Қызға қырық үйден тыйым

Ұлтымыздың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай: «Ұлттық құндылықтардан жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды»,  –  деген болатын. Ұлттың бар болмысын – тілі мен дінін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін – ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, бойына дарытатын әйел-ана. Сондықтан ертеңгі ана, бүгінгі қыздарымызды дәстүрге сүйеніп, уақыт талабына сай тәрбиелеу – ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті.

Қызға қырық үйден тыйым

Қыздарымыздың бойына  ұлттық құндылықтарды дарыта отырып, мәдениетті,  жан-жақты білімді, ойлау қабілеті дамыған саналы ұрпақ тәрбиелеу, соның ішінде қыз бала тәрбиесіне аса бір ыждаһаттылықпен көңіл бөлу мақсатында Қарағанды облысы білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы КМҚК әдіскері Рахметова Салтанат Бейбітқызының  ұйымдастыруымен  «Тұмар» қыздар клубы жобасы аясында «Қызға қырық үйден тыйым» тақырыбында онлайн форматта нетворкинг өтті. Осы шараға Қарқаралы ауданы Қарағайлы кенті Рысбала Молдақашева атындағы №17 жалпы  білім беретін мектебінің көркем еңбек пән мұғалімі осы жолдардың авторы да қатысып, шеберлік сағатын көрсетті.

60 жылдық тарихы бар мектебімізден талай атақты адамдар шықты. Оның ішінде қыздарымыздың да үлесі бар. Атақты ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби «Балаға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек. Тәрбиесіз берілген білім –  адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген екен. Қазақ мектебі деген атағына сай қыз бала тәрбиесіне аса бір жауапкершілікпен қарайтын ұстаздар қыздармен бірге түрлі шара ұйымдастырады. Мысалы: Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, Аудандық аналар кеңесінің төрайымы, журналист, бүгінде «Абыз» халық театрының  режиссері – Бану Даутанқызымен дөңгелек үстел;  ұлағатты ұстаздармен, кентіміздің үлгі алар әжелерімен, үлгі тұтар апаларымен, медбикелермен сыр сұқбаттар   ұйымдастырылды. Тыңдар құлаққа талай тамаша әңгімелер, кеңес айтылды. Балалар өздеріне қызықты болған, шешуін таба алмай жүрген, өздерін ойландырған сұрақтарына жауаптарын алды.

Бұл кездесулер теңізге тамшы тамғандай балаға ой салған болса, мұғалімнің еңбегінің жанғаны. «Қызға қырық үйден тыйым», «Ұлттық құндылықтар біздің өмірімізде» деген тақырыптарда қыз балалар арасында тәрбие сағаттары, интеллектуалды ойындар ұйымдастырылды. Биылғы жылы «Бұрымды қыздар» атты челлендж  сыныптар арасында жыл бойы жүргізілуде. Қорытындылары тоқсан сайын шығарылып, жыл соңында бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады. Қыздарымыз қазақи тәрбие ала отырып, жан-жақты өзін дамыта да алады. Мектебімізде домбыра, дойбы, шахмат  үйірмесі жұмыс істейді.

Мектеп жанынан ашылған «Нұршашу» би ансамблі Астанада өткен мега конкурс көпжанрлы өнер байқауында «Хореография» аталымы бойынша бас жүлде жеңіп алды. Облыстық «Дарындар әлемі» ҮІ Халықаралық балалар, жасөспірімдер, жастар арасында «MUSIC ART FESTIVAL» өнер байқауында «Нұршашу» би ансамблі ІІ орынды иеленді.

Волейбол ойынынан қыздарымыз аудан көлемінде жақсы жетістіктерге жетіп жүр. Осы мектептен шыққан қыздарымыз студенттердің лигасына кіріп, өздерінің спорттық шеберліктерін көрсетуде.

Халқымыз «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген. Осы жерде қазақ халқының ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтың: «Ұлт тәрбиесі – баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші, сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиіс және әр ұлттың баласы өз ұлтының арасында, өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесі мен тәрбие қылуға міндетті» деген сөзі соның дәлелі.

Сондықтан да сан ғасырлар бойы сұрыпталған ұлттық құндылықтарымызды оқу-тәрбие процесіне енгізу арқылы болашақ ұрпақтардың бойына дарыту керек. Осы мақсатта біздің Қарқаралы ауданы Қарағайлы кентінің Рысбала Молдақашева атындағы №17 мектебінде қыздар арасында тағы бір шара, асық ойынынан спартакиада ұйымдастырылды. Жарысқа қатысатын оқушылар бір мезгілде жиналып, жарыстың ашылуы болды. Мектеп директоры С.Акуажанова құттықтау сөз сөйлеп, балаларға сәттілік тілеген соң, ойын басталып кетті. Ойын екі бағытта жүргізілді. Бірінші бағытта «Бес асық» 7-9 сынып қыздары арасында; екінші бағытта «Ханталапай» ойыны 5-6 сынып қыз балалары арасында өткізілді. «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең, ұлыңды тәрбиеле, қоғамды тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле» деп дана халқымыз қалай дәл тауып  айтқан. Қазір өзге ұлттық ойындарға қарағанда асық ату, бес асық ойындары қарқынды дамып келе жатыр. Қазіргі жасөспірімдердің асыққа қызығатындығы қуантатын жайт. Қазіргі виртуалды заманның балаларының қимыл-қозғалысы баяулап, өз бетімен ойлау қабілеттері тежеліп, шынайы өмірден алыстап бара жатқаны белгілі. Адамдар ғаламторға тәуелді бола бастады. Соның кесірінен түрлі қан тамыры ауруларына шалдығуы, ұйқының бұзылуы, миға ауыр салмақтың түсуі сияқты қиындықтарға ұшырап жатыр. Ал осылардың бәрінен арылуға бола ма? Әрине, бабаларымыз қашанда ұрпағының толыққанды тұлға болып қалыптасуына атсалысып, бала кезінен ұлттық тәрбиені бойына сіңіріп отырған. Қазақ асықтарды бала дүниеге келмей жатып-ақ жинап, оны жақсы ырымға балаған. Асық – қазақ үшін аса керемет мұра. Асықты түрлі-түрлі қылып бояп қоятын болған. Асық ойыны арқылы баланы ептілікке, мергендікке, ұқыптылыққа, сергектікке баулимыз, логикасын дамытамыз. Асық ойыны баланың жастайынан жүйке жүйелерін шыңдап, оларды дәлдікке, ұстамдылыққа, байсалдылыққа тәрбиелейді.

Қазіргі ұрпақтың санасынан алыстап бара жатқан бабаларымыздың ұлттық ойын түрлерін әсіресе асық ойынын жандандыру керек. Асық ойынының түрлерін үйрету арқылы балаға эстетикалық, патриоттық тәрбие бере отырып, ұлттық асықты жоғары деңгейде ойнайтын оқушылардың  санын арттыра отырып, ойынға қызығушылығын ояту қажет. Мектеп базасында дене тәрбиесі сабағында алған білімдерін шыңдап, шеберліктерін қосымша білім беру арқылы әрі қарай дамыту оқушының дарынын ашу  қазіргі кезде әр мектептің өз алдына қоятын мақсатына айналу керек. Осындай қасиеттері болмаса, адам ойында да, өмірде де көздеген мақсатына жете бермейді.

Күлжан  БЕСПАЕВА,

«Р.Молдақашева атындағы №17 ЖББМ»

КММ тәлімгері

Қарқаралы ауданы,

Қарағайлы кенті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *