Жаңа дәуір әдебиеті: дәстүр және жалғастық

«Қара алтынымен жаһанды жылытып отырған Қарағанды қара сөз, қара өлеңімен де ел жүрегінің етегіне шырақ жағып, жылыта алады…»

Серік САҒЫНТАЙ

 

Екі күнге созылған кітапханамыздың 90 жылдық мерейтойына арналған халықаралық шара алыс-жақын шетелден, еліміздің түпкір-түпкірінен келген кітапхана ісі мамандарын Қарағандыға тоғыстырды. Кітапхана төрінде адамзаттың рухани тыныс-тіршілігінің көзі – кітапхана ісін жандандыруға бағытталған шараның жалғасы ретінде қазақ әдебиетінің, аймақтың шығармашылық шыңдалуына өзіндік үлес қосып жүрген жергілікті ақын-жазушылардың дөңгелек үстел басындағы әңгімемен жалғасты.

Қарағанды өңірі қай заманда да дарынды қаламгерге кенде болмаған өңір. Қарағандының әдеби ортасының талғам биіктігін «Жаңа дәуір әдебиеті: дәстүр және жалғастық» тақырыбында өткен отырыс дәлелдей түсті.

Шара Қарағанды облысының мәдениет, архив және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакеновтің құттықтау сөзімен басталды.

Сөз кезегін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет алып, өткізіліп отырған дөңгелек үстелдің маңыздылығын ортаға салды, қатысушыларға сәттілік тілеп, дөңгелек үстелді жүргізіп отырды.

Алқалы жиын барысында жарыссөзге шыққан жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Өмір Кәріпұлы, ақын Серік Ақсұңқарұлы оқырмандарды қазіргі әдебиеттегі қандай тенденциялар мен кітаптар қызықтыратыны туралы ұсыныстарын айтты. Қазіргі қазақ әдебиетіндегі өзекті мәселелер мен баспа ісі, ақын-жазушылар цифрлық оқу дәуірінде «жазушы – оқырман» диалогы қалай дамитыны, оқырманын қалай көргісі келетіні, оқырманымен кері байланыс қажет пе және олардың пікірлері туралы өз ойларымен бөлісті. Өмір Кәріпұлы кітапхананың 90 жылдығына арнаған өзінің жыр шашуын оқып берді.

Қарағанды облысы Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің маманы Арай Есіркепұлы «Зияткерлік меншіктің авторлық құқықтың тіркеу маңыздылығы» туралы түсіндірді.

Шараға қатысып отырған ҚР МАМ архивтер, құжаттама және кітап ісі комитеті басқармасының бас сарапшысы Дина Аманжолова, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспанова, Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Жанат Жаңқашұлы, жергілікті ақындарымыз Руслан Нұрбай, Мүсіркеп Сейдахмет, Серғазы Қабылдаұлы, Ерқанат Кеңесбек, Эльмира Сайлауқызы, Ерболат Қуатбек,  аудармашы Рымбала Смайылова, ҚР құрметті журналисі Аман Жанғожин т.б. облысымыздың әдеби ахуалын баяндап, Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды филиалының алдағы атқарар жұмыстарына орай ұсыныс-пікірлерін білдірді. Қаламгерлер үшін қашанда еңбегінің бағаланғаны, кітабының шыққаны, оқырманымен шығармашылық байланыста болғаны маңызды.

Әдебиет әлемінде аға буын мен жас толқынның арасындағы сабақтастықты жалғауды мақсат тұтқан шарада жастар да өз ойларымен бөлісіп, жаңа туындыларын оқып, үлкендерден бағыт-бағдар алды. Оқу және заманауи кітап туралы қызықты және қажетті әңгіме диалогы алдағы уақытта қаламгер мен кітапхана арасында осындай әдеби-шығармашылық байланыс одан әрі нығая түседі деген сеніммен өз мәресіне жетті. Қатысушыларға кітапхананың мерейтойлық алғысхат табысталды.

Сандуғаш ТЕЛПЕКБАЕВА,

Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық

әмбебап-ғылыми кітапханасы

Өлкетану әдебиеттері бөлімінің басшысы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *