Жүректен шыққан жазулар

Белгілі публицист, Арқа өңірі баспасөзінің айнасы саналатын «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы Ерсін МҰСАБЕКТІ білмейтін адам кемде-кем шығар. Қарымды қаламгер Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, ҚР Ақпарат саласының үздігі.   Кезінде өлкеміздің намысын қорғап, айтыстың көрігін қыздырған ақынды, көпшілік жұрт қандай алқалы жиында болсын, сөйлеп кетсе «шашасына шаң жұқтырмайтын» көсемсөз шебері ретінде де таниды.

Ерсін інімнің күздің басында баспадан шыққан «Сұңқардың көз жасы» атты кітабы қолыма  түскен соң, уақыт тауып оқып шыққаным осы болды. Кітап оқудан қол үзе бастаған заманда, адамды бірден баурап, иіріміне тартып әкетер қасиеті бар, толымды дүние екені бірден байқалады. Төрт бөлімнен тұратын кітапқа енген материалдар мазмұнына, айтар ойы мен көтерер жүгіне қарай жүйеленіп, оқырман үшін оңтайлы іріктелген.

«Парасат майданында» деп аталатын бірінші бөлімде, қаламгер кешегі өткен Алаш қайраткерлері жайлы ой қозғап, сыр шертеді. Өмірі қапияда қиылған Алаш арыстарының орындалмаған асқақ армандарының құпиясына үңіліп, олардың сол замандағы озық ойларының осы күнге дейін өзекті екенін, қайсыбірін кезек күттірмей іске асыру керектігін зерделейді. Қазақ халқының басынан өткерген қасіретті тағдырын тарихи жылнамамызға енгізу арқылы, ондағы ақтаңдақ беттердің орнын толтырып, келешек ұрпақтың жадына сіңіру қасиетті борышымыз екенін баса айтады. Өз кезегінде оны оймақтай оймен шегендеп, «қасіретте де қасиет бар» деген бірауыз сөзімен тұжырымдайды. Жас мемлекетіміздің отыз жылда жеткен жетістіктері мен «әттеген-ай» дегізген кемшіліктері жайында бүкпесіз ой қорытып, ара-жігін айырып, себеп-салдарын саралайды. Ұлтымыздың кемеңгер, ағартушы, қайраткер тұлғалары Бұқар жырау, Абай, Сәкен жайындағы көсемсөзбен өрілген қысқа ой-толғамдарын да осы бөлімнен оқи аласыздар. Кітаптың атына арқау болған, «Сұңқардың көз жасы» деген хронологиялық дәйекке сүйенген деректі әңгімені де осы жерден таптым. Кітаптың мәнін толық ашатын, дұрыс таңдалған атау екен. Қашанда әділдікті ту еткен, қиянатқа жаны қас Ерсін сияқты ізденгіш журналистің бұндай даулы істі айналып өтетін жөні жоқ екені белгілі. Әңгімені оқи отырырып, жаланың құрбанына айналып, жазықсыз жапа шеккен адал азамат Абақановпен бірге егіліп, бұндай жүйкеге ауыр жүк артар жүгенсіздіктің біз сүрген қоғамда ара-тұра әлі де кездесетініне күйінесің.

Кітаптың «Сырашар» деген екінші бөлімі кейіпкерлермен тікелей сұхбаттасу арқылы, байсалды әңгіме өрбітіп, ашық сырласуға негізделген. Кейіпкерлері де сайдын тасындай іріктелген, қазақ елінің ғылымы, мәдениеті мен әдебиеті, спорт пен өнерінің көкжиегін кеңейткен, кілең зиялы қауым өкілдері. Көбі мыңжылдықтар тоғысымен қабаттаса алмасқан, бір-біріне мүлдем кереғар, екі бөлек қоғамдық формацияны басынан кешірген, көргені мен айтары атан түйеге жүк боларлықтай аптал азаматтар. Кәсіпқой журналист сұхбат барысында оларды ой салар сұрақтарымен алға жетелеп, әнгімеге жан кіргізеді, реті келген кезде көңілге қаяу түсірмей, жайлы қойылған сауалдары арқылы ішкі жан дүниесіне еніп, сырын ашуға тырысады. Қай сұхбатын алып қарасаңыз да, тұщынып оқып, көңілге ой түйгізетін, тамаша еңбек.

Аты айтып тұрғандай, кітаптың «Атың барда жер таны…» деген бөліміне жампоз журналистің сапар барысындағы жазған жолжазбалары енген екен. Әсіресе, өзіме «Бабалар жолы-бақыттың жолы» атты тарихи сапарнама қатты әсер етті. Қаздауысты Қазыбек бабамыздың мол мұрасын насихаттауға арналған Халықаралық автокеруеннің бел ортасында, Ерсін інімнің дәл қасында жүргендей күй кештім. Соңғы нүктесіне дейін тапжылмай оқып барып, кең тыныстадым. Қазақ жерінің кеңдігіне марқайып, қазағымның даладай кең пейіліне сүйсіндім. Ал ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының ұйымдастыруымен Еуропа төрінде өткен Наурыз мейрамына қатысқан сапары жайлы оқысаңыз, алған әсеріңіз автордың өзінікінен кем түспесі анық. Бұл енді, әрине, жазуға байланысты, дұрысы ой қорытып жаза білуге байланысты нәрсе! Кәрі құрлыққа табаны алғаш рет тигендіктен, Ерсін таң қалған жәйттарын жасырмайды, ерекше шабытпен, көргендерін көсілте жазады. Құр жазып қана қоя салмайды, көргендерін көне құрлықтың басынан өткерген қызықты оқиғалармен сабақтастырып, тарихынан аз да болсын мәлімет береді. Өркениеттің өріне шығып, демократиялық жолмен дамудың озық үлгісін көрсетіп отырған батыс елдерінің қоғамдық тәртіп пен тазалықты сақтаудағы қалыптасқан жағдайына қызығып, өзіміздің елдегі осы тұрғыдағы көлеңкелі көріністермен салыстырады. Сөйте тұра, өз Отанына ештеңе теңгермейді, аз ғана уақыт көрмеген туған елін сағынып, қайтуға асығады. Оған дәлел рухани олжасы мол, қызықты сапарнама жайлы жазбасының соңында келтірген мына сөздері; «Сегіз күнде туған елді қатты сағынып, сергелдең күйге түскенмін. Ақша жымқырып, Отанын сатқан опасыздар қалай жүреді екен жат топырақта?» Маңызды сапардан қайтқанда, жон арқасына қатқан терден гөрі, жүрегіне батқан осы шердің ауыр соққаны өзіне ғана аян. Әрине, бұл сұраққа біздің елде жауап табу, әзірге қиын екені белгілі…

Кітаптың соңғы бөлімі «Тұлғалар» деп аталады. Автор шағын портреттік әңгімелері арқылы көркем сөз өнерінің қас шебері екенін дәлелдеп, елге еңбегі сіңген тұлғалардың әдеби-көркем образын жасайды. Бәрі де сәтті шыққан, оқыған жанды жалықтырмайды.  Елдің алғысын арқалап, халықтың ықыласына бөленген бұл санаттағы адамдардың Ерсіннің ұшқыр қаламына ілікпегені кемде-кем шығар, сірә? (іліккендердің арасында өзімнің де бар екенімді айта кетсем, ағаттық болмас) Қырда малын өргізген шаруа адамынан бастап, сахнада құйқылжыта шырқаған әншіге дейінгі аралықта ғалым мен мұғалім, заңгер мен қаламгер, газет редакторы мен шаруашылық директоры, бәрі қамтылған. Әрқайсысы, әр түрлі саланың майталмандары! Әр саланың алуан қырлы құпиясына терең бойлап, мамандықтың қыр-сырын ұғынып, кейіпкерінің жетістіктерінің сырын ашып, ол туралы жарқыратып жазу кәсіби біліктілік пен үлкен еңбектің арқасында ғана келетіні анық.

Айтпақшы, кітабының мемлекеттік тапсырыспен басылуының өзі  еңбегінің орынды бағаланып, қоғамды ізгілендіру жолындағы көтерер жүгінің ескерілгені емес пе?! Кітаптар, ендігі, кең байтақ еліміздің кітапханаларына таралып кеткен де болуы керек. Көңілде «кітаптың мың дана таралымы республика көлеміне аздық етеді ме» деген күмән да жоқ емес. Әйтседе, барымен базарлап, «бұған да шүкіршілік» дегеніміз дұрыс-ау! Қорыта айтқанда, кітаптың тілі шұрайлы, мәтіні жатық, ой саларлық өзегі көп, оқуға жеңіл, әрбір әңгімесі кезегін күтіп, оқыған адамды қызықтырып отырады.

Әрине, мен әдеби сыншы емеспін, қарапайым көп оқырманның бірімін. Дегенмен де, жарық көрген жаңа кітаптың жақсы тұстарын айтып, жаныма жақын тұтар қаламгер інімнің еңбегін бағалай кетуді парызым деп санадым. Өз басым, Ерсінді қоғамда орын алатын кемшіліктерге немқұрайды қарай алмайтын, «публицистік стильді» ұстанған қаламгер деп есептеймін. «Публицистика – қоғам дертінің қандауыры» деген сөзді бір жерден оқығаным бар еді. Расында да, орынды әрі өткір жазылған бір ғана мақаланың арқасында үлкен қоғамдық пікір қалыптасып, кеселге айналған келеңсіздіктің сылынып тасталғанын ара-кідік болсын естіп жүреміз. Ары таза, жаны таза журналист ойға алғандарының бәрін жүректен өткізіп барып жазады. Жүректен шыққан жазулардың көп жағдайда көздеген нысанасына дөп тиіп жататыны сондықтан. Жүрек те еттен жаралған, бәрін көтеруге қауқарсыз, кейде сыр беріп те қояды. Биыл Ерсіннің басынан тура осындай жағдай өтті. Қоғам дертін сыламын деп қапысыз жүрген қаламгердің жүрегіне салмақ түсіп, өзі де дәрігердің қандауырына ілікті. Әйел, бала-шағасы мен ағайын-туысынан бөлек, оны білетін барша жанашыр жандар болып құдайдан амандығын тіледік. Аллаға шүкір, көптің тілеуі қабыл болып, бұл сынақтан да аман өтіп, қайтадан қатарға қосылғанына қуандық.

Таяуда ұлттық басылымымыз «Қазақ әдебиеті» газетінің айқарма бетіне «Құралайдың салқыны» деген көлемді әңгімесі жарияланғанын өз ауызынан естіп тағы қуандық. Өзі бұл туындысын «тырнақалды» әңгімелер қатарына жатқызады екен, ал маған салса Ерсіннің «сұлу жігіттің қияқ мұртын бастырғандай» әдемі мақаласының бәрін көркем әдебиеттің қатарына жатқызар едім. Қарапайымдылығынан бір сәтке ажырамайтын жігіт ағасы, «қызметке қарайлап көркем әдебиеттің ауылына ат шалдыра алмай жүр едім, енді елуден асқан шағымда мүмкін болып жатыр» деп ағынан жарылады. Несі бар, көркем әдебиет Ерсін еңсермейтін асу емес, көкірегінде жатталған көрікті ойларының ертең-ақ кітап болып қатталатынына кәміл сенемін. Ол үшін, «біздің қоғамды «құралайдың салқыны» ұрмаса екен!» деп ел үшін алаң болып жүрген азаматқа Жаратушы иеміздің өзі жар болып, мықты денсаулық сыйлап, жүрегіне тыныштық орнатса екен деген тілектемін.

Қанат ОТАРБАЕВ,

Ұлттық «Парыз» сыйлығы алтын медалінің,

«Құрмет» орденінің иегері,

ауылшаруашылығы саласының үздігі, меценат