«Террикон алқабы» ІТ-хабында Н. В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық кітапханасымен ынтымақтастықта өткен HackTheBookShelf хакатонының қорытындысы шығарылды. Жаңадан бастаған және тәжірибелі әзірлеушілер үш күн ішінде кітапхана үшін цифрлық өнімнің прототипін жасауы керек еді.
Таңдауға екі кейс ұсынылды – онлайн платформа және мобильді қосымша. Жобаларға функционалдылық, ыңғайлылық, интерактивтілік және кітапхана қызметтерімен интеграция жасау секілді негізгі талап қойылды.
Байқауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 65 айти-ұжымы қатысты. Финалға 30 команда шықты. Кейстердің әрқайсысында қазылар алқасы ақшалай сертификаттар алған ең жақсы екі қатысушыны таңдады. Гран-при Семейден келген үш әзірлеушіден құралған командаға бұйырды. Олар онлайн платформа мен қосымша әзірледі.
– Хакатонды кітапханамыздың 90 жылдығына орай өткіздік. Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және мұрағаттар басқармасына ұсыныспен шықтық, ал олар өз кезегінде бізді қолдады. Біз онлайн қызметтер спектрін жақсартып, кеңейтіп, жастар аудиториясы үшін кітапхананың тартымдылығын арттырғымыз келді. Соңғы нәтижеге өте ризамыз. Бұл біз үшін ғана емес, айти мамандары үшін де пайдалы тәжірибе болды. Олардың көпшілігі ешқашан кітапханалармен жұмыс істемеген. Ақтөбеден келген команда тіпті жергілікті кітапханадан кеңес сұрағанын білемін. Біздің тәжірибемізді әріптестер қабылдайды деп үміттенемін, – дейді Н. В. Гоголь атындағы кітапхана басшысы Айнұр Шаймұханбетова.
Гран-приді тапсыру 18 қыркүйекте Достық үйінде өтеді. Болашақта Семейден келген команда өз өнімдерін пысықтап, оларды кітапхана жұмысына енгізетін болады.