ТОПЫРАҚ. СӨЗ ҺӘМ ҚҰДАЙДЫ ІЗДЕУ

2009 жылдың көктемі болуы керек. Мұқағалидің туған күні. Мұқаш (Еркебұлан Елеусізұлы ғой, поэзиясы ұқсамаса да шаш үлгісі келетін) алдымыздан Төкіш шықты. Шындығында Жәлел Қуандықұлы. Айбергеновтің сипаты мен поэзиясын біршама танығандықтан, Жәлелдің Төлегенге ұқсағаны, жерлес болғаны үшін Төкіш деп кеттік… Арада 17 жыл өтті. Әрқайсымыз өз орнымызды тапқандаймыз. Мұқаш – кітапханада, Жәлел екеуміз журналистика саласында. Барлығымыздың тұңғыш жыр жинағымыз шығып үлгерді. Ал биыл Жәлел Қуандықұлының мемлекеттік тапсырыс бойынша «Алма гүлінің иісі…» атты кітабы жарық көрді. Осынау уақытқа дейін міне оның поэзиясы жайлы баспасөз бетінде өз пікірімді білдіретін уақыт жеткен секілді. Сонымен кеттік.

«Алма гүлінің иісі…» – паралелль әлемдер өмір сүретін тұңғиық сыр мен жұмбақ жатқан тереңдік. «Құмдауыт» (Жәлелдің тұңғыш жинағы) – сол тереңдікке бастар баспалдақ. Поэзияға жан «Ләззат»-ымен ғашық болып, «құмдауыт қыраттардан» «қара көсеу құдіретін бақылап», «ойық та кетік, өзінің тағдыры сияқты» «47-автобуспен» жетті. «47-автобус» – бағдардан бөлек, жоғарыда айтқан әлемге енгізер көпір еді.

Оның поэзиясындағы туған жер, топырақ, сағым, сағыныш, жер атаулары – жай ғана мекен емес, меніңше бір ғаламшар. Ал мен Жәлел Қуандықұлының әлемінен үш бірдей ғаламшар таптым. ТОПЫРАҚ, СӨЗ және «ҚҰДАЙДЫ ІЗДЕУ» тармағы. Тарқатайық.

 

ТОПЫРАҚ

Жәлелде ауыл, қала сипаттары да көп кездеседі. «Дала, қала поэзиясы» деп өзімізше жіктегеніміз бар. Алайда ол ауыл, туған жер, топырақ тақырыбына келгенде өзгешелік танытады. Ауылды жұмаққа телімейді. Одан идеал жасап, әспеттемейді. Бұл өте дұрыс. Бірде оны сөгеді, бірде оны құшып сүйеді. Теріс тенденция бар: бас кейіпкерді, образды мінсіз қып көрсету. «Жағымды, жағымсыз кейіпкер» деп бөлу. Жәлел одан өзің аулақ ұстайды.

«Кел, бауырым, ауылдың әніне қос,

Жарылардай боп жүрмін сағыныштан.

Бір қарасам: маңымның бәрі де дос,

Біресе бәрі дұшпан… («Сағыныш»)», – деп еркелейді топыраққа.

Ғалым Жайлыбай ағамыз кітаптың алғысөзінде: «Шығыс поэзиясы, оның ішінде Өзбек, Қарақалпақ әдебиеті өзіндік стиль, болмысымен жаныма жақын. Жәлелдің өлеңдерінен де осы бір ұшқынды байқаймын… Жырларында Шығыстың романтикалық сарыны да байқалады», – деп орынды айтқан.

Шынымен, шығысқа тән дүниелер көп.

«Қырық сиқыры енгізіп сабырға жан,

Ер біткеннің төзімін сан ұрлаған.

Түзу жолға сүйрейді азаматын,

Жаралып ап қисайған қабырғадан» («Әйел жыры») деп жырлайды Жәлел Қуандықұлы. Сол шығыс үлгісіндегідей әйел образын – тылсым әлемнің елшісі, кіршіксіз сипатқа ие жан ретінде суреттейді. Топырақ – құмды өлкенің бөлшегі ғана емес, сол бір ғаламшарда өмір сүретін, біздің жарық дүниеге анда-санда сәуле шашып тұратын нүкте.

 

СӨЗ

Айқыш-ұйқыш болса да жолдар, әттең,

Қуатыма қашан да қолқанат – сен.

Өмірімді арнадым саған ғана,

Қарағаның жетеді оң қабақпен («Өлең»).

            Жәлел сөз қуатын, құдіретін жақсы түсінеді. Мағауиннің «Талант – Құдайдың бізге берген несиесі. Оны өміріміздің соңына дейін қайтаруымыз керек» дегенін де менен бұрын түйсініп қойды. Себебі, әрбір айтылған сөз, әрбір жол, тармақ, шумақ, буын, бунақ – сенің тұтас ғұмырың. Соның айнасы. Сөз – энергия. Қуат. Құдайға апарар әдемі жолдардың бірі болуы да мүмкін.

Оның қолтаңбасынан шыққан ерекше өлеңдердің бірі – «ҚАСЫМНЫҢ СОҢҒЫ СӨЗІ НЕМЕСЕ СЫРБАЙҒА ХАТЫ».

Демім бітіп барады сенемісің,

Көз жұмамын, өлмеймін, сезеді ішім?

«Мыңмен жалғыз алыстым» шегінгем жоқ,

Дұшпанмен де табыстым өлең үшін.

 

Қанат берді жақсыға құштар жаным,

Ізгілікке бар жігер күшті арнадым.

Амал қанша, сұм ажал мұрша бермей

Кетіп барады ішімде үш арманым.

Әрине, «Бұл – Қасым. Қасымның соңғы сөзі. Сырбайға айтқан сыры» деп те ойлауға болады. Бірақ, бұл – автопортрет те болуы мүмкін ғой. Ақынның не жазушының болсын кез келген шығармасы автобиография. Олай болмаса, шынайылықтан алыстайды.

 

«ҚҰДАЙДЫ ІЗДЕУ» ТАРМАҒЫ

Ақын Құдаймен ешқашан тікелей сөйлеспейді. Бұл – жабайылық, әдепсіздік. Сол сияқты Жәлел де образдар арқылы, астармен, жүректің түкпірінде жатқан сырды жеткізеді. Құдай – ең адал дос. Сол «Құдайды іздеу» тармағын «Алма гүлінің иісі…» мен «Суретші сырынан» байқадым. Бұл – Жаратушыға деген махаббаты болуы бек мүмкін ғой. Біз лириканы тар шеңберге салып қоямыз да, ал бірақ оны микроскоппен қараудан қашамыз.

Алма – деталь. Киноның тілімен айтқанда «отсылка». Әпсана. Тіршіліктің басы. Тағы да сол шығыс поэзиясына тән дүние.

Мұндағы Алмагүл шартты образ.

«Алма гүлдеді,

Алма гүлдеді.

Алманың гүлі арманым ба еді?

Ақ таңда келіп оятқан сезім,

Сол гүл ғой сірә, сағағында емі».

 

Ал «Суретші сыры» сөзіме – тұздық.

 

«Сымбатыңды сырлы етеді-ау үр қылық,

Тектілігің көрсетеді дүр қылып.

Мына өмірден от деміңнен өртеніп,

Өтерімді жан дүнием жүр біліп».

 

P.S. Кітапта «Дежавю», «Антоним» сынды экспериментке барған тақырыптық сәтті өлеңдері де баршылық. Енді Жәлел Қуандықұлынан поэма, проза тіпті романдар күтеміз. Поэма демекші, Мұқағали айтқандай, ақынның барлық өлеңі – тұтас бір поэма дейді. «Алма гүлінің иісі…» сол «Құмдауыттың» жалғасы. Қаламына қуат дарып, бұл кітап ауқымды дүниенің бастауы деп болжайық. Оған назарларыңызға ұсынып отырған «Балқаш дәптері» циклі мен сиясы кеппеген өлеңдер топтамасы дәлел. Мәрхабат!

Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ