Азаматтық қоғамның алғышарты қоғам көшінің түзелуі, әрбір іс пен келелі жиын қоғамдық дамудың тетік көзіне айналуды көздейтінін ескерген жөн. Өйтпеген жағдайда ел ішінде жүйесіздік орын алып, әркім өз бетінше білгенін істеп, ортақ құндылықтар аяқасты болуы мүмкін. Осыны ескерген қарағандылық қоғамдық ұйым жетекшілері халық пен атқарушы билік арасында дәнекер болып, қаншама мәселені қолға алып, халық дамуын дұрыс жолға бағыттап жатқанын білеміз. Мәселен, Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бекзат Алтынбеков биылғы 14 наурызда Көкшетауда өткен Ұлттық құрылтайда елдегі діни ахуал, қаралы жиындарды өткізу мәдениеті және той өткізу саласындағы кемшіліктер жайлы мәселе көтерді. Әсіресе, хиджаб мәселесі, жат ағымдар, қаралы жиындарды саясиландыру, асаба мәдениетінің төмендеуі, той өткізу дәстүрінің бұзылуы сынды тақырыптарға ерекше тоқталды.
Асабалар бетімен кетті, той мәдениетін түзеу керек
Қазақ халқы үшін той – ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ерекше дәстүр. Алайда бүгінде той өткізу мәдениеті өзгеріске ұшырап, кейбір асабалардың шектен тыс еркіндігі қоғамда теріс пікір қалыптастырып отыр.
«Бүгінде асабалар мәдениеті жоғалып барады. Той жүргізушілердің арасында арзан әзіл айтып, қонақтарды ыңғайсыз жағдайға қалдыратындар бар. Кейбір тойларда шариғатқа қайшы іс-әрекеттер де орын алып жатады. Біз осыны реттеуіміз керек. Қазақтың тойы – тәрбие мен мәдениеттің ошағы болуы тиіс. Сондықтан той өткізу мәдениетін жүйелейтін уақыт келді» – деді Алтынбеков.
Бекзат Алтынбеков асабалардың жұмысына жауапкершілік жүктеу қажеттігін айтады. Оның айтуынша, той ұйымдастыруға белгілі бір ережелер енгізіліп, асаба болуға қойылатын талаптар белгіленуі тиіс.
Қаралы жиындар саясиланып кетті
Бекзат Алтынбековтің айтуынша, соңғы уақытта қоғамда қаралы жиындарды белгілі бір саяси мүдделер үшін пайдалану үрдісі байқалып отыр. Кейбір топ марқұмның беделін пайдаланып, қаралы жиынды саяси насихат алаңына айналдырып жіберуде. Бұл үрдіс, оның пікірінше, қарапайым халықтың қайғысын өз мақсатында пайдалануға әкеліп, жалпы қоғамдағы тұрақтылыққа кері әсер етуі мүмкін.
«Қазақтың дәстүрінде қаралы жиын – аза тұтуға, марқұмның өмірден өткенін еске алуға арналған. Бірақ соңғы кезде мұндай жиындарда түрлі саяси ұрандар айтылып, қаралы үйдің қайғысын ескерместен, басқа мақсаттарды көздейтіндер көбейіп кетті. Бұл – дұрыс емес. Біз қаралы жиындардың өткізілу тәртібін реттеуіміз керек» – дейді Бекзат Алтынбеков.
Осы ретте, Ардагерлер ұйымы мен Ақсақалдар кеңесінің қаралы жиындарды өткізу ережесін әзірлеу бастамасын көтеріп отырғанын атап өтті. Мұндай жиындарды өткізуге қатысты мәдени нормалар мен ортақ ережелер бекітілуі қажет.
Хиджаб мәселесі мен жат ағымдар
Қазіргі таңда елімізде діни киім кию мәселесі жиі талқыланады. Әсіресе, мектептердегі орамал тағу мен жастардың жат ағымдарға кетуі қоғамның өзекті мәселесіне айналып отыр.
«Жастарымыз жат ағымдардың жетегінде кетіп жатыр. Бұл – үлкен қауіп. Сондықтан еліміздегі медреселердегі білім сапасын күшейтіп, діни ағартушылық жұмыстарын жүйелеу қажет. Мемлекет діни оқу орындарын қатаң бақылауға алып, білім беру стандарттарын жетілдіруі тиіс» – дейді Алтынбеков.
Сондай-ақ кейбір мешіт пен діни оқу орындарының қаржыландыру көздері ашық болуын талап ету керек екенін айтты. Бұл – елімізде діннің мемлекет саясатына қарсы құрал ретінде қолданылуына жол бермеу үшін жасалатын маңызды қадам.
Этикалық ереже керек
Ең басты мәселе де осыған келіп тіреледі. Этикалық ереже қабылдап, ортақ құндылықтарға бағынғанның еш айыбы жоқ. Бауыржан Момышұлының сөзі бар, «тәртіпке бағынған құл болмайды» деген. Демек, «Этикалық ереже қабылдау» кезек күттірмейтін мәселе. Мұны Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақсақалдар кеңесі, Ардагерлер ұйымы бастап қолға алып, қоғамның талқылауына ұсынса деген ниеттеміз.
Осы мәселе туралы:
«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев арнайы қатысқан IV Ұлттық құрылтай отырысында көтерілген мәселелер болашақтың бағыт-бағдарын айқындап берді.
Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелер үнемі ел назарынан тыс қалмаған олқылықтар мен сол кемшілікті түзету жолы айтылып, осының бәрі заң аясында шешімін табу керек деген тоқтамға келді. Жер жүзіндегі әр ұлттың өзінің менталитеті бар. Біздің ұлтымыздың ең асыл қасиеті ар мен ұятты бірінші кезекке қойып, ұлы Абай бабамыз айтқандай әдептен озбағанбыз. Ұлттық құрылтай мүшесі, жерлесіміз, атымтай-жомарт азаматымыз Бекзат Алтынбек көтерген кемшіліктер дер кезінде, өте орынды айтылған нағыз елге жанашырлық ой. Бүгінгі көп асабалар қазақтың той-думанын пысық қыламын деп, пұшық қылып жүргендері жасырын емес. Көріп те жүрміз, естіп те жүрміз. Жалпы тойға келетін халық өте көп, әрі жиі келетіні хақ. Сол халық тойдан өнеге алып, рухани байып қайту керек. Ал бізде ше? Тойды тізгіндеген асабасымақ аузына келгенді айтып, келген мейманды, жұртты келемеждеп, басқасын айтпағанда, өзінің ата-анасынан үш-төрт мүшел үлкен ақ жаулықты үлкен кісілерге бейәдеп әзілдер айтуы үлкенді сыйламағандығы. Тойдың сәні асаба қазақтың ата-салтын сақтай отырып, орамды ой мен ұтымды сөз айтып, сайқымазақтыққа көп жол бермеу керек деп есептеймін. Ел алдына шыққан соң өте ұстамды, салмақты сөз саптап, орынды әзіл айтып, ал жұртты күлкіге қарық қылам деп, өзі ұятқа қалмауы керек. Күлдірем деп, бүлдіріп алмауы қажет.
Ойымды қорытындылай келе, « құрылтайда қызу талқыланып, халқымыздың рухани-мәдени байлығын нығайтатын мәселелер шешімін тауып, жемісін берсін» дейді Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Ізтөлеу Түсіпов.
Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ