Тоғызқұмалақшыларымыздың жеңісі

ЮНЕСКО-ның адамзаттық материалдық емес мәдени мұралары тізіміне енген тоғызқұмалақ ойыны жылдан-жылға әлемге кең тарап, даму алу үстінде. Тоғызқұмалақ ойыны ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, зияткерлік ойын мәдениетін дамыту, әр елдің мәдениеті арасындағы байланысты нығайту және түркі халықтары арасындағы бірлікті арттыру мақсатында ұйымдастырылуда.

Өткен 2025 жылдың соңғы күндері Түркия елінің Анкара қаласында Ауғанстан, Қазақстан, Моңғолия, Бангладеш, Әзербайжан, Түрікменстан, Тәжікстан, Ресей, Өзбекстан, Қазақстан және жарыс иелері Түркия елдерінің спортшылары тоғызқұмалақ, овари, бестемше және мангала ойындары түрлерінен Азия кубогын сарапқа салудан турнир өткізілді. Ойындардың әр түрінен қатысқан спортшылардың саны 100-ден кем болмады.

Аталған турнирдің өтуіне Синжан ауданының әкімі Левент Қылыш, муниципалитеттің мэрі Мұрат Ержан және аудандық білім басқармасының басшысы Алижан Қылыш өздерінің зор қолдауларын көрсетті. Жарыстың ашылу салтанатына ауданның басшыларымен қатар Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Қауымдастығының бас хатшысы Махсат Шотаев қатысты.

Осындай үлкен бәсекеге қатысқан жерлестеріміз Қожанәсіп Асылхан тоғызқұмалақтың Блиц түрінен чемпион атанса, Қожанәсіп Аңсаған Классика түрінен жеңімпаз болды. Сонымен қатар, Аңсаған Батыс Африка ойыны овариден де алдына жан салмай, Азия кубогына ие болды.

Жерлестерімізді жеңістерімен құттықтап, алдағы уақытта да сәттілік пен жаңа белестерді бағындыруларына тілектес болайық!

 Қ.БЕКҚОЖИН,

Ақадыр кенті