің көбісі – тарихтың тақтасында тасқа басылып, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп жатады. Осындағы толқын-толқын ағыстың барлығы да әмірші Уақытқа бағынышты.
ХХ ғасырдың 30 жылдарындағы репрессия толқыны соғыс кезінде де жалғасты. Соның көрнекті бір мысалы, 1942 жылы Қарқаралы, Қу өңірлерінен жаппай қазақ азаматтарын соғысқа жіберді. Осының ішінде ел басқарған көзі ашық, көкірегі ояу, зерек жандарды майданға жібермей, Қарағанды қаласында алып қалып, НКВД әскери трибуналы негізінде атақты № 58 статьямен «халық жауы» деген жала жауып, соттаған.
Біздің ойымызша, жан-жақты, көзі қарақты, бағыт-бағдар беріп, жол сілтей алатын, орысша жақсы білетін сауатты адамдарды кеңес үкіметі соғысқа жіберуді қажет етпеген сияқты. Керісінше, аз ұлт өкілдерінің оқымаған, сауаты аз көпшілігін Кеңес үкіметі құл есебінде ұстап, оларды жауып тұрған оқтың өтіне жұмсап отырған. Әсіресе, ежелден ішкі кегі бар, ата жаулары ретінде санап, қазақтарды майданның ең ауыр жерлеріне жіберген. Соғыс басталғанда мыңдаған қазақты қолына еш қару бермей, таяқ-шоқпар, айыр-күрек секілді жұмыс құралдарымен алдыңғы шепке айдаған. Мұздай қаруланған неміс әскері алдыңғы саптағы өндірдей қазақ жастарын бірден қырып салған. Не дұрыс киім, не қару бермей отар қой секілді босқа қырылған қаншама боздақтың обалы кімге?..
Осы соғыстың тарихындағы шындық пен ақиқат әлі толық ашылмай жатыр…
Адамзат тарихындағы 1941-45 жылдардағы ең үлкен қантөгісте Кеңес одағы миллиондаған адамды құрбандыққа шалып, жеңіске жеткені тарихымыздан белгілі.
Биыл соған – 80 жыл толып отыр. Сол сұрапыл соғыстың зардабы, жанға салған жарасы толық жазылып кетті деп ешкім де айта алмайды.
Бүгінгі біз әңгіме қылып отырған азамат Қарағанды облысы бұрынғы Қу (кейіннен Егіндібұлақ) ауданына қарасты 7-ші ауылдың тумасы. Есім-сойы – Тақыр Нұрғалиев. Тақыр атамыз 1901 жылы дүниеге келген. Тумысынан есті, құймақұлақ, қабілетті де зерек болғандықтан өздігінен ерте хат танып, оқуға құштарлық танытқан. Соның нәтижесінде жан-жақты білімді меңгерген, өте сауатты адамдардың қатарында болған.
Оның бір дәлелі – сонау ХХ ғасырдың 30-шы жылдардағы зобалаң-зұлматтардың тұсында және екінші дүниежүзілік соғыстың басталған кезінде Қу ауданындағы Көлшілік колхозының төрағасы қызметін атқарғаны туралы құжаттар әлі күнге дейін мұрағатта сақтаулы. Бұл арада бір айта кететін жайт, Тақыр атамызбен тағдырлас тағы да бес адам бар.
Атап айтқанда, 1. Көшкінбаев Жақия 1904 жылы туған. Қу ауданының Балықтыкөл Ауылдық кеңесінде, Аудандық атқару комитетінде төраға орынбасары қызметтерін атқарған. Партия қатарында бар. 2. Хасенов Садуақас 1901 жылы туған. Қу ауданында Шарықты Ауылдық кеңестің төрағасы болған. Партия қатарына өткен. 3. Алдаоңғаров Темірғали 1904 жылы туған. Қу ауданы Арқалық Ауылдық кеңесінде колхоз есепшісі болып еңбек еткен. 4. Әлжанов Бәжен (Бәтен болуы мүмкін) 1904 жылы туған. Қу ауданындағы №9 ауылда колхоз төрағасы болған. 5. Момынбаев (Мамынбаев) Айтбек (Ақтабай) 1902 жылы туған. Қу ауданында колхоз төрағасы болған. Партия мүшелігінде бар. Осы азаматтар 1942 жылы тамыз айында Қарқаралы әскери комиссариатының шақыруымен әскер қатарына алыныпты.
Рас, соғыстың заңы қатал. Жер мен елді, Отанды қорғау үшін ер-азаматтың бәрін әскерге алып, майданға жіберіп жатты…
Дегенмен де, ел ішінде де ұйымдастырушылық қабілеті мықты, іскер жандарды соғысқа жібермей, халық игілігіне қызмет етсін дейтін де заң бар болатын. Бір заманда қатар ғұмыр кешіп, бір ауданда бірге басшылық қызмет атқарған осы алты азаматты да соғыс басталғанда сол заң аясындағы броньмен қалдырған еді. Арада бір жылдай өткенде, екінші дүниежүзілік соғыстың қызған шағында, әскер қатарына шақырады. Сол кездегі әпербақан әміршіл жүйенің солақай саясаты, небір қитұрқы жауыздық, зұлымдық әрекеттері көп болды ғой… Солардың бірі ме екен, кім білсін?! Бұл азаматтарды 1942 жылдың 27 қыркүйегінде Қарағанды қаласындағы №3 атқыштар бригадасының әскери трибунал шешімімен қамауға алынған. Қамауға алу туралы ордердің нөмері – 118.
1943 жылдың 3 наурызында әскери трибуналдың қорытынды шешімі шығады. Тағылған айып: 58 статья, 58 п. 1 б., 58 п. 10 б., 58 п. 11 б.(УК. РСФСР). Нақтылап айтқанда, Нұрғалиев Тақыр – 10 жыл, Көшкінбаев Жақия – «ұйымдастырушы болды» деген жалған жала жабылып, ату жазасына кесілген. Хасенов Садуақас – 10 жыл, Алдаоңғаров Темірғали – 10 жыл, Әлжанов Бәжен – 10 жыл, Момынбаев Айтбек –10 жыл еңбекпен түзеу колониясына (ИТЛ) жіберілген. Жазықсыздан жазықсыз жапа шегіп, қамауда көп қиналған, азапталған алты азаматтың кейінгі тағдырлары да оңбай қалды.
Деректерге көз жүгіртсек, Нұрғалиев Тақыр – 1943 жылдың 8-ші маусымында Қарабас түрмесінде қайтыс болған. Қалғандарының кейінгі тағдырлары белгісіз. Тек Алдаоңғаров Темірғали ғана түрменің талай тауқыметін көріп, бірақ тірі қалып, соғыстан кейін елге қайтқан…
«Ештен кеш жақсы» дегендей, Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін ҚР Бас Прокуратурасы шешімімен 1999 жылы 22 қарашада сталиндік репрессиядан жазықсыз жапа шегуші ретінде осы алты азамат ақталған. Бұл жерде Тақыр атамыздың жанында болған бес азаматтың артында қалған ұрпақтары аяулы аталарың жоқтап, іздей жатар, деген де үмітіміз бар.
Сұм соғыстың сұрапыл өрті сол кезеңде Кеңестер Одағы аумағындағы барлық елдердің кез келген отбасының шаңырағын шайқап, шырағын сөндіріп, үміттерін үзуге жанталасып еді. Соған орай көптеген адамдардың тағдыр талқысына түскені тарихтан белгілі. Бір жұмбақ нәрсе, бір тылсым жайтқа таңқаламыз…
Жан алып, жан берісіп жатқан сол қанды майданда да сұрқия Сталиннің елге сенбегеніне, әсіресе, білімді де сауатты, жан-жақты да тәжірибелі адамдардан, зейінді де білікті басшылардан қатты қорқып, олардың көзін тез жоюға ұмтылғандығы, яғни сол уақыттың өзінде репрессия машинасы жұмыс істеп тұрғанын байқаймыз. Соның бір көрінісі – осы алты атамыздың талауға түскен тағдырлары…
Бұған қарағанда, 1937-38 жылдарда болған репрессия соғыс кезінде де жалғасқан деп айттық. «Не үшін?, кім үшін?» дейтін сауалдарға жауап та іздеп көрдік. Жіптің бір ұшы мынаған келетін сияқты. Қарағанды облысының Қу ауданы Алаш қайраткерлерінің жайлы қонысы болған Қарқаралы мен Ақтоғай жерлерімен шекаралас, ежелден жаны да, малы да аралас-құралас көршілес жатқан аймақтар ғой. Сонан болуы да мүмкін шығар дейді ішкі бір түйсігіміз. Алаш зиялылары демекші, біз енді өз атамызға оралайық.
Тақыр атамыз – әріден алғанда Қаз дауысты Қазбек бимен, бері де Мәди Бәпиұлымен бірге туысатын ағайындар. Мәди атамыздың бәйбішесі Қази анамыз Тақыр әкеміздің апасы болып келеді. Ал алаш ардақтысы болған, сол өңірдің оқыған азаматы, алғашқы мектеп ашқан Мұстақым Малдыбаевты оқытқан Оралбек байдың қызы Жәкім шешеміз Тақыр әкеміздің құдай қосқан қосағы. Өз заманының зерек те зейінді перзенті болған Тақыр Нұрғалиұлы – Мұстақым Малдыбаев, Мәди Бәпиұлы секілді алаш арыстарымен тек туысқандық қана байланыста емес, идеялас, рухани жақындықта болғандығы да рас. Мұны ел ішіндегі біршама аңыз әңгімелер де айғақтайды.
– 1988-89 жылдары Егіндібұлақ аудандық «Ленин туы» газетіне 50 жыл болып еді. Осы мерейтой кезеңінде ертеректе шыққан газет-материалдарын қайтадан жаңғыртып беріп отырды. Сол кезде атамыз Тақыр туралы мынандай деректер кездесті.
… Бірде Едірей өңірінде малға шапқан жабайы қабандар жайлы ел ішінде үрей тудырарлық әңгімелер көбейіпті. Осыған орай Тақыр атамыз қасына бір жолдасын ертіп қабандарды аулауға шығады. Діттеген жерге жеткенде бір қабанға жақындап барып, атып түсіреді. Бірақ та оқ жанамалап тиеді. Сонан жарақат алған ызалы қабан әлгі екеуіне қарсы шапқан. Осы сәтте Тақыр атамыз сол қабанның қолтығының астынан пышағын сұғып үлгерген. Жанталасқан жыртқыш атамыздың қолын тістеп алыпты (Сол тісінің ізі тыртық болып қалып қойған…).
Қабанды құлатқаннан кейін оны далаға құр тастап кетпей, ұқсатып, жақсылап сойып алады да ел орталығы Егіндібұлаққа алып келеді. Сол кезеңде Егіндібұлақта аурухана салынып жатқан екен. Ол құрылысты басқа ұлт өкілдері, славян тектес халықтың адамдары салған. Соларға қабанның етін өткізіп, алған ақшасына ауылға керек-ті тамақ, басқа да қажетті құрал-сайман сатып алып, ел игілігіне жұмсаған екен.
Бұл деректерді айтқан, жазған адамдар ол кісінің көзін көрген, қатар ғұмыр кешкен замандастары.
Онан кейін сол Егіңдібұлақ аймағына белгілі шежіреші қарт Қожахмет Нұрғалиевтің естелігінде айтылғандай, 1930 жылдары ашаршылық басталған кезде Тақыр Нұрғалиев сол өңірдегі көптеген адамдарды бастап Ресейдің Новосібір облысына барып, артель құрып, колхоз ашып, Қазақстаннан барған қаншама адамды аштықтан құтқарып қалған екен… (Болашақ ұрпақтары сол жердің архивтерін ақтарып, осынау тарихты жазса екен дейміз).
1934-35 жылдары ашаршылықтан кейін елге оралып, Едірей өңірінде егін салып, аштықтан қалған елдің әл-ауқатын көтеруге, естерін жинатуға көп үлес қосқанын да бұрынғы ауыл қариялары айтып отыратын еді, – дейді бүгінгі ұрпақтары.
Халық даналығында «Өткенді білмей, бүгінді бағалай алмайсың. Ал бүгінді түсінбей, ертеңге бара алмайсың» дейтін аталы сөз бар. Ендеше, Тақыр Нұрғалиев секілді аталарымыздың өткен жолын, кешкен ғұмырын, ерекше батырлығын, оқығандығын, ұйымдастырушылық қабілетінің зор болғанын кейінгі толқынға жеткізіп жатсақ – олардың рухы разы болар!.
Осындай қысқа ғұмырында Тақыр атамыз өзінің жары Жәкім Оралбайқызы шешемізбен Рахметай, Күлшән, Сәукен, Хамит, Уахит есімді бес баланы өмірге әкелген. Үлкен баласы Рахметай – әкесі майданға шақырылған кезде сол колхозда есепші болған, кейін колхоздар совхозға айналғанда бухгалтерлік қызмет істеген. Өзінің әділдігімен, турашылдығымен көпшілікке жаққандықтан ел ішінде «Біздің Рахаң» деп аталыпты. Онан кейінгі Күлшән есімді қыз баласы Теміртаудағы алғашқы Қазақстан Магниткасын салуға атсалысқан. Құдай қосқан қосағы екеуі өмір бойы сол Теміртауда, сол зауытта қатар қызмет қылған. Үшінші қыз баласы Сәукен жұбайы Шашар екеуі ұзақ жылдар бойы жылқы бағып, ауылдағы мал шаруашылығының өсіп-өркендеуіне мол үлестерін қосқан екен. Мұнан кейінгі баласы Хамит совхозда көптеген жылдар шопыр болып, бала-шағасын өсіріп, ауыл шаруашылығын көтеру жолында еселі еңбек еткен. Ал кенжесі Уахит болса, аға-апаларының ізін жалғастырып, әуелі ауылда шопырлықтан бастап, кейін озат шопан болған. Өздері туып-өскен Арқалық елді мекеніне Тақыр ақсақалдың балалары да бір кісідей атсалысып, ауылдың өсіп-өркендеуіне, гүлдеп-көркею жолында ерен еңбек еткенін айта кеткен жөн. Қарашаңырақ, үлкен әулеттен шыққан осы балалардан тараған ұрпақтары да Егіндібұлақ аймағында өсіп-өнді. Бір қауым ел болды. Солардың бірнешеуі – кеше де, бүгін де әртүрлі салаларда маңызды да жауапты қызметтер атқарды, атқарып та жүр. Көпшілік ортасындағы басқа да ұрпақтары Отанымыздың байлығын арттыруға, елдің ырыс-дәулетін еселеуге өз үлестерін қосуда.
Құдайға шүкір, «Артында бар – оңалар!» деген осы.
Әлімжан Құтжанұлы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі