Жан шақыру

Дүниені жүрек көзінен өткізіп жырлаған Жұмекен Нәжімеденовтің «Қан» деген өлеңі бар. Жылдар бойы көкіректе тұнған шер толқытып шығарған терең толғақты туынды. Ақын онда нешеме жыл тағдыр тақсіретін арқалаған анасының үнемі мұрыны қанап отыратынын жазады. Оған қойған дәрігерлердің диагнозы басқа әңгіме, алайда, ақын пайымы толғандырмай қоймайды. Соғысқа аттанып, оралмаған жарынан жастай жесір қалған шешесінің күні бойы колхоздың жұмысына жегіліп, кешқұрым жетім балаларын алдандырып, түнде шұлық тоқып отырып қыстығып жылайтынын, өте ауыр тағдырын сипаттап келеді де:

«Жер тістеді жеткіземін деп бізді:

табан қызды, тамыр қызды, ет қызды…

Календарлар арқылы емес, сол кезді

менің шешем қаны арқылы өткізді!

 

Дәріден – дауа, қайырым жоқ кісіден,

қайғысына қанмен жылап ішінен…

Ұялсам да жарығынан Күн, Айдың

мен де кейде солқылдап кеп жылаймын.

 

Жас ақпайды сонда көзден, бұ да аса

арзандықтан болмайтыны рас, ә?

Жаспен емес, қанмен ғана жылайды

көзің емес, көкірегің жыласа!» деп, адам өміріне қатысты сұмдық сырлардың бетін ашады. Мазмұнға бай ішті адамның қайғысы да тым терең екенін осыдан аңғаруға болатын шығар. Осы өлеңнің оқиғасын елемей-ақ, «ішінен қанжылау» деген қазақы ұғымды дербес алып шықсақ, шығарма маған Серік Сағынтайдың мына өлеңімен алыстан әрі тым тереңнен байланысатындай сезіледі:

«Бектаудың анау бөктерін гүлді

бөкпе түн басып барады.

Қайтейін мына өкпе құрғырды

алқынған кезбей даланы.

 

Көзінің алдын көк шыбын көміп,

Күн сөніп барад жырақта.

Мен тұрмын үнсіз өксігім келіп,

көзімде жас жоқ бірақ та», деп өлең әрі қарай жалғаса береді.

Затында, кез келген ұрпақ өзіне дейінгі адамзаттың басынан өткерген қайғысы мен қуанышына ортақ немесе сол ақпараттарды бойына сыйдырып тууы бек мүмкін – бейсана. Кейін оқығанда, көргенде, естігенде бұрыннан бар ақпараттар «тіріліп», жасуша ретінде өзімен бір өмір сүріп жүре береді. Мүмкін олай болмауы да. Алайда атам қазақ аруақтап неге шапты дейсіз жауына. Әр жағында, түптің түбінде қалғып кеткен түйсіктер, ақпараттар, кодтар… Арқасына аруақ қонып тұр немесе жеті атасын білген ұл… Жеті атасының атын жаттап алғанды айтып тұрмағаны белгілі ғой?

Секеңнің бұл өлеңін әдебиетшілер қалай талдайтынын білмеймін, бірақ мұндай жырлар талдағаннан гөрі жеке отырып сырласып, мұңдасар үшін жазылар сияқты сезіледі. Жалғыздыққа шақырады. Мүмкін аруақ (жан) шақырады. Қашанғы аттандап шақыра береміз, әтешке ұқсап?

Жалғыздықтың бір аты өзіңді тануға бастайтын жол секілді. Біздің дәуірімізге дейінгі бәлен мыңжылдықтар бұрын тобырдан запта боп, тыныштық іздеген грек Алкман, қазақ даласындағы Қорқыт дәдеңнен бері адамзатпен бірге жасап келе жатқан жалғыздықтың енді бір аты Құдайға тиісті. Қазақ танымында жарты Құдай деген сөз бар. Оны тарқата бастасақ, бүгінгі әлеужеліге байланған түсініктердің санасына сыя бермейміз. Себебі, жалғыздықтың басы да, аяғы да жоқ. Жұтып жіберетін шексіз кеңістік. Жалғыздықта қалған адам жоғарыда ақын айтқандай жылай да, күле де алмайды. Нені көріп, сезінсе де өз ішінде айқаса жүріп ізденумен болады. Оның бір мысалы әлектенгіш Сизиф, аз десеңіз Хэмингуэйдің теңіз кешіп, балыққа жем болуға шақ қалған қара шалы. Кейде, құлдыраған бүгінгі биіктен қарағанда, бұлар да маңайлай алмай қалуы мүмкін. Теңіздің шеті ғана. Әйткенмен, іс-әрекет формасында орындалғанымен, олардың да тырбаңы жалғыздықтың күресі.

Біздің Қорқыттың философиясы бұлардан да терең. Қазақ өзінің кім екенін ұмытқан, білмейтін, бұрынғысын айтсаң сенбейтін халық. Әр адам ішінде жалғыздық шөгіп, теңіз кешіп, акула, киттермен күреспесе, онда ол өзін таппаған, табуға тырыспаған, қысқасы, жоқ адам! Мына өлеңді бірнеше рет тұтастай оқып, бағамдасаңыз көкейіңізге көлеңкесі түсуі де мүмкін ғой:

«Түнек боп өсіп құндақтап алды

тұлғамнан туған көлеңкем.

Мендік бір құштар қыр жақта қалды –

соны іздеп кетем мен ертең.

 

Адыра қылып ақық сырларды,

бозала таңда қоштасам,

Дәл мендей бақсыз, бақытсыз жанды

көрмейді ешкім, ешқашан.

 

Балай ма бейуақ тылсымға ел мұны –

Мен жоқпын жалпақ жалғанда,

Сендегі жүрек күрсінген күні

түсіңе енермін, таңғалма.

 

Бектаудың белін бөктеріп көктем

салғанда сырлы әуенге.

От болып келіп, жоқ болып кеткен,

Мен емес жалғыз әлемде.

Мен емес…»

Қорқыттың жалғыздығы бұлардан да терең, Серіктің жалғыздығы одан да ұзап бара жатқан жоқ па? Мүмкін бәленбай мың жыл қатталған саналардың шөгіндісі тудырған бейсана құбылыстардың сөз соққан бейнесі. Манадан бері, әрине, аталарымыз шақырған аруақты, Қорқытты тегін айтпадық. «…Түсіңе енермін, таңғалма» деген ақын соңында не дейді. От болып келіп, жоқ болып кеткен – Мен емес жалғыз әлемде» дейді. Жауапкершіліктен қашу емес, бұл – өз ішінен өліп тірілуге бейім құбылыс. Гректерде өртеніп кетіп, күлінен қайта жаралған феникс – жасампаз тұлға, Серік Сағынтайша фәни-құс оның бір аты. Мәңгілік жалғыздықтың қолындағы фәнидің құс бейнесі ұшып кеткенше…

Жәнібек ӘЛИМАН

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *