Қарағанды өңірінен сонау кеңес кезеңінде шыққан Райымқұл Есіркеев деген тума талант, дала академиясының шәкірті болған еді. Сол Райымқұл атамыздың кіндігінен тараған Қуаныш пен Мейрам атты екі ұлының екеуі де әке жолын қуып суретші болды. Бүгін біз сол Мейрам ағаның 75 жас мерейлі мерейтойына орай осы шағын мақаланы жарияламақпыз.
Шынайы талантты тану, бөлек дарын иесін дер кезінде бағалау қиын іс. Ол адамдар үшін өнер де бір, өмір де бір. Таланттар – өнерді өмірдің бір бөлшегі ретінде емес, өмірді өнердің бір бөлшегі ретінде көреді.
Қарағандылық суретші Мейрам Есіркеев 75 жасқа толып отыр. Мейрам Есіркеев жастайынан отбасында өнер нәрімен сусындап өсті, оның әкесі Райымқұл Қарағанды облысындағы қазақ ұлтынан шыққан тұңғыш суретші десек ағасы Қуаныш тек Қазақстанға ғана емес алыс жақын шет елдерге де танымал өзіндік мәнері бар өнер шебері, қазақ өнерінің жарқын жаршысы.
Мейрам Райымқұлұлы 1950 жылы 6 қарашада Қарағанды қаласында дүниеге келген. 1973 жылы Политехникалық институтты тәмамдаған. Арнайы көркемөнер саласында білім алмаса да, табиғат сыйлаған өнерін, дарынын еңбек, талап арқылы ұштастыра білген суретші, тіпті, бұл салада арнайы білімі болмаса да, өзіндік көзқарасы бар екенін дәлелдеген талантты суретші. Көбінесе ол натюрморт пен пейзаж салумен машықтанды. Суретші шығармасындағы негізгі тақырып, өзі кезінде жұмыс істеген балықшылар бригадасы, қазақтың кең сахарасы, айдынды Балқаш көлі атамекені Ақтоғай. Шебер оларды әр кезеңде, әр мезгілде: көктемде, күзде, жаздың аптап ыстық күнінде және бұлтты кеште бейнелейді. Ол сол табиғат көрінісін қаз-қалпында бейнелеуді алдына мақсат етіп қана қоймайды, туған жердің тамаша көрінісін киіз үймен, түйемен, атпен қоса бейнелеп, көркемдеп жазады. Оның туындыларының барлығы даламен үндесіп жатады. М.Есіркеевтің көлемі шағын туындыларының өзі монументалды болып келеді. Талантты суретші осындай шығармаларында алуан түрлі түспен көп мағыналы, «үлкен» формалы туындыны сомдап шығарады.
Өнер адамының мінезі де қызық қой. Мейрам ағай көп сөзді сүймейді, сұрағыңызға бір-ақ ауыз сөзбен жауап береді де қояды. Оның бір жақсы қасиеті – ішкі жан тебіренісі мен туған жерге деген сүйіспеншілігін қылқаламы арқылы алуан түрлі, алаулаған түстер арқылы жеткізе білуі. Шығармалары көп мағыналы әрі мазмұнды. Оның қылқаламынан туған көркем дүниелер табиғилығымен әрі шынайылығымен тартымды. Әкесі (Райымқұл марқұм) Ақтоғай өңірінің тумасы болғандықтан, Мейрам ата-баба жеріне арнап «Ақтоғай», «Тоқырауын толқыны», «Балқаш», «Балқаш балықшылары» атты еңбектері осы өңірлердегі өмірмен өзектес. Суретшінің қайбір туындысы болмасын айтайын деген негізгі ойының түйінділігін сездіреді. Бояу – суретшінің дүниетанымы мен өмір сүру салтынан ғана емес, жалпы тағдырынан ақпарат жеткізетін алғашқы құрал.
Жалпы ол жазған картиналардың мән-мазмұны бояулардың бәрінен басымдау байқалатын күн сәулесінің жарқылы, қызғылт, сары түстер аша түскендей. Композицияның осылай құрылуының өзі әнмен басталатын сияқты да, күн нұрына бөленген жер, Өз Отаныңның ашық аспан аясында алаңсыз өмір сүріп жатқанын, қарапайым ауыл тіршілігін көз алдыңа әкеледі. Суретшінің жеке тұлға ретіндегі қуанышын, ренішін, өкінішін, бір сөзбен айтқанда, әртүрлі көңіл-күйін бояудың түсі анықтайды.
Шебердің шығармашылығының негізгі арқауына айналған қазақ даласының тыныс-тіршілігі – оның туындыларының басты тақырыбы ғана емес, шынайы шеберлікпен салынған көркем суреттердің құндылығы.
Мерейтой иесіне зор денсаулық, сарқылмас шабыт тілейміз. Әлі де қаламыңыз мұқалмасын, ұштала берсін, жазарыңыз көп болсын демекпіз. М.Есіркеевтің қылқаламынан шыққан сиқырлы туындылары біздің музей қорында сақтаулы.
Пайдаланылған суреттер суретшінің Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің қорындағы «Ақтоғай», «Балқаш жағасында», «Қыстақ» «Балқаштағы көктем» деп аталатын туындылары.
Мейрамгүл ЕЛУБАЕВА,
Мәдениет саласының үздігі,
Қарағанды облыстық
бейнелеу өнері музейі
басшысының орынбасары
