БАЛҚАШ ДӘПТЕРІ
(Цикл)
І
Көкше теңізге барайық,
Көңілдің емін табайық.
Көктемдей көркем күйменен,
Көкбұйра шашын тарайық.
Бар сырын ұғып жолдың да,
Сүңгиік мөлдір толқынға.
Жүзіміз жансын түнде де,
Ізіміз қалсын сол құмда.
Шағала сезім қалықтап,
Әкетсін алыс-алысқа.
Ауасын жұтып жатайық,
Иісіне мейір қанып қап.
Толқынның таңдап мақпалын,
Тыңдайық терең, тәтті әнін.
Тербеліп қарсы алайық,
Тораңғылықтың ақ таңын.
Далалық үнге құлақ сап,
Айдынға аппақ сыр атсақ.
Жасап бір қалсын жанымыз,
Қалалық шудан жырақтап.
Сыңғырлап күміс күлкің де,
Іркілме жаным іркілме.
Төсіңде өткен бір күнім,
Есімде қалсын мың күнге.
Шірене жатып шалқалап,
Жұздыздан жұтып салтанат.
Айтайық сөзін жүректің,
Қайтайық сезім арқалап.
Ақ тілек арнап көбірек,
Күмбірге толсын көкірек.
Еске алып сосын жүрейік,
«Ол да бір дәурен еді» деп.
Уақытты алтын қор қылма,
Аунайық аппақ сол құмға.
Көзіміз қалсын көк белде,
Ізіміз қалсын толқында…
ІІ
Көкше көл сен терең бе, мен терең бе?
Сені білмен, мен отпын – сен дегенде!
Менің тереңдігім сол – өлмегенде,
Сенің тереңдігің сол – емдегенде!
Келбетің сыйлайтындай хақтан белгі,
Үйіріп, желпіп тұрар мақпал желді.
Сол тылсым құдірет қой кеудемдегі,
Еріткен көптен бері қатқан шерді.
Батпан ойды арқалап саған келдім,
Басып өтіп, тарам да тарам белді.
Жасырмай ақтарамын саған бәрін,
Тереңдігіңді қалқам маған бергін.
Жетіп жатыр саф, таза сенің демің,
Шытпаса екен қабағын керім белің.
Толқындарың толқытсын жан-арымды,
Шүйірмесе болғаны еріндерін.
Жағаңда жадырасын келген жігер,
Көздерден аулақ қонсын төнген шідер.
Мұңыңның бәрін жиып маған бер де,
Жаралы жүректерді емдеп жібер.
Бүйіріңде бүлкілдеп қала жатыр,
Менің жаным көз жетпес далада тұр.
Тереңіңе сүңгиін бір армансыз,
Әжімдерім тереңдеп бара жатыр…
ІІІ. ЖАЗ
Күн көзінен жаһанға нәр тарап паң,
Жаздың иісі аңқиды шартараптан.
Қысқа ғана ғұмырын қимағандай,
Ақ көбелек ұшады қалбалақтап.
Жалғыз емен өмірге сірә ғашық,
Беу, тіршілік кеудемді жарады ашып.
Мінезінен сауықшыл ұялғандай,
Шегірткелер алдымнан тұра қашып.
Таңғы таза жұпардан жалықпаған,
Инеліктер ауада қалықтаған.
Дәл солардың зулаған болмысынан,
Уақыттың бейнесін танып қалам.
Тіршіліктің қазаны қайнаған шақ,
Құстың бәрі жамырап, сайраған шақ.
Сыпсыңдаған, сөзуар жеңгелердей,
Шымшық біткен шиқылдар, байбалам сап.
Алтын шуақ шұрқырап жағалауда,
Іздеген жан мұндай бақ таба алар ма?
Көк ішінде аудаңдап, аңдап басып,
Жемтік іздеп жүр әне, ала қарға.
Ойларыммен мазасыз жағаласып,
Күн Ене де төбеден барады асып.
Балалардың шуылы азан-қазан,
Дауысымен пойыздың араласып.
Көктің иісі қытықтап танауымды,
Құлағыма мың түрлі салады үнді.
Ал, мен жазға сыртынан қарап тұрам,
Қай тарапқа біле алмай барарымды…
Күмбір-күмбір кеудемнен күй тартамын,
Қоштасуға аңқылдақ қимай жанын.
Өтіп бара жатырмын қарай-қарай,
Жаз арудың төгілген сипап жалын…
Шөптің басы ырғалып жылы лептен,
Жанға сауға сұрайды Құдіреттен.
Жазға келдім, не көрдім, ұқтым нені,
Кеудем ғана әлдене күбір еткен?..
- ЖАЛҒЫЗ ШАҒАЛА
Тораңғылық, ақ таңнан ішіп нұрды,
Тербелемін тұңғиық құшып жырды.
Көл жағалап, таң сазын жеткізгендей,
Жалғыз ғана шағала ұшып жүрді.
Ұшып жүрді айналып, безек қағып,
Көзімді алмай қараймын өзек талып.
Ұққым келіп құс жанын өткен сайын,
Ұмтыламын бойымды түзеп қалып.
Таңмен жеткен Тәңірден аянбысың,
Желге қарсы шалқая жайған күшін.
Неге сонша шарқ ұрды шыр айнала,
Не дегісі келді екен, қайран құсым?!
Бөлінді екен неліктен көптен налып,
Көкірегін керді ме, кек соншалық?
Маңайына қоршаған өкпелі ме,
Сенім артса, сездірмей кеткен шалып?
Бірақ, бірақ, шынында, саяқ ғалам,
Кім бар жұппен өмірін аяқтаған?..
Жалғыздығым өзімнің ұмыт болып,
Жалғыз ұшқан сол құсты аяп барам.
Жалғыз ұшқан тағдыр-ай, көл жағалай,
Таңғы жел де қойды ма, аймаламай?
Көкірегің толды ма, шер-шеменге,
Байыз тапшы, алқынбай, ой, қарақ-ай.
Балқаш қана ұға ма жүрегіңді,
Тек жалғыздар сүре ме, шын өмірді?
Жалғыз Отан, менде де, тек сол үшін –
Жарық күннен үзбеймін күдерімді.
Жақсылыққа жетелеп, жанды ізгі ұдай,
Тәртібін де өмірдің сан бұздық-ай.
Саяқ жүріп, сескенбес сан сынақтан,
Жалғыздарды жарылқа, жалғыз Құдай!
АЛҒАБАС
Алғабастың алтын таңы арайлы,
Келбетімен ынтық қылған талайды.
Сол болмыстан жақұт шапақ шашырап,
Менің жұмыр жүрегіме тарайды.
Құлайды да, әлдилейді сиқырлап,
Тылсым нұрға айналдырар күйкімді ап.
Өзім содан бір рахатқа батамын,
Күмбір-күмбір күй тыңдап.
Көңілімде жайқалып гүл дәстеше,
Жасартады кері бұрып, жасты есе.
Мен қалайша құлдыраңдап жортпайын,
Алғабасым маған «Алға бас!» десе.
Алға басып келем бір сәт шегінбей,
Мақтанға да, басқаға да берілмей.
Сонда дағы тыным таппас жүрегім,
Домбыраның сиқырлы қос ішегіндей.
Сағынғанда қолыма алып қаламды,
Бастап кетем ақ таң жайлы жаңа әнді.
Табаным бір тие алмай жүр төсіңе,
Сағынышым асқақтатып бағаңды.
Кейде ауылды іздеп кетіп қаладан,
Түн жарымда шала мас боп оралам.
Терезеден айды көрем сыланып,
Бір байғұсты қиялиға балаған.
«Мен сияқты сағына ма бар адам?»,
Жауап іздеп, ақты көрем қарадан.
Алғабасқа жетер ме екен шапағы,
Сол арайдың жүрегімнен тараған?..
ТҰСАУКЕСЕРДЕ ОҚЫЛҒАН ӨЛЕҢ
(Ақкербез МҰҚАШҚЫЗЫНА)
Күрмеуіңді шештім дағы,
Тұсауыңды кестім кеп.
Қадамыңнан ессін жалын,
Жалтақтама ешкімге.
Тұсауыңды кестім балам,
Тектінің бас өкшесін.
Ақылың мен өссін санаң,
Салған ізің өшпесін.
Маңайыңды жайсаңдар мен,
Қоршап жүрсін жақсылар.
Ниетіңе қойсаң пәрмен,
Сол бәрінен ап шығар.
Сүрінсең де кей жолдарда,
Тік тұрарсың, күштесең.
Ең дұрысы ондай жарға,
Ешқашан да түспе сен.
Ала жіпті – өмір дедік,
Түзу болсын Хақ көзі!
Адал болса, көңіл – көрік,
Айналады аққа өзі.
Ақылды боп өскін күнім,
Жолдас болмай ессізге.
Тұсауыңды кестім бүгін,
Жолды ешкімге кескізбе!
***
Сонау алыстан мұнартып,
Жүрегіме жүк артып,
Бейшара болмысыма сын артып,
Қол бұлғайды керегім.
Ескен желден,
Ұшқан құстан,
Шыққан күннен,
Көктен, жерден –
Секемшіл өз бейнемді көремін.
Ештеңеге де қарамай,
Жақсылықтарды сағалай,
Сүрінген сәттерді санамай,
«Саған жетсем!» деп едім,
«Сені құшсам!» деп едім.
Уақыт алтыннан да қымбат заманда,
Мойын бұруға дәрмен қалмай саған да,
Сағынып, сарғайып әбден қалжырағанда,
Жоғалған ғасырлардың арасынан,
Жол тауып маған келдің –
О, қымбаттым, керегім.
Бар болмысым бусанып,
Алпыс екі тамырымды иіп,
Адамдық дейтін алтын тәжімді киіп,
Сенің әлеміңе енемін.
Сен қасымда болғаныңда,
Алыс еместей көрініп асқақ арманым да,
Қою түндерім мен
арайлы ақ таңдарым да
Ұсынып тұрады аңғал жанымның бір емін.
Сен – бар жоғымсың,
Сен – ар жолымсың,
Сенімен ғана құтқа толы асыл мекенім!
Кейде пейілім тарылып,
Пенделікке салынып,
Адамдықтан арылып,
Астамсып, атойлап кетемін.
Қадіріңді сезінбей,
Елдің бәрін дос көріп өзіңдей,
Өзімді Құдай сезінем.
Арқырап кетемін,
Жалпақ дүнияға қарай алмай –
Періште көзімен.
Сен сонда да айтқаныма көнесің,
Сөзіме ересің,
Өзіме сенесің.
Қанша шалыс бассам да,
Тасымайтын жерде тасысам да,
Бәрін түзеуге мүмкіндік бересің.
Кейде қаһарыңа мініп,
Миығыңнан күліп,
Мені тастап бара жатқаныңда,
Қаламын жанарым жасқа боялып.
Ешкімге сездірмей егіліп,
Мұнар мұңға көміліп,
Өзімнен өлердей түңіліп жатам да,
Өксіген даусымнан кетемін оянып.
Сонсоң алқынып жүремін,
Бір жылап, бір күлемін,
Құдайдан сенің мәңгі қасымда қалуыңды тіледім.
Адам танымастай түріммен,
Құлаған, сүрінген, түңілген,
Аңғал-саңғал, белі буылып,
Жеңі түрілген кейпіммен.
Уақыт жетпейтін,
Менің ең асыл қазынамды керек етпейтін,
Өз ғасырыма қайта енуге
Бар күшін жиып,
Алқынып жатар алтын жүрегім…
***
Санам қалай асықпай сөз береді,
Адам қалай әп-сәтте өзгереді?
Кәрі бұлт ше, атаммен тете шығар,
Ал, ақ жаңбыр жауат та өте шығар.
Сезім – өрт қой, жаныңа от төседі,
Сенім – серт қой, бір күні морт кетеді.
Сөзі көптер неліктен іске сараң,
Байлық, мансап ажалға түспес ара?
Кәрі қыздың неліктен сыңары жоқ,
Кенже ұлым ше, қоятын сұрағы дөп?
Неге пысық пенденің кескіні көп,
Ақынның ше, жанашыр ешкімі жоқ?
Неге өмірдің жүрегі тас-темірден,
Өлең қалай туады ақ көңілден?
Таланттының болмысы қақап тұрар,
Дарынсыздың көбісі – атаққұмар.
Сезім – шаттық шарабын мың ішкізді-ау,
Менің жаным неліктен тынышсыздау?..
ӘЛДЕНЕГЕ…
Жүрегіммен қатар соғып, құтымды ап,
Сағат тілі тоқтамайды тықылдап.
Көңіл шіркін алай-дүлей неге осы,
Мына хәлден қалай ғана құтылмақ?
Бір күй келіп араласып, бір күймен,
Жағалауын жан-арымның мың сүйген.
Телефонның қуат күшін тексеріп,
Әлдеқайда сайланамын ылғи мен.
Пәтер түгіл кең далам да тар маған,
Әуені де еліте алмас сарнаған.
Асау жанды жұбатпақшы болам да,
Әлдеқандай бір жорыққа қамданам.
Асау жанның алқынысы нұр татар,
Көңіл құсқа бір әуенін шырқатар.
Сәуір таңы шапақ шашып оятып,
Шақырады алыс-алыс бір сапар.
«Жан көрмеген мекендерді көрем!» деп,
«Тәтті-тәтті қиялдарға ерем!» деп.
Жүрегіме алапат күш рух беріп,
Жұлқынады елеңдеп.
Бар күйіме бір ем іздеп, бір емнен,
Жан қалауын жамай алмай тілеумен.
Жатсам-тұрсам, маза таппай гүл кеудем –
Әлденеге дайындалып жүрем мен…
КЕЙДЕ…
Кейде жұмыстан еш себепсіз қалғым келеді,
Немесе әдейі екі сағатқа кешігіп барғым келеді.
Ескертусіз екі аптаға жоғалып кетіп,
Еш құжат тапсырмай-ақ, толық жалақы алғым келеді.
Ал, түнде ояу жүріп, күндіз ұйықтағым келеді,
Қатал шектеулерді аяусыз қылыштағым келеді.
Зымыраған уақытты тоқтатып қойып,
Қисық қабырғаны дұрыстағым келеді.
Дүкеннен нанды да тегін алғым келеді,
Суда жүріп те, лапылдап жанғым келеді.
Барар жеріме басқа бір жолдармен жетіп,
Кейде қайтпай, сонда қонып қалғым келеді.
Тіпті, кейде, мешкейлерді де аямай мақтағым келеді,
Екіжүзділерді еркелетіп, беделін сақтағым келеді.
Мүмкін еместігін біліп тұрсам да,
Ар сотында бар қылығын ақтағым келеді…
Несие шартын да ойланбай бұзғым келеді,
Ақшалы таныстарыммен де қатынасты үзгім келеді.
Тіпті, кейде, астамшылыққа салынып,
Тіршіліктің картасын қайта сызғым келеді.
Шақырылған жерге себепсіз келмей қалғым келеді,
Шашуымды ойын автоматына салғым келеді.
Қайтар жолда бағдаршамның қызыл түсіне өтіп,
Жол сақшыларынан «алғыс» алғым келеді.
Кейбіреулердің бетпердесін сыпырып, шешкім келеді,
Сол қарқыныммен арманыма жеткім келеді.
Қаладағы үйімді қаңғыбастарға сыйлап,
Өзім қыстаққа көшіп кеткім келеді.
Айтқым келгенді айтқан сайын өлмей,
Мың жыл үйде жатқым келеді.
Айта алмасам, сол сәтте-ақ өміре қапқым келеді.
Кейін өтірік жоқтайтын шыншылдарға,
Жұмақтың төрінен баққым келеді.
Осы ақ армандарым үшін болса,
Арымнан ғана сот болар,
Бұларды қаламайтын адам жер бетінде жоқ болар!
Мүмкін еместі мүмкін қылғанда ғана,
Барлық әдеп шекарасы сақталар…
Кейде кетсе ғой аспан да аппақ түске боялып,
Ал, жердің бетін ұлпа бұлтқа толтырып қоялық.
Тіпті, әжетханаға да
Мезгілінен кеш барсам деймін де аянып,
Әттең, амалсыздан шырт ұйқымнан кетем оянып.
Сосын әдеттегідей жуынып, шайынып алам да,
«Күйбең» дейтін көнбіс әнім оянар санамда.
Түсім өңге айналғанша,
Аспаннан жұлдыз, айды алғанша.
«Қарап жатпайын» деген ғажап ой туып,
Сағатыма қайта-қайта қарап,
Күнделікті жұмысыма кетіп барам –
Ең бақытты жалғыз жан сияқты
Мынау жарық ғаламда!..
