Тоқтау болған тоқал

Әскери адам болған­дық­тан ер жасы елуге келмей-ақ зейнеткерлікке шыққанмын.
Ерте тұру еттен өтіп, сүйекке сіңгендіктен, тауық шақырмай тұрып кетіп, таза ауада өзімше олай-бұлай ойқастаймын. Яғни жүгіремін, керілемін, созыламын, бір сөзбен – спортпен шұғылданамын.

Кемпірдің күрең шайын сораптап отырып:

– Ауланы сыпырып тазартуды спорттың бір құрамына кіргіздім. Сыпыртқымен олай да, бұлай да бұлғақтағаннан буын-буыным босап, бұлшық еттерім қатайып, тізе тілерсегім созылып-тартылып жан кіреді, – деп қалғаным бар.

Ертесінде кемпір:

– Үйдегі қоқыс атаулыны буып-түйіп, арғы көшедегі жәшікке лақтыра сал. Білген адамға ол да спорттың құрамына кіреді… Буып-түйіп жатып қимыл-қозғалыстың небір түрін жасайсың. Еңкейесің, шалқаясың, аласың, саласың, кемі он киледей кәкүр-шүкірді анау жерге апарып лақтырудың өзі неге тұрады, – деді.

«Қатының ақылды болса – өз ақылың қалтаңда қалады» демекші, ақылға келіп, «жөн сөзге» тоқтап, ертеңгілік кәкүр-шүкірді жиып-теріп ала кететін болдым.

Бірде кемпір:

– Ауланы сыпырғаның жөн-ақ, естуімше – қос қолды ілгері соза еңкейіп барып кері қайтқан қимыл-қозғалыс нағыз спорт дейді… Сенен басқамыз шырт ұйқыда, кедергі келтірер пенде болмайды – шаңсорғышпен мына дағарадай үйдің ішін сыпырып, сиыр жалағандай ете салсаң… – деді.

Тағы бірде үйдегі кісі:

– Үйдің ішін сыпырып, сиыр жалағандай еткен шалымнан айналдым, – деп алып, – базарға барып келсек. Жүк көтергеннен айналысып жүрген спортыңның нәтижесі білінеді… – деп тоқетерін айтты.

Келесіде кемпір немерені киіндіріп, бірін жетектетіп, бірін арқама алдыртып: – «Біле білсең бұл парызың әрі спорттың сүбелісі» деп балабақшаға аттандырып кеп жіберді.

Несін айтайын, кемпірдің таңып берген осы секілді тағы да төрт-бес «спорт түрін» арқалаймын деп, таңның атысы, күннің батысы тепең-тепеңмен кешке қарай кескен теректей құлаймын кеп.

Өстіп құлап жатып бірде кемпірге: «Спорттың төресі тоқал алған еркекте болады екен…» деп, айда кеп ана тоқалы барлардың айтқан «ақыл» кеңесін ағыл-тегіл ағыттым келіп. Ара-арасында жорналда жарияланған «Тоқал алудың тоғыз пайдасы» атты мақаладан үзінді де оқып бердім.

…Тоқтаусыз сөйлеп түн асырып ұйықтағандікі ме, ертесінде: «Тұр-ей, тоқал алғыш!» деген кемпірдің зілді сөзінен кірпік ашсам, мәссаған, күн тас төбеге келіпті…

Сыртқа шықсам, аула да, дала да тап-тұйнақтай… Немерелер де балабақшасына әлдеқашан кетіп қалыпты… Кемпірдің де базарға бір өзі барып келген беті екен…

Сөйтіп, зейнеткерлікке шыққалы бері алғаш рет ерте тұра алмай есеңгіреп, кемпір де «спортың жайына қалды ғой» дей алмай, үнсіз күрең шайын ұсынып, мен де түндегі «Тоқтау болған тоқал» әңгімеме риза кейіппен «тоқалға тоқтау жасап», тымпи ойнап отырмын.

Берік САДЫР

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *