Қарағанды облысында 1 наурыз – Алғыс айту күні кең көлемде атап өтілді. Бұл күн – еліміздегі халықтардың бір-біріне және қазақ жеріне ризашылығын білдіретін ерекше мереке. Биылғы шаралар Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналды.
Қарағанды қаласындағы Достық үйінде «Адамгершілік – асыл қасиет» атты облыстық форум өтті. Жиында өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев Мемлекет басшысының құттықтауын оқып, қатысушыларды мерекемен құттықтады. Ол Ассамблеяның құрылған жылдарында қоғамдағы маңызды институтқа айналғанын атап өтіп, өңірдегі түрлі этнос өкілінің бірлігі мен ынтымағын жоғары бағалады.
Форум аясында «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» ескерткіш тақтасы ашылды. Сондай-ақ, Ассамблея ардагерлері мен белсенділеріне алғысхаттар табысталды. Марапатталғандар қатарында «Намус» әзербайжан ұлттық-мәдени орталығының төрағасы Гюлага Векил-оглы Рзаев та болды. Ол 1928 жылғы әзербайжан халқының депортациясын еске алып, қазақ халқына алғысын білдірді.
Форум барысында «Қайырымдылық керуені» науқаны бастау алды. Бұл бастаманы Қарағанды облысы кәрістерінің этномәдени бірлестігінің төрағасы Лилия Ким көтерді. Науқан аясында Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінің студенті Мұхаметәлі Исайынға көмек көрсетілді. Лилия Ким жастарды жақсылық жасаудан шаршамауға шақырды.
Сонымен қатар, Балқаш аналар кеңесі бұл науқанды қолдап, Алғыс айту күні туған сәбилерді құттықтау үшін перзентханаларға барды. Форум барысында түрлі сала өкілі бір-біріне алғыс айтып, қазақ халқына тарихи кезеңдерде көрсеткен қолдауы үшін ризашылығын білдірді.
«Өмір тынысы» бірлестігінің төрағасы Жәнібек Успанов донорларға алғыс айтты, ал Нұра ауданы автопаркінің қызметкері Асылбек Рахымбеков өз тәлімгерлеріне ризашылығын білдірді. Форум соңында қатысушылар Тәуелсіздік стеласына гүл шоқтарын қойды.
Алғыс айту күніне арналған шаралар Қарағанды облысында әлі де жалғасады. Биыл бұл мерекеге орай 100-ден астам шара өткізу жоспарланған. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында осындай игі істер қоғамдағы достық пен келісімді одан әрі нығайтуға септігін тигізері сөзсіз.
Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ