Тіл – татулық тірегі

Қарағандыдағы Достық үйінде «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» облыстық форумы өтіп, онда мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлін нақты мысалдар, кәсіби тәжірибе және қатысушылардың жеке оқиғалары арқылы нығайту жолдары қаралды.

Меймандар назарына кіреберісте этномәдени алаң ұсынылды: киіз бұйымдарының көрмесі мен текемет жасаудың шеберлік сабағы ұйымдастырылды.

Композиция екі ұлттық өрнектен, шаңырақ бейнесінен және «Тіл – татулық тірегі» идеясын айшықтайтын адам мүсіндерінен құралды. Шеберлік сабағында дайындалған текемет Достық үйінің мұражайына тапсырылды.

«Ісмер» клубының жетекшісі Перизат Құлымбетова қолөнердің тіл мен дәстүрді сақтау ісіндегі маңызын атап өтті.

– Қолмен жасалған әрбір бұйым – ұрпақтық мәдени мұраны да, тілге деген құрметті де сақтайтын рухани көпір, – деді ол.

Білімі бойынша заңгер Раушан Адақова үшін сәндік-қолданбалы өнер өзін басқа қырынан ашудың жаңа арнасына айналып, мәдени тамырдың мәнін тереңірек түсінуге себеп болған.

Форумда сөз алған Қарағанды облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов жас мамандардың кәсіби қызметте қазақ тілін саналы түрде жиі қолдана бастағанын айтты.

– Инженерлер, дәрігерлер, кәсіпкерлер мен студенттердің қазақ тіліне бет бұруы жиілеп келеді. Түрлі этнос өкілдері арасында да ол отбасыішілік қарым-қатынастың тіліне айналып барады, – деді Нұрлан Бикенов.

Форум қатысушылары тілдік коуч, LINGVA TEN мектебінің негізін қалаушы Владислав Теннің баяндамасына ерекше көңіл аударды. Қазақстанға волонтёр болып келіп, ол қазақ тілін тәжірибеге негізделген ерекше әдіспен үйрету жүйесін әзірлеп, жүздеген адамды оқытқан.

Саран қалалық білім бөлімінің әдіскері Ирина Девевье қазақ тілін оқытуды мектептің күнделікті білім беру процесіне енгізуге мүмкіндік беретін тәжірибелерді таныстырды.

Джиу-джитсу бойынша әлем чемпионы Милана Ковальчук қазақ тіліне деген қызығушылығы ешқандай сыртқы ықпалсыз, шынайы ішкі қажеттіліктен туғанын айтты.

– Халықаралық ареналарда ел намысын қорғағанда, тіл өзіңнің ішкі болмысыңның ажырамас бөлігіне айналады, – деді спортшы.

17-мектептің оқушысы Георгий Перетятько домбыра тарту ұлттық өнерді жаңа қырынан танып-білуіне жол ашқанын айтты.

Ал «Абай әлемі» байқауының жеңімпазы Елизавета Седышева Абай шығармашылығы классикалық әдебиетті тереңірек түсінуге ықпал еткенін жеткізді.

Дәрігер Саид Гусейнов қазақ тілін білу пациенттермен сенімді коммуникация орнатуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

– Адамға диагнозды оның түсінікті тілінде жеткізу әрдайым оңай әрі тиімді, – дейді ол.

QazTehna зауытының қызметкері Руслан Пегрусь: «Қазақстанда тұрған соң, мемлекеттік тілде сөйлеу – үйде де, жұмыста да – азаматтық жауапкершілік деп есептеймін», – деді.

Форум соңында мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосқан белсенділерге алғыс хаттар табысталды.

Әділ БЕК