Өткені – тарих, бүгіні – кемел

Музыка адам жанын тебірентетін, ерекше күй кештіретін, көңіл-күй сыйлайтын өзге әлем. Ол тап бір жәннат секілді. Өте әдемі әрі әуезді. Ол әлемге барғанда сен мол бақытқа кенелесің, өмірді басқалай сезінесің, дүниені басқа қырынан танисың. Бұл оқиғадан сен ерекше әсер аласың. Музыканың ерекшелігі сондай, ол кез-келген адамның жан-дүниесін, ішкі сұлулығын, жүрегін сезінуге көмектеседі. Ол арқылы біз адамның жүрегіндегі жылулықты, мейірімділікті сезіне аламыз. Музыка – осы  әлемдегі ең құдіретті, қасиетті ұғым. Біз оны құдіреттеу арқылы бойымызға жақсы қасиеттерді сіңіре аламыз.

Біздің бүгінгі басты кейіпкеріміз – бүкіл өмірін сол музыка әлеміне арнаған, сексеннің сеңгіріне шыққан, дарынды музыкант, шертпе күйдің шебері, сазгер, Шет, Ақадыр өңірінің мәдениет саласына зор еңбегін сіңірген Бектұрсынов Қуанышбек Әділбекұлы.

Әкесі Әділбек Тәжікбайұлы жай ғана қарапайым еңбек адамы болған. Өмір бойы мал шаруашылығымен айналысып, төрт түліктің бәрін: жылқыны да, сиырды да, қой-ешкіні де бағып өсірген. Малдың тілін жақсы білген.

Малдың маманы бола тұра, қолы қалт еткенде қолына қазақтың киелі домбырасын алып, шертпе күйлерді бірінен соң бірін орындап отырған. Қос шегінің қоңыр үні шыққанда жанында отырған адамның жаны тебіреніп, ұйып тыңдайды екен. Әкесі халық күйлері «Қосбасар», «Нариген», «Бозайғыр», Аққыздың, Әбдидің, Шернияздың күйлерін, Тәттімбеттің «Сылқылдақ», «Көкейкесті» күйлерін аса шеберлікпен тарта білген.

Әкесі Әділбектен басқа Бектұрсын, Сәтбек, Кенжебек есімді ағайындары болған. Олардың ішінде хат танитыны Бектұрсын ғана болған екен. Ауылнай болып қызмет етіп жүргенінде жоғарыдағы басшылары Қарқаралы қаласына іс-сапармен шақырады. Сол кеткеннен із-түссіз жоғалып, хабар-ошарсыз кетеді. Артынан ерген тұяқ қалмаған соң бауыры Әділбек Қуанышбек баласына есімі ұмытылмасын деп ағасы Бектұрсынның тегін береді.

Қуанышбек Әділбекұлының анасы Айымхан Тарақты елінің қызы. Мінезі жайдарлы, ешуақытта ашулануды білмейтін, біртоға адам болған. Жалғыз баласына бүкіл мейірімін төгіп, өле-өлгенше айналып өткен. Спасскі қалашығының бір асханасында аспаздың көмекшісі жұмысын атқарып жүргенде әртүрлі тағамдарды дайындауды үйренеді. Ол кезде ауылдың адамдары тек ұлттық тағамдарымызды дайындағаны белгілі. Ал мұнда ол кісі басқа ұлттық тағамдар – борщ, котлет, манты, тұшпараны, тағы басқаларын иісін бұрқыратып тұрып дайындайды екен.

Қуанышбек ағамызға сұрақ қойғанымда, балалық шағы жайында былай деп суреттеп берді: «Менің балалық шағым Аққойтас атты жерде өтті. Табиғатының  сұлулығын ауызбен жеткізе алмайсың. Аққойтас пен Қарақойтас тауларының ортасынан Қаратал өзені ағып өтіп, әрі қарай Жәмшіге құяды. Тау болғанда биік, Ортаудың таулары олардан аласа. Суының тазалығы мен мөлдірлігін айтпай-ақ қояйын! Тау-тастың арасы жасыл желекке оранып, ну тоғайға айналған. Тау сілемдерінің ортасында қара тал да, арша да, тобылғы да, үйеңкі (акация) де өседі. Аң-құстардан арқар, түлкі, қоян, шіл мен құр жиі кездеседі. Балалардың басы қосылса тауға шығамыз, ыстық күндері суға түсіп рахаттанамыз. Орманға кіріп кетіп қарақат, бүлдірген, итмұрын тереміз. Жазық далада сарымсақ көп кездеседі. Оны да жинап алып, ата-анамызға жеткіземіз.

Көктем-жаз айларында ләңгі, асықтан үштабан, омпа, шеңбер түрлерін ойнаймыз, доп тебеміз, кеш батқанда қыз-ұлдар араласып алтыбақаннан түспейміз. Ал енді қыстың қақаған аязы болса да өзенге барып, қардан тазалап мұз айдынын жасаймыз. Екі бетіміз қып-қызыл болып хоккейдің, сырғанақ тебудің қызығына батамыз. Одан қалды «Қадамақ» деген ойынымыз тағы бар. Қарға қадаған таяқтарды ұрып құлату әрекеті біз үшін соншалықты қызық көрінетін.

Міне, осындай тәтті балалық шағымды жиі еске алып отырамын», – деп әңгімесін аяқтады.

Қуанышбек ағамыз мектепке кеш, сегіз жасында барған. Анасы «тым ерте барсаң миың ашып кетеді» деп жібермей қойған екен. Калинин жетіжылдық мектебінде дені ер адамдар ұстаздық еткен. Тәртіпті қатал ұстаған. Сабақты оқымағанға қатаң жаза қолданған. Сол себептен балалар білім алуға бар ынта-жігерін салуға тырысқан. Мұғалімдер ішінде аса белсенді Ахметжанов Сәкібай деген болыпты. Ол кездегі ұстаздардың көбінде жоғары білім жоқ, ал Сәкібай ұстаз болса Қарағанды қаласының педагогикалық институтын бітірген. Жоғары білімі бар. Оның үстіне спортпен шұғылданған, жүгіруден екінші разрядты спортшы. Өзі математикадан сабақ бере тұра, мектеп ішінде мәдени-спорттық шараларын іске асыруда алдына жан салмаған. Өнерлі, спортшы балаларды ауданға да, қалаға да сол апарып жүрген.

Ағамыз мектеп қабырғасында жүргенде сабақ оқудан басқа домбырамен ән айтумен әуестенеді. Ақан серінің «Әудем жер», «Майдақоңыр», Шегенің термелерін, Әбілахат Еспаевтың «Туған жер» әнін, тағы басқаларын нақышына келтіріп орындап жүреді. Сол кездерде күй тарту өнері де пайда бола бастайды. Әкесі төрге отырып алып күйлерін орындағанда ұйып тыңдап отырады екен. Ол кеткен бетте соңынан домбыраны қолға алып, жаңағы әкесі орындаған әуендерді ойында қалған түрінде қайталап жүрген. Қазақта «құймақұлақ» деп осындай дарыны бар балаларды айтқан шығар?

Онымен қоса радиодан орындалатын күйлер тағы бар. Ол жерден де біраз нәрсе үйренеді. Ал енді үйдегі патефонның пайдасы бәрінен де асып түскен. Өйткені оны тоқтатып, қайта жүргізіп қай күйді болсын үйрене бересің. Сол кезден бастап Қуанышбек ағамыз бірте-бірте кәдімгідей күйші болып қалыптаса бастағаны анық.

Жетіжылдық мектепті тәмамдаған соң 8-9 сыныптарды аудан орталығы Ақтоғай ауылында оқиды.

Оқуын бітірген соң мектеп түлегі ауылға барып бір жыл өгіз малын бағады. Ол кезде Қарғалы елді мекені Балқаш кен-байыту комбинатының қосалқы шаруашылығы болған. Өндірілген ет пен сүтті қаладағы, комбинатқа қарасты рудниктердегі кеншілердің дастархандарына жіберіп отырған.

1964 жылы апа-жезделері Нұракүл-Қамен ағамызды әке-анасымен Шет ауданының құрамындағы «Путь к коммунизму» (қазіргі Ақбауыр ауылы) кеңшарына көшіріп алады. Ауыл клубының меңгерушісі болып жұмысқа қабылданады.

Кішкене болса да музыка саласында тәжірибе жинаған ағамыз Қарағанды қаласына барып, музыкалық училищеге оқуға түсуге бел буады. Ол арманы орындалады да. Училищенің оқытушысы Ермусин Жәнібектің домбыра класында оқиды. Ұстазының айтарлықтай атағы болмаса да, есімдері жер жарған шәкірттерін дайындаған. Оның қол астынан кейін үш бірдей Қазақстан еліне еңбегін сіңірген қайраткері, бір академик шыққан. Бірнеше шәкірті Алматы қаласындағы консерваторияны бітіріп, оқыған училищелеріне (қазіргі кезде музыкалық колледж) қайтып келіп, ұзақ жылдар бойы ұстаздық еткен күй өнерінің үлкен майталмандарына айналған.

Дипломын қолына алған жас маман арнайы жолдамамен Жаңаарқа ауданының музыкалық мектебіне жіберіледі. Әбден күйшілік өнерін бойына сіңірген жас маман енді өзі сабақ беріп, шәкірттерін тәрбиелей бастайды. Осы жерде өмірлік жары болған Қалимаш жеңгемізді кездестіреді.

Алайда, Қуанышбек Әділбекұлы бұл жерде көп тұрақтамайды. Жасы әжептәуірге келген әкесінің денсаулығы сыр бере бастайды. Ол кездері егде тартқан адамдар шалғай жерде жүрсе де өзінің туған жеріне, өңіріне қайтып келуді арман тұтатын. Елге келіп, сол жердің топырағы бұйырсын деп мақсат қойып жүрген. Әкесінің тілегін екі етпейтін жалғыз ұлы Жаңаарқадағы жұмысын тастап, әке-анасын елге көшіріп әкеледі. Қарғалы мектебіне музыка пәнінен сабақ бере бастайды.

Ақыры бастау алған дерті өзінің дегеніне жетіп, көп ұзамай әкесі дүние салады. Оны ағайын болып, ауылдастары болып туған жеріне арулап қояды.

Уақыт өте Қуанышбек ағамыз қонысын да, жұмысын да ауыстырады. Ақшатау кентіне көшіп барып, С.Киров атындағы мектепке музыка жетекшісі болып жұмысқа орналасады. Жастың аты жас, олардың әрбірінің күш-қуаты бір адамнан асып жығылатыны белгілі. Осы кезде ол мектептен басқа кенттегі Мәдениет және Пионерлер үйлерінде де, екі балабақшада да музыкадан сабақ берумен белсене айналысады. Өзінің жеке бастамасымен елді мекеннің үлкендері болсын, мектеп оқушылары болсын бастарын біріктіріп халық аспаптары оркестрін құрады. Құрамында домбырашылар, прима және аккордеонда ойнайтын көркемөнерпаздар болады.

Қай жерде болсын жұмысын жақсы жолға қоя білген музыка маманы Ақшатау кентінде жаңадан ашылған музыка мектебінің директоры болып тағайындалады. Кеншілер кентінде ұйымдастырушылық қабілетімен өзін жақсы жағынан көрсетіп жүрген Қуанышбек Әділбекұлын жиі іс-сапарға келіп жүретін Ақадыр аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Колбасин Иван Андреевич байқап қалады. Көп ұзамай оған аудандық мәдениет бөлімін басқаруға ұсыныс беріледі. Бұл 1980 жыл болатын.

Үлкен қызмет, үлкен өңір, аудан орталығынан 150-200 шақырымда орналасқан ауыл, кенттер. Жезқазған облысындағы ең ірі аудан. Жүрексінсе де, жұмыстан қашып қөрмеген ағамыз ұсынысты қабылдайды.

Сол кездегі жұмысын Қуанышбек Әділбекұлы былайша суреттейді: «Ауданның мәдениет бөлімін қабылдап алғанымда автокөліктер шаруашылығында он шақты ғана көлік болса, оның бірде-біреуі жүрмейді екен. Менің білетінім аудан басшылары солардың жұмысын бірінші сұрайды. Өйткені, шалғайда жатқан ауыл, бөлімше, қыстақ, жайлаудағы қойшыларға, малшыларға, жылқыдағы қостарға, малға пішен дайындайтын, егін оратын механизаторлар мен комбайнерларға осы автоклубтар арқылы үгіт-насихат, медициналық, мәдени, тағы басқа көмектер көрсету керек. Мен облыстық мәдениет басқармасымен, кеңшар (совхоз) директорларымен тікелей жұмыс жасап, бірлесе қосалқы бөлшектерге қаражат тауып бүкіл көліктерді жүргіздік. Жүргізушілердің еңбекақысын көтеруге, басқа да керекті санат бірліктерінің ашылуына күш салдым. Нәтижесінде 10 көліктің орнына 14 автоклуб толыққанды жұмысын жүргізіп кетті.

Екінші мәселе аудан бойынша мәдени ұйымдардың жұмысын үйлестіру мәселесі болды. Аудан орталығында өзіндік санат бірліктері бар түрлі ведомстволық теміржолшылардың, геологтардың, локомотив депосының, ПМК құрылыс мекемелерінің клубтары, НГЧ, автобаза мекемелерінің «қызыл бұрыштары» бар болып шықты. Бірақ, бұлардың барлығы өз бетінше жұмыс істейді екен. Белгілі бір жүйелі жұмыстары жоқ. Аупартком, ауатком жиналыстарына бара қалсам бірігіп үйлестіру жұмыстарын жасамайсың  деп үнемі маған ескерту беріп жатқаны. Бір күні жаңағы аталған мекемелердің басшыларын өзіме шақырып, банкет ұйымдастырдым. Бәріміз ортақ мәмілеге  келіп, қандай жұмыс болсын, шешілмей жатқан мәселелерді орындауда бірігіп, бір жұмылдырық болып жұмыс жасаймыз деп келіскеніміз бар. Онымыз кейін өз жемісін беріп те жатты.

Материалдық базамызды нығайту шараларын жүргізу алдында бүкіл ауыл, кенттерінің мәдениет ошақтарын аралап шықтым. Әр жердің басшылары мен өнерпаздарының қабілеттерін, мүмкіншіліктерін байқадым. Содан кейін біртіндеп Ақшатау, Босаға, Ортау ауылдарына эстрадалық аспаптарды, Ортау, Киік, т.б ауылдарға домбыра, қобыз, прима, баян аспаптарын, сахналық киімдерін алғызып бердім. Кейін бұл елді мекендерде вокалдық-инструменталдық ансамбльдер мен халық аспаптары оркестрлері құрылды.

Мәдениет бөлімінің құрамында аудандық кітапхана жүйесі болды. Бірінші басшысын шақырып алып, оған алдымен дербестік бердім. Бүкіл жұмыс мәселерін өзі шеше беретін болды. Тек кадрларды жұмысқа алғанда өзі таңдап, маған жай ғана таныстырып отырады. Директорының астына арнайы қызметтік көлікті де бөліп бердім. Осы берген дербестігімнің арқасында аудандық кітапхана облыстың рейтінгісі бойынша бірінші орыннан көрініп жүрді.

Өнер жағына келсек, менің басшылық жасаған уақытымда ауданда алғаш рет «Ақадыр әуендері» фольклорлық ансамблі құрылып республикаға танымал ұжым болды. Жекелеген өнерпаздарымыз облыс, республикамыздың байқауларында биіктерден көрініп жүрді. Айта берсем, жасаған жұмыстарымыз аз болған жоқ, – деп әңгімесін аяқтады.

Мәдениет бөлімінің басшысы еңбектен қол үзбей Шымкент қаласының педагогикалық мәдениет институтын «Мәдени-ағарту жұмысының ұйымдастырушысы және әдіскері мамандығы бойынша бітірді. Қарағанды қаласының С.Сейфуллин атындағы драма театрының жанындағы актерлік студияда оқып «актер» мамандығын да алады.

Ауданның мәдениет бөлімін он жыл бойы басқарған Қуанышбек ағамыз 1990 жылы музыка мектебінің директоры болып тағайындалады. Бірнеше музыкалық аспапта, атап айтқанда домбыра, прима, аккордеон, баянда ойнай да білетін, тілін де білетін маманға мектепті басқару қиынға соқпады. Бұл жерде де тасы өрге домалап, ұжымның ұстаздары арқасында шәкірттері халықаралық, республикалық, облыстық байқауларда биіктерден көрініп жүрді.

Қуанышбек ағамыздың еңбегі еленіп, әділ бағаланып келді. 1991 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталды. Халық шығармашылығының ІІ Бүкілодақтық фестивалінде лауреат атағын жеңіп алды. ҚР Мәдениет Министрінің Алғыс хатымен, Жезқазған, Қарағанды облыстық басқармаларының, Ақадыр, Шет аудандарының әкімдерінің Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен, бағалы және ақшалай сыйлықтарымен құрметтелген. «Шет ауданының білім саласына еңбегі сіңген Құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегері.

Музыка майталманы қолы босаған сәттерде шығармашылықпен де айналысып жүр. Жеке туындысы – «Япыр-ай»  деген әні 40 жыл бойы халық арасында айтылып келеді. Оған қоса эстрадамен орындалып жүрген «Қараша қыз», «Домбырам», «Шырайлым» әндерін, «Сағыныш» күйін қосып қойыңыз. Ал енді, өзінің орындауындағы қазақтың 20-дан астам күйлері Қазақ радиосының Алтын қорында сақталып, радиоэфирде, тіпті Қазақ теледидарының каналдарында жиі орындалады.

Қуанышбек Әділбекұлының өмірлік жұбайы Қалимаш Асқарқызы кезінде Ақадыр аудандық мемлекеттік сақтандыру саласында еңбек еткен. Аудан жабылған соң кәсіпкерлік нысанын ашып бүгінгі күнге дейін халыққа қызмет етіп келеді.

Ерлі-зайыптылар 4 бала тәрбиелеп өсірген.

Тұла бойы тұңғыштары Бақытгүл жоғары білімді филолог. Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінде орыс тілі және әдебиет пәндерінен сабақ береді. Жұбайы Қабылбай Рахметұлы аурухана мекемесінде ағаш шебері. Кемел есімді ұлдарының мамандығы байланысшы. Үйленген, сүйікті жары Жанзира Жанғалиқызы аспазшы мамандығын игерген. Екеуінің Эсмира, Айша, Замир есімді балалары бар.

Бақтияр есімді ұлдары Қарағанды қаласының «Болашақ» университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген. Ішкі істер саласында қызмет еткен, запастағы майор. Зайыбы Сағадат Ерғалықызы мектепке дейінгі білім беру саласының мұғалімі, кенттегі «Нұршуақ» балабақшасында әдіскер болып істейді. Алдияр ұлдары теміржолшы болса, Меруерт есімді қыздары химия маманы.

Әсел есімді қыздары ағылшын тілінің маманы. Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейде ұстаздық етеді. Жұбайы Досназар Едігеұлы электр мамандығыны иесі. Айжан, Ерғазы есімді балаларын тәрбиелеп өсірген. Айжан қыздары тұрмыс құрған, кенттегі өнер мектебінде хореографиядан сабақ береді. Жары Бағдат Нұрланұлы теміржол полиция бөлімшесінің басшысы. Әмірлан, Әлихан есімді балаларын тәрбиелеп отыр.

Отбасының кенжесі Мейіргүл Алматы қаласындағы Қыздар педагогикалық институтында оқыған, хореография және балет әртісі мамандықтарының иесі. Кенттегі М.Мәметова атындағы мектебі мен өнер мектебінде мамандығы бойынша еңбек етеді.  Әлихан, Медина есімді балалары бар.

Бүгін біз мәдениет саласында еселі еңбек етіп, үздік нәтижелерге қол жеткізген кейіпкеріміздің өткені – тарих, бүгіні – кемелге айналған  Бектұрсынов Қуанышбек Әділбекұлының өмір жолын баяндап шықтық. Өзі 80-ге, жұбайы Қалимаш Асқарқызы 75-ке келіп, 1 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсіріп, жеті немере, бес шөбере сүйіп отырған бақытты отбасына ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, әулетіне бақ-береке тілейік. Ағамыз әлде болса өнерден қол үзбейтініне сенімдіміз.

  Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті