Ғылымға інкәр жүрек

 « Адамға ең қымбат нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі»

                                                                                                             А.Байтұрсынұлы

 

 «Единица болмаса, не болады өңкей нөл?»  деп Абай атамыз айтқандай, тарих доңғалағын алға жылжытатын қарапайым көпшілік емес, жекелеген дара тұлғалар екені – мойындалған шындық. Бүкіл адамзаттың білімі мен ғылымын, өнері мен мәдениетін жасаған – сол кеменгер тұлғалар, ал, миллиондап бұл дүниеге келіп кетіп жатқан қара халық өкілдерінің өркениет дамуына қосқан үлесі шамалы. Олай болса, кез келген халықтың ұлылығы сол халық санының көптігімен өлшенбейді, біртуар тұлғаларының көптігімен ерекшеленеді. Халқымыздың сондай дара тұлғаларының бірі еліміздің биология ғылымының дамуына зор еңбек сіңірген қазақ халқының қабырғалы ғалымы, аяулы ағамыз – Нұркен Мырзаханов.

Адамның өмір сүруінің мәні – артында із қалдыру. Оған үлкен жүрек, кеңпейіл, асқан ақыл керек. Жеке бастың емес, ұлттың, елдің, мемлекетің қамын ойлаған адам ғана тарих сахнасынан, ел жүрегінен орын алады. Біздің Нұркен ағамыздан сөз де, із де қалды.

Нұркен Мырзаханов – биология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, ҚР педогогикалық ғылымдары Академиясының корреспондент мүшесі. Халықаралық Вена университетінің құрметті профессоры. Халықаралық «Кәсібім – өмірім»  сыйлығының «медицина және биология саласын дамуытуға қосқан жеке үлесі үшін» номинациясының лауреаты, Оксфорд университетінің (Ұлыбритания) Дүниежүзілік Сократ сыйлығының иегері. 1997 жылы биология саласындағы еңбектері үшін Президент стипендиясының иегері атанса, 2001 жылы ҚР «Білім беру жүйесінің үздігі» белгісімен марапатталды.

Өмір деректеріне жүгінсек, аға 1947 жылдың 7 ақпанында Қарқаралы ауданы, Томар ауылының Құрылыс қыстағында дүниеге келген. Бойында табиғат сыйлаған сабырлылық, ұстанымдылық, табандылық, әр құбылысқа байыппен қарау, терең бойлау сияқты асыл қасиеттері осы қасиетті Қарқаралы топырағынан жұқса керек. «Алтайдан КАРПАТҚА дейінгі ұлан – байтақ далада, Қарқаралы топырағындай қасиетті жер жоқ» деп Қаныш Имантайұлы Сәтпаев атамыз айтқандай, бұлай болмауы да мүмкін емес еді. Өйткені елім деп еңіріген ерлердің, халқым деп аңыраған алаш ұлдарының ордасы емес пе еді киелі Қарқаралы.

1965 жылы Қарқаралы қаласындағы №1 Угар Жәнібеков (кәзіргі Жәутіков ) атындағы орта мектепті үздік бағамен бітірген талапты жас бірден Семей зоотехникалық – малдәрігерлік институтына оқуға түсіп, Лениндік стипендия иегері атанады, 1970 жылы институтты ветенария мамандығы бойынша қызыл дипломмен аяқтап шығады.

«Алтын алма, білім ал» деген халықтың дана сөзін жадына түйіп өскен аға аталмыш институтты аяқтағаннан кейін, бар ғұмырын толықтай ғылым жолына арнайды. 1974 жылы кандидаттық диссертацияны табыспен қорғады. Ал 1994 жылы  «Ауыл шаруашылығы малдарының лимфа айналымының функционалды ерекшеліктері» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Көрнекті ғалым 140 ғылыми еңбектің, оның ішінде, 5 монография, 6 оқулық, көптеген оқу – әдістемелік, ғылыми – бұқаралық жұмыстардың авторы ретінде отандық ғылым мен ұлттық идеологияымызға олжа салып қана қоймай, ірі ғылыми мектептің ірге тасын қалады. Парасатты ғалымның үздіксіз айналысқан ғылыми – зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жарық көрген «Педагогикалық валеология негіздері»  кітабында ұлттымыздың ғасырлар көшінде ескірмейтін денсаулық құндылықтарын бүгінгі күннің ғылыми жетістіктерімен ұштастыра баяндаса, «Лимфа айналымы»  монографиясында медициналы биологиялық саланың ең күрделі мәселелеріне тоқталады. Ал «Лейкоциттер айналымы»  монографиясы адамдар мен жануарлардың иммундық жүйесінің негізін құрайтын ақ қан түйіршіктерінің организмдегі айналымы, оның маңызы мен ерекшеліктері туралы болса, «Жалпы физиология» атты енбігінде көптеген физиологиялық анықтамаларға ғылымның ішкі мазмұнынан туындайтын баламалар ұсынады. Сонымен қатар Н.Мырзаханұлының азаматтық тұрғыдан да үлгі боларлық алғышқы енбегі «Өмір – сонар» атты өмірнамалық жинағында оқырман қауым жоғары бағалады. Ғалымның бұл ғылыми еңбектерінің көзі қарақты, ізгі ниетті интеллектуал оқырмандар үшін тағылымы мен ғылыми құндылығы өте жоғары болып саналады.

Ғылым қоғамның өркениетті жолмен дамуына жол көрсететін және адам мен табиғат арасындағы байланыстың себептерін түсіндіретін танымның ең жоғары түрі. Демек, ғылымсыз қоғамның рухани мәдениеті де қалыптаспайды. Ал ғалымдардың ғылыми шығармашылық қызметінің нәтижесі қоғамның интеллектуалдық даму әлеуетінің көрсеткіші болатыны белгілі.

Нұркен Мырзаханұлы еңбегінің елеулі бір саласы – ұлағатты ұстаздық жолы. Нұрекең ұзақ жылдар бойы  еліміздің жоғарғы білім ордаларында оқытушы болып қызмет етті. 1970-1991 жылдары Семей зоотехникалық – малдәрігерлік институты физиология, жалпы және арнайы хирургия кафедрасының ассистенті, доценті, кафедра меңгерушісі болды. 1991-1997 жылдары С.Торайғыров атындағы Павлодар педагогикалық институты биология, зоология, ботаника және ауыл шаруашылығы негіздері кафедрасының профессоры, меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1997-2001 жылдары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті биология кафедрасының профессоры, меңгерушісі қызметтерін атқарды. 2003 жылдан бастап Ақмола технология және бизнес университеті технология факультетінің деканы, содан кейін Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде профессор және зертхана меңгерушісі болып абыроймен қызмет етіп бірнеше буын шәкірт тәрбиелеп, оларды үлкен өмірге қанат қақтырды. Солардың көпшілігі бүгінде өздерін тәрбиелеп өсірген қазақ еліне пайдалы істер істеп, халқымыздың сый-құрметіне бөленуде. Ұстаз бақыты деген осы шығар. Ата- ана өзінің баласын сүйеді. Ұстаз өзгенің баласын сүйеді! Ел ертеңіне ақ – адал қызмет ететін жастарды тәрбиелеп, болашаққа сөнбес сәуле шашып кеткен ұлағатты ұстаз есімінің ғасырлар жасайтынына мен кәміл сенемін! Нұркен ағаның болмысы мен жолы – кейінгі алапат буын үшін сәулелі сабақ, ал, жүріп өткен даңғылы – мәңгілік мұрат!

Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның: «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген қастерлі сөзі бар. Нұркен ағаның өзін айналасындағы адамдардан ерекшелендіріп тұратын айрықша қасиеттерінің бірі – биік адамгершілігі болатын.

Бір қария өзі тапқыр өзі шешен екен, бір жігітті сынап бірнеше сұрақ беріпті.

– Адамгершілік дегеніміз не? –депті қария.

– Адамгершілік  ақылды адамның асыл қасиеті, – депті жігіт.

Сонда қария: – Дұрыс балам, ал адамгершіліктің өзінің жеті қасиеті бар. Біріншісі, ақылдылық – адамгершіліктің алғашқы сатысы; екінші, сәлемдесу – адамгершіліктің бастамасы; үшінші, сыйласу – адамгершіліктің ары мен нұры; төртінші, құрметтеу – адамгершіліктің қолдаушысы; бесінші, кішпейілділік; алтыншы, ізеттелік; жетіншісі, мейірімділік. Соңғы үшеуі адамгершіліктің сенімді достары, – деген екен.

Осы қасиеттердің бәрін бір бойына жыйнай білген Нұркен аға үлкен ғалым, ұлағатты ұстаз ғана емес, ең бастысы жақсы адам еді. Анығын айтқанда, адамның жақсысы, азаматтың ардақтысы, елдің елеулесі, достың адалы да өзі еді. Азамат бойына қандай ізгіліктер тән болса, соның бәрі Нұркен аға бойынан табылар еді. Әттең, бүгінде ол кісі туралы өткен шақпен сөйлейтініміз өкінішті ақ…

У.Черчиль бірде Қаныш Сәтпеавтан: – Сіз бойыңыздағы жақсы қасиеттермен білімді қайдан алдыңыз? – дегенде: – Өз ауылымнан, өскен ортамнан алдым, – деген екен.

«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Адам ең алдымен жақсы әке, жақсы ана тәрбиесін көріп өскені жөн. Әке, ана тәрбиесімен бойына адамгершілік, ізгілік,көпшілдік, қарапайымдылық деген асыл қасиеттерді сіңіреді. Міне, осы қасиеттер арқылы елге сыйлы болып абыройы артады. Нұркен аға аяулы жары, асыл ана Шолпан екеуі – Маржан атты аяулы қызды, Ерлан, Жандос атты ұлықты ұлдарын өмірге әкеліп, жақсы тәрбиелеп, қалаған мамандықтарын алуға қамқорлық жасап, азамат етіп қалыптастырды.

Сол балалары бүгінде алған мамандықтарының аясында елімізге пайдалы істер істеп, қазақ халқының алдындағы перзенттік парыздарын адал орындауда. Парыз адамдық борышыңды өтеуден басталады. Ата-анаңа, отбасыңа, балаңа,туған елің мен жеріңе адал қызмет ету ұлы парыз деп ойлаймын. Маржан адам дәрігері, медицина ғылымдарының докторы. Ерлан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің академиясын тамамдаған. Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау университетінің аға ұстазы, құқұқ ғылымдарының магистрі. Жандос Республикалық ұлттық қауіпсіздігі комитетінің қызметкері,полковник. Аталарының атын өшірмей,жақсы ісін жұртқа жария ететін немерелері өсіп келеді. Баланы өмірге әкеліп, дұрыс тәрбиелеп, еліне пайдалы азамат етіп өсіргеннен асқан бақыт жоқ,сірә!

Қайран уақыттың аққан судай сырғып өтерін аңғармай қаламыз кейде. Бірақ, сынаптай сырғыған сағаттар мен көзден ұшқан кесекті кезеңдер легі әсілі, есіңізден ештеңесін ұрлап кетпейді. Ғасырлардан ғасырларға өтетін, ұрпақтан ұрпаққа аманат болатын асыл мұра қалдырып кеткен абзал жандарды қадірлеу – баршамызға қасиетті парыз. Қаншама жылдар бойы ереңғайып еңбегін ғылымға  арнап, саналы ғұмырын халқына қызмет етуге арнаған Нұркен Мырзаханұлы сияқты тұлғалар артына мәні терең мұра қалдырып, артынан өшпес ізгі іздің ізашарын тарту етіп кетті. Оның телегей білімі мен қара нардай қажыры, қайраткерлігі мен адамгершілігі – кейінгі толқынға үлгі, өмірімізге шырақ. «Ғалымдар қоғамның шамшырағы» деп осындайда айтылса, керек.

Ерғазы ҚАДАШҰЛЫ,

тарихшы, журналист

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *