Жаңа жоба – Jumys Tap

Жұмыссыздықпен күресу үшін елімізде бірнеше бағдарлама жүзеге асуда. Жақында Қарағанды облысында Jumys Tap жұмысқа орналастыру жобасы басталды. Кез келген адам қысқа уақыт ішінде және тегін жаңа мамандық игере алады.

Jumys Tap жобасына қатысу шарттары жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен брифингте айтылды.

Жоба ресми тіркелген және тіркелмеген жұмыссыздарды, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды, студенттерді, зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдарды, қосымша кәсіп алуға немесе жұмыс орнын ауыстыруға ниет білдірген жұмыс істейтін тұрғындарды жұмысқа орналастыруға және оқытуға бағытталған. Жасы да маңызды емес.

Қарағандыда «Таир» сауда орталығында,  «Ұмай» сауда үйінде, Пришахтинскідегі «Ёжик» супермаркетінде  және біреуі Теміртауда 6-шы шағын аудандағы базарда жоба туралы білуге болады.

– Екінші әдіс – тегін және жедел курстар. Жұмысшыларға сұраныс қала құраушы кәсіпорындар мен шағын және орта бизнес ұйымдарынан келіп түседі.

Оқыту колледждер мен коммуналдық орталықтар базасында өтеді. 60-50-50 нөмірі бойынша қысқа консультациялар үшін кол-орталық іске қосылды. Консультациялық пункттер мен кол-орталық 10:00-ден 19:00-ге дейін, түскі ассыз жұмыс істейді.

Демалыс күндері – жексенбі және дүйсенбі, – деді Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова.

Әзірге қарағандылықтардан курстардан өтуге өтінімдер қабылдануда. Оқу 1 тамызда бес колледж негізінде басталады.

Білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісованың айтуынша, курстар 48 мамандық бойынша өтеді. Олардың ішінде тігінші, шаштараз, шиномонтажшы, электр газбен дәнекерлеуші, сайт жасаушы, бейнемонтажер және т. б.

Курстың ұзақтығы – 5-тен 30 күнге дейін. Теориялық сабақтар да, практикалық сабақтар да жоспарланған. Курс аяқтағаннан кейін мемлекеттік үлгідегі сертификат беріледі.

Жоба аясында жастарды жұмысқа орналастыру үшін Тәттімбет көшесі, 709 мекенжайы бойынша комьюнити-орталық ашылады.

– Жобаның негізгі бағыты – шығармашылық индустрия. Жастар дизайн, подкаст жазу, дыбыс жазу және т. б. дағдыларын игеру үшін курстардан өте алады. Қатысушылардың жасы 14 пен 35 жас аралығында болуы тиіс. Курс аяқтағаннан кейін сертификат беріледі, – деді Облыстың жастар ресурстық орталығының директоры Аида Ысқақова.

Манас АҚСАРЫ

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *