Жаңа жоба – арт-кафе

«ACET inclusive» қоғамдық бірлестігімен Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жаңа жоба жүзеге асырылуда. Кафенің алғашқы қонақтары Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен қала әкімі Мейрам Кожухов болды. Олар орталық тәрбиеленушілерінің еңбегімен танысып, жобаның жүзеге асу барысын көрді.

Қарағандыда ерекше форматтағы жаңа жоба жүзеге асуда – қалада алғашқы инклюзивті арт-кафе ашуға дайындық жүріп жатыр. Мұнда менталдық және физикалық ерекшелігі бар жандар бірлесіп еңбек етіп, өз қабілетін танытуға мүмкіндік алады.

Жайлы да жылы атмосфера Майқұдықтағы интеграциялық «Бізбен бірге бол!» орталығында жасақталған. Мұнда барлығы үйдегідей: хош иісті кофе, жаңа піскен тәттілер мен шынайы жылы ықылас.

Айта кетейік Интеграциялық «Бізбен бірге бол!» орталығы Қарағанды қаласында, Магнитогорская көшесі, 2 мекенжайында орналасқан.

Кафенің алғашқы қонақтары Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен қала әкімі Мейрам Кожухов болды. Олар орталық тәрбиеленушілерінің еңбегімен танысып, жобаның жүзеге асу барысын көрді.

Интеграциялық орталықтың жетекшісі Әсел Бекбаева инклюзивті арт-кафе халықаралық тәжірибені негізге ала отырып құрылғанын атап өтті. Бұл жерде ерекше білім беру қажеттілігі бар студенттер кәсіби машықтарын жетілдіріп, еңбек нарығына бейімделудің алғашқы тәжірибесін жинақтайды.

Алғашқы кезеңде мұнда ауысым бойынша сегіз адам жұмыс істейді. Олардың барлығы — 16 жастан асқан, денсаулығына байланысты қоғамға бейімделуі мен жұмыс табуы қиын жастар.

Кафе интерьері ерекше мәнмен безендірілген: қабырғаларды кофе ерітіндісімен салынған картиналар көріктендіріп тұр. Келушілер де өз қолымен кофе суреттерін жасап көру мүмкіндігіне ие болады.

Инклюзивті арт-кафе интеграциялық орталықтың базасында орналасқан.

Жоба «ACET inclusive» қоғамдық бірлестігімен Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асырылуда.

Мұнда 16 жастан асқан менталдық ерекшелігі бар жастар жаңа мамандық алып, қоғам өміріне белсенді араласуға мүмкіндік алады.

Бағдарлама бағыттары кең қамтылған: компьютерлік сауаттылық, бариста, тігінші және аспаз мамандықтарына оқыту қарастырылған.

Көп жағдайда колледж бітіргеннен кейін менталдық ерекшелігі бар жастарға мамандығы бойынша жұмыс табу қиынға соғады. Сондықтан орталықта оларды тек оқытып қана қоймай, жұмысқа орналастыруға да қолдау көрсетіледі.

Бағдарлама әрбір қатысушының жеке қабілеті мен қажеттілігіне бейімделген.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев орталық қызметкерлерімен және тәрбиеленушілерімен кездесіп, олардың жетістіктерімен, жүзеге асып жатқан және алдағы жобалармен танысты.

Қызметтің негізгі бағыттары әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-психологиялық және түзету салаларын қамтиды.

Орталықта психолог, заңгер және әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істейді.

Сонымен қатар жобаға мүмкіндігі шектеулі жандар мен ерекше балалардың ата-аналары белсенді атсалысуда.

– Біздің басты мақсатымыз – ерекше жандардың қоғамнан оқшауланбай, еркін араласып, өз орнын табуына жағдай жасау. Мұнда олар жаңа достар табады, еңбек етіп, өз қабілеттерін аша алады. Ұжымымыз бірлікте жұмыс істейді, және алғашқы нәтижелер көңіл қуантады, – дейді орталық жетекшісі Әсел Бекбаева.

Жақын уақытта орталықта инклюзивті баспахана ашу да жоспарланып отыр.

– Мұндай бастамалар инклюзивті қоғам құрудың нақты үлгісі. Бұл – әр азаматқа тең мүмкіндік берудің маңызды қадамы, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ