Құқықтық сауаттылық – әрбір азаматтың өз құқығын, міндетін, жауапкершілігін білуі және оларды күнделікті өмірде дұрыс қолдана алуы. Бұл – қоғамдағы тәртіп пен әділдікті сақтаудың негізгі тетігі. Бұл білім азаматқа өз өмірінде заңға сәйкес шешім қабылдауға көмектеседі.
2025 жылдың желтоқсанында «Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КеАҚ «Күміс университет» бағдарламасы негізінде 50 жастан асқан қызметкерлері мен профессорлық-оқытушылар құрамына «Құқықтық сауаттылық» курсы ұйымдастырылды.
Курстың мақсаты – азаматтардың құқықтары мен міндеттерін түсінуіне, заңдарды дұрыс қолдануына, қоғамда жауапты әрі саналы әрекет етуіне жағдай жасау. Келісімшарт жасау, сатып алу, жұмысқа орналасу, интернетте әрекет ету сияқты күнделікті өмірде заңды дұрыс пайдалануды үйрету.
Адам өз құқығын білсе, заңсыздыққа жол бермейді, қажет болса, тиісті органдарға жүгінеді. Қандай әрекет заңға қайшы екенін білу – тәртіп бұзушылықтың алдын алады. Құқықтық мәдениеті жоғары қоғамда заң бәріне бірдей қызмет етеді. Құқықтық сауатты азамат интернеттегі, көшедегі, өмірдегі қауіп-қатерден өз-өзін қорғай алады.
Курс тыңдаушылары өз құқықтары мен міндеттері туралы маңызды мәлімет алып, құқықтық мәдениетін дамытуға үлкен мүмкіндік алды. Сонымен қатар, сіздердің кәсіби жол көрсетулеріңіз жастардың заңды дұрыс қолдануына және өмірлік мәселелерді сауатты шешуіне зор ықпал етті.
Қарлығаш НҰРЖАНОВА,
«Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті»
Қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының аға оқытушысы,
педагогика ғылымдарының магистрі
