«Әр адамның өмірі – бір-бір кітап» дегендей, қайратты шағы адал еңбекпен өткен мөлтек хикаятым кейіпкерінің өмірбаяны бізбен замандастың көбіне тән болғанымен, диалогпен өрбитін бұл әңгімеде ешкім бастан кешпеген эпизодтар баршылық. Ендеше, сол бір сәтті кезеңдерді кейіпкердің өзі бастасын.
– Аты-жөнім – Исайынов Мұрат. Атақты Ақайдың Қасені ондаған жыл волостной управительдік еткен Қу болысы аумағында құрылған Егіндібұлақтағы алғашқы колхозшы Исайынның баласы Қуаттың отбасында, Теректі аулының Үлкенбаз қыстауында 1960 жылдың жазында туыппын. Жасым жетіп, зейнеткерлікке шыққаныма бірнеше айдың жүзі болды, – деп көсілді кейіпкеріміз.
Адал Еңбек құдіретімен өскен Қуат әке мен Меккеге үш арқалап апарса да парызы өтелмейтін Күлкәш анадан туған сегіз баланың тұңғышы Мұрат бұғанасы қатқан жасынан бастап үйдің де, қоғамның да жұмысына жегіліп өсіпті. Есі кірген кезден біледі, әкесінің ғұмыры қазақтың ата-түлігі – қой өсірумен, сиыр бағумен, жылқышылықпен өтті. Қоғамға дені таза, санасы сау көп бала тәрбиелеп қосқаны үшін «Күміс алқа» мен «Алтын алқа» тағынған қайран-шеше кезінде сауыншы болды, қой күзетті, «Озат қырықтықшы», «Балбармақты қымызшы» да атанды. Балаларын ауылдың асыл тағамымен әлпештеп, өздеріндей қажырлы етіп жеткізген, немереден шөберелерін сүйген қос шынар жаңа ғасырдың екінші онжылдығын бастап беріп, Жаратқанның құзырына қайтқан екен.
Иман байлығына бөленгір ата-ананың сол алғашқы қолқанаты Мұрат өзі туралы одан әрі былай деген-ді:
– Бастауыш мектептің 3-класынан соң әкеммен бірге таңғы 4-те оянып, маған жүктелген жұмысқа – егінді малдан қоритын «объездщик» міндетіме кірісемін. Қазіргінің балалары түсінбейтін шығар, ол кезде 2-ден 3-ке, 3-тен 4-класқа көшкен оқушылардан бастап, дені сау ұлдар жағын жазда «жасөспірім жұмысшылар» тізіміне алып, күшіміз жететін түрлі жұмысқа салатын. Каникулдың алғашқы айында демаламыз да, «ересек бала» санатында «объездщик», «прицепщик», «қозы-бақташы», т.б. жұмыстарға қатысамыз. Ұйқымыз қанбай жүрген күннің өзінде, үйдегі кішкентайлар көзіне қаһармандай көрінгенде, шаршағаныңды ұмытатын баламыз ғой. Обалы қане, оқу жылы бастала бере жасөспірімдердің әрқайсы учетчиктің бухгалтерияға тапсырған «еңбекке қатысқан күндер» табелі бойынша кәдімгідей еңбекақы алатынбыз.
Бесінші класты бітірген жылым еді, бір атадан жалғыз әкем: «Жасым озып барады, Қояндыдағы ағайын-жұртқа жақындауымыз жөн» деді бір күні. Осы тұста сізге айта өтуім керек: Әкем өткен ғасырдың 32-45 жылдары ел басына түскен ауыртпалықта ата-анасынан 7 жасында, 9 жасар әпкесі Кәзила екеуі жетім қалған екен де, Теректідегі (кейінде іріленіп «Қазақстанның 40 жылдығы» атанған кеңшардағы) жанашыр-жамағайыны Әсияның арқасында мектепке барып, ержетіп, еңбекке араласқан ғой… Исайыннан қалған сол Қуат пен Кәзила өздерінің жеті атасынан бері бай-шонжарлар әулеті саналатын Жарылғап руынан, Тәңірі байлықпен бірге адамгершілікті де молынан берген, әттең-дүние, «байдың тұқымы» болғаны үшін кеңестік үкімет «халық жауы» атандырып, үйіші-үйелменімен Қазақстаннан тысқарыға жер аударған Ақайдың Қасенімен аталас екенін, елде қалғандардың Қоянды жәрмеңкесі орнында құрылған кеңшарда тұрақтағанын да Әсия анадан естіп, жадылаған ғой. Шетінен малсақ шонжар аталарының рухы жебеді ме, кәмелетке толысымен кеңшардан өз алдына жеке бір отар саулық бекітіп алған әпкесі Кәзила Исайынова 80-90 жылдар мұғдарында қой басын өз төлінен көбейту, өнім өндіру жағынан «Теректінің жұлдызы», «Егіндібұлақтың орденді аға шопаны» атанып шыға келеді. Одан көргені бойынша малшылыққа қол ұрған Қуат үйленісімен бірер жыл еркек қой өсіріп дағдыланады да, еттік ірі қара семіртумен табыс қаратады. Бұл кезде алғашқы сәбилерін аялаған он саусағы ісмер, асқа қылап жары Күлкәш шаңырақ сәнін кіргізеді. «Өнерді үйрен де жирен» деп, Қуат отағасы бірер жыл өтісімен ерлер пырағы – жылқышы кәсібінің қызық-қиындығын да бастан кешеді. Балалары қолдың саласындай шамаға жете, өзі де «қамал алар қырықтан» асқан жасында баяғы Әсия апасының «ата-жұртың ежелгі жәрмеңке жақта» деген аманаты есіне оралып, әкеміз Қояндыға қөшеді. Ауданның шығысындағы кеңшардан батысындағы кеңшарға қоныс аударған Исайынов Қуаттың өндірістік мінездемесінен ауылшаруашылығының сағатпен өлшенбейтін сынақтарына даярлығын аңғарған басшылық Қуатты егіс пен орақ, пішен мен сүдігер секілді дала жұмыстарының бригадирі етіп бекітеді.
Сөйтіп маған ендігі каникулдарда шөпшілер бригадасындағы прицепщик жұмысы тиетін болды, – дейді Мұрат Қуатұлы. – Қазақта «құсұйқылы» деген сөз бар ғой, сондай кісілер Қояндыда екен: Ленин орденді Абдрахманов Медеу, Еңбек қызыл Ту орденді Мануов Майдан есімді бригадирлерді газетшілер «өндірістің кіші командирлері» деп дәл суреттеген! Өзім бәрінен мықты санайтын әкем де маған «Өскенде солардай нағыз ер-азамат болуың керек» дейтін. «Жаздың әр күні – жылға азық» деген ұран айғайлап тұрады қос басында да, кеңсе алдында да. Сұлтанбеков Мырзатай, кеңшарға одан соң келген директор Нұркенов Марат, ауылкеңес төрағасы Кәріпбаев Хамит, партком Төкішев Қайыржан, завгар Жұмабеков Қайролла, бөлімше басқарушылары Нұрақышев Мұрат, Бектоғаев Камалдар күнмен таласа жұмыс басында тұрғанда, бала болсақ та – біз де ұйықтап жата алмайтынбыз.
Алтыншыдан жетіншіге көшкен жылы ауыл өндірісіндегі механика принциптерін алақанымдай біліп алған мені енді автотехника сыры қызықтырды. «Ата-балаға сыншы» деген ғой, менің техникаға бейімім, автомобильші болуға ықыласым түскенін байқаған әкем мені Қоянды орта мектебінің 8 класын аяқтаған жылы аудан орталығындағы №182 кәсіптік-техникалық училищеге түсуге ыңғайлады: «Облыс көлеміндегі ең шалғай аудандағы бұл оқу орны – материалдық-техникалық жағынан бірініші орын алатын көрінеді. Техника десе ішкен асыңды ұмытатын сен үшін осы жол қолайлы…» дегені – маған берген батасындай көрінді. Сол оқу жылдарында машинаның әр тетігін, жұмыстың әр принципін теориямен де, практика үстінде де бізге өзінің баласындай жанашырлықпен үйрететін Кучер Василий Михайлович, Ибраев Ақан, Құрманбаев Қабдолла ағалардың, «көкжиектеріңді кеңейтіндер» деп кеңес беретін Нысанов директорымыздың бейнелері 1977 жылы осынан «кеңпрофильді тракторист-машинист-комбайнер», «водитель автомобильного транспорта» мамандықтарын алып шыққан сәттен күні бүгінге дейін көкейімде сайрап тұр!..
Қояндыға бесаспап маман болып оралған Исайынов Мұрат сол жылдары ауылдар өмірінде үлкен жаңалық болған, оның «тілін» курстан өткендер ғана білетін «К-700» алып машинасын тізгіндеп, білім-қажырымен ауызға ілігеді, орақта комбайнға отырса, науқан біте автомашинамен элеваторға дән тасиды. Жастық жалынға толы күндердің бірінде он сегізге толған жігіт Тынық мұхит жағасында көсілген Қиыр Шығыста армия қатарындағы қызметке шақырылып, 1979-81 жылдары өміріне тағылым болған зор сынақтан абыроймен өтеді. Оралысымен, автомобиль жүргізуші мамандығына біржола ауысып, зейнеткерлікке шыққанша қиындығымен қызықтырған осы кәсіпке көп жылдарын арнайды. Кеңшар директоры Сұлтанбеков Мырзатайдың қолынан қабылдап алған КамАЗ автомашинасымен Сібірді түгел аралап, құрылыстық ағаш тасиды, орақта комбайн штурвалына отырады. Аудандық кеңеске бірнеше мәрте қатарынан депутат болады. «Ауданның озат комбайнері Мұрат Исайынов» портреті аудандық Құрмет тақтасынан түспейді.
Ол кезде қазіргідей ақшалай сыйлық деген жоқ, еңбек озаттарын түу сонау Мәскеуден, Алматыдан қатталып-есептеліп жеткізілетін Құрмет грамотасы, Мақтау қағаздары, үкіметтік наградалар мен ведомстволық төсбелгілермен, атаулы мерекелерде дүкенге түсе бермейтін портатив техникамен, көзайым мүліктермен, музыка аспаптарымен марапаттайтын болса, Исайынов Марат Қуатбаласы – осы марапат, сыйлықтардың сан мәрте иегері атанған кісі.
– Менде осы марапаттардың бәрінен қымбат бір марапат бар десем нанасыз ба, – деді осы тұста ол маған, небары алпыс жасында бет-әлпетін мейлінше әшекейлеген әжімдерін әдемі жымиысымен серпіп тастап. – 1979-1981 жылдары әскери борышымды сонау Тынық мұхит жағасындағы Қиыр Шығыста өзіміздің Арқадан барған Әлиев Мұрат, Мауин Панабек есімді егінділік жігіттермен қатар өтедім деп едім ғой.
Службаның екінші жылы сол Хабар өлкесінде әлемді елең еткізген ғаламат табиғат апаты болды. Сол қыста жауған қардың қалыңдығы біржарым-екі метрге тақаған еді де, көктемде құйған жауыннан қалың қар күрт еріп, жағалаудағы күллі кенттерді, көпірлерді, теміржолды, асфальт, бағандарды, жүзжылдық ағаштарды түбірімен қопарып, теңізге лақтырды, жүздеген адам сумен ағып теңіз түбіне кетті… Жолсыз, жарықсыз, азық-түліксіз, қара суықта үйсіз-күйсіз тірі қалғандарды сақтау үшін үкіметтік комиссия шоферлық мамандығы бар мендей солдаттарға үш белдемелі «Урал-375» қуатты автокөлігін басқартып, әрқайсымызға екі офицерден қосып, апта бойы тасқынмен арпалыстырды. Сондағы көрген көрешегім өзіміздің Егіндібұлақ автоколоннасынан кілең сайдың тасындай 10-15 «дальнобойщик» КамАЗистер (Серік Камалиев, Қанат Уәлиев, Қуаныш Үкікөзов, Секен Мизамбаев, т.б. тізгіншілер) астық пен ет тиеп алып, қайтарда күллі Одақ көлемінен – Кемер, Омбы, Тюмень, Красноярдан, Ноғайсібірмен Братскіге, Моңғолиямен шекаралас Таулы Алтайға жетіп, ағаш және басқа халық шаруашылығы жүгін тиеп, қайтадан мыңдаған километрді боран-шашында игеруде сабақ болды. Қазақстан көлемінен де баспаған жолым жоқ, ең жүрдек саяхатшының өзі менің «КамАЗ»-ым жеткен жерлерді көрмеген шығар!.. Елге жетіп, соның бәрін әңгімелейтін уақыт қайда, техника мен адам қолы жетпей жатқан науқанның тұсына дөп келген біздермен «аман-есен жеттіңдер ме» деп сәлемдесуге ғана мұршасы келген бізді басшылар комбайнға, астық тасуға, жайлау-қыстаудың көші-қонына бөледі, қыс түсе К-700-бен жол аршу, жемшөп жеткізу дегендей науқандарға жегеді де жібереді…
– Бәлі, сөзімді түйіндемеппін ғой: сол апаттан елді құтқаруда ерлік көрсеткен автомобильшілерді небір қолға түспейтін бағалы сыйлықтармен марапаттап болысымен, командиріміз мені тағы алға шығарып, «Ударник коммунистического труда» деген алтын жазуы бар төсбелгіні өңіріме таққанда, бойыма күш құйылғандай алапат сезімге бөлендім. Елге оралысымен, партком хатшысы маған коммунистік партия мүшелігіне лайықты екенімді айтып, СОКП қатарына өтуге шақырғанда, әлгі бармақтай төсбелгі мен үшін баяғыда-ақ партиялық билет сияқты болып кеткен-ді!
…Қазақта «Тәңірім сәтін салса…» деген сөз бар. Бірде 1982 жылы сужаңа автомашинаммен желдей есіп, орталықтан қыстақ-бригадаларға керегімді тиеп алып ауылға жөней бергенім сол, бір әсем бойжеткен бұрала басып жолдың оң қапталына шықты да, тоқтауымды өтініп белгі берді. Ол заманда ауылда такси деген болмайды, «жолаушыны жолда қалдырма» деген шопырлардың жазылмаған заңы ғана бар. Дереу тоқтадым. Қызды кабинаға отырғызып жөн сұраса келе, ауылымыздың бас жылқышысы Оралбайдың Целиноградтағы оқуынан каникулға келе жатқан кенже қызы Оразбике сұлу екенін білдім. Бірден қызға көңілім кетті…
Сол күннен бастап көлігім мен «қызмет бабымды» пайдаланып, Орекеңнің жылқы тебіндеріне, жылқышылар қосына не қажеттің бәрін жеткізуге тырысыппын ғой. Оразбикені кешкілік киноға шақырып, қалаға апарып-келіп, «жоғары оқудағы қыз мені менсінер ме?!.» деген мазасыз ойдан, жүрекке түскен ғашықтық дертінен жүдеген күндердің бірінде, Орекең шаңырағынан қалықтап жеткен бір бейкүнә әңгіме жаныма жағып, жігерімді жаныды.
– Мына Қуат бригадирдің шопыр баласы Мұрат мың болғыр жан екен бір, жылқышылардың бар қажетін шығарып, қосымызға соқпай өтпейді. Ауылшаруашылық тойында жылқышылар атынан алғыс айтып, бір костюм кигізсек деп жүрміз, – депті бала-шағасымен кешкілік шәй үстінде оны-мұны әңгімемен отырған бас жылқышы.
– Бәлі, костюмді қайтеді одан қымбат дүниені көздеп жүрген ол жігітіңіз!.. – деп салады сонда отағасына үлкен қыздың күйеуі салмақты жүзбен.
– «Одан қымбат» дейді?.. Ол нендей дүние болғаны сонда? Айтыңдар, тауып берейік ол қымбатын да!.. – депті ғой сонда баладай аңғал отағасы!..
***
Қуат пен Оралбайды мың жылдық құда қылған, Оразбике сұлуды Мұраттың төрт баласының анасы атандырған әулеттік шежіренің осылай әдемі желісі бар екен. Целиноград кооператив институтын тәмамдаған Оразбике маман ауылда универмаг ашылуына себепкер болып, өзі аға сатушылық қызметтің бүге-шігесін реттеумен, балаларын жақсы өсіру қамымен жүріп, ауыл бикелерінің айнасындай абыройға бөленгенін де аңғармайды. Әттең, сол жылдар артта қалып, елдің бәрін әбіржіткен ХХ ғасыр соңында кеңшар тараған, әсем дүкен алақаппен алыстан елдің керек-жарағын жеткізген коммерсант-бикелердің сөресіне айналған 97-жылдан бастап Қоянды ауылдық округі әкімдігінде жиырма жылдай үздіксіз бас маман болып істеген Оразбике Оралова тиянақты, тындырымды мемлекеттік қызметі үшін алғысқа бөленіп, зейнетке шыққан екен.
Бүгінде Мұрат-Оразбике одағынан өрген балалардың төртеуі де – жоғары білімді мамандар: отбасының тұңғышы Дарханнан кейін туған «маңдайдағы жұлдызы, жағадағы құндызы» Жұлдыз ару ауыл мектептерінде қат маман болып саналатын педагог-психолог мамандығын Бөкетов университетінен игеріп шықты. Мұраттың бірінен-бірі ақылды, көрсең көз тоятын төрт перзентінің үшіншісі Раушан да шалғайдағы ауыл мектебіне өте-мөте керек тағы бір заманауи мамандықты Қарағандының актуальды білім беретін «Болашақ» университетінен алып шығып, №35 Қоянды орта мектебіне информатика оқытушысы болып орналасты. Келешек – өмірдің барша саласын цифрландыруда екенін ерте ұғынған Раушан мұғалима қазір арнайы факультатив ашып, пән озаттарымен бірге IT технологиясының әліппесін игеруде. Бұл Раушаныңыз мұнымен қатар – өз шаңырағынан Аман Нұрмақов есімді медицина академигін өсіріп шығарған, сондай-ақ көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нығмет Нұрмақовтың немере інісі болып табылатын Нұрмақов Жәмел ақсақалдың немересімен тағдыр қосқан атақты әулеттің сүйікті келіні.
– Кенжеміз Асан батыр ҚарМУ-дың спорт және АӘД (алғашқы әскери даярлық) факультетін бітірген, қазір облыс орталығындағы бір отауымыз болып, отбасымен қалада тұрады, – дейді Мұрат Қуатұлы 1977-2023 жылдарға ой жүгірте отырып.
– Ойпыр-ай, кеше ғана өткен ғасырымыздың 90-жылдары кеңестік Одақ бір-ақ күнде тарап, жетпіс жыл үстемдік құрған заң-зәкүн күйреп түскенде, Орталықтың «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» болып келгенімізді ұғындық қой: электр қуатынан бастап, қала мен даладағы күллі өндіріс тоқтаған, жұмыс жоқ, жалақы жоқ, заң жоқ, билік жоқ кезді пайдаланып, малшылардың «үкіметтікі» деп көзінің қарашығындай сақтап-өсірген отарлы қойы мен үйірлі жылқысын автомат кезенген рэкеттер тиеп әкеткен қорлығы санадан өшер ме… Сол «экономикалық реформа» жылдары Қояндының бағына Әбдікәрімов Берлібек есімді азамат әкім болып келіп, ақ қар-көк мұзбен бітелген қатынас жолдарын аршу, жарық келтіру қамымен өзіне шоферлыққа алған маған «жол амандығын берсін» дейді де, облыс орталығына салып-жетіп, энергетик-мамандардың тілін тауып, ауылға жарық келтіреді, жанармай тауып, қатып қалған К-700-ге жан бітіріп, мені де қосып жіберіп, азаматтарды жол аршуға салады, дереу сол жолмен шалғайда қалған жұртқа азық-түлік, малына жем-шөп жеткіземіз. Сонда көшуге бет түзегендерге жылы сөз айтуды ұмытпайтын Берлібек оларға көлікпен де көмектесетін… Қысқасы, сол жылдары әр отбасының қорадағы малы ғой атам-заманындағыдай генефондымызды сақтап қалған!..
Ауыл азаматы Нұрлан Қалтаевтың еңбегін айта кеткен жөн. Округтегі тірек мектепті бұрынғы статусында сақтап қалу үшін ол әуелі жігіттермен қаншама баспана тұрғызып, соларға балалар үйінен балалар әкеліп орналастырды. Шымкенттен балалы-шағалы отбасыларды көшіріп-қоныстандырып, оқушы балалар санын көбейтті. Басқа істері қаншама!
Жасампаздық құдіреті – қарапайым еңбектен ерліктің өзін, бай-қуаттылық көзін тапқан, жақсының бәрін туысқан еткен, мұратына ентікпей жеткен Мұрат ардагер, өзіңдей жан көп болсашы байтақ Қазақ елінде!
Назипа АСҚАР,
ҚР Журналистер одағының мүшесі