Жаңа өндіріс іске қосылды

2025 жылдың 4 желтоқсанында Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша ҚАЖД-ға қарасты «№35 мекеме» РММ базасында SIP-панель шығаратын жаңа өндірістік алаңның ашылуы өтті. Заманауи өндіріс 700 шаршы метр аумақта орналасқан жаңа ангарда іске қосылды. Оның құрылысы биылғы қараша айында аяқталған болатын.

Жоба «Еңбек-Астана» РМК және «PPF Kazakhstan» ЖШС бірлесіп жүзеге асырды. Кәсіпкер Ерлан Нұртазин жетекшілік жасаған бұл жұмыс бүгінде алғашқы нәтижесін көрсете бастады — жаңа SIP-панельдерден алғашқы тұрғын үйлердің құрылысы жүріп жатыр. Бұл өнімнің құрылыс нарығындағы сұранысы жоғары екенін айқын дәлелдейді.

Жаңа желі мекеменің өндірістік әлеуетін айтарлықтай кеңейтіп қана қоймай, сотталғандар үшін заманауи жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Өндірістік процеске қатысушылар тұрақты жалақы алып, өтемақы төлеу мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар, олар құрылыс саласында қажет кәсіби дағдыларды меңгеріп, болашақта қоғамға бейімделуге дайындық жасайды.

Ашылған кәсіпорын сотталғандарды әлеуметтендіру бағытындағы маңызды қадам саналады. Ол олардың еңбекке тартылуына, жауапкершілік сезімінің артуына және бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға тез әрі тиімді кірігуіне жағдай жасайды.

Әділ БЕК