Жанболат БАЙМҰРЫНОВ. КӨБЕЛЕК

– Жей ғой, жей ғой. Іше ғой енді! – соңында даусы шығыңқырап кетті. Аздап шаршағандікі болар. Бәлен сағат бойы тік жүріп жұмыс істеу оңай деп кім айтты? Оның үстіне, осынша жасқа келген шақта кәдімгідей салмақ. – Жә, бар ендеше, – саусақтарын жаза бергені сол, бір бұлқынып әуелей жөнелді. Бұл болса, соңынан көзін сығырайта қарап, баяу күрсініп қойды. Моншақ-моншақ бұрқыраған маңдай тері мұрын арқылы кеп ерніне тырс етті. Бір езулеп бүрке дем шығарды да, жанындағы орындыққа шоңқия кетті. Үнемі осылай. 26-28 градустық дымқыл ауада ебіл-дебіл терлеп жүргені. Азырақ отыра тұрмақ болып еді, қалта телефоны күмбірлеп қоя берді. Домбыра үні… «Көңіл толқыны» күйі… Бір сәт мүлги тыңдап қалып еді, баяу шертілген ырғақ кілт тыйылды. Орнай қалған жым-жырттықта қолын қалтасына апара бергенде, және күмбірлей жөнелді.

– Ау, неге жауап бермей жатсың? Бәрі дұрыс па?

– Үлгермей қалдым, балам. Иә, айта бер, дұрыс, – орнынан тұрып есікті бетке алды.

– Алло? Бүгін қуыршақ әкеледі, мың штук. Естіп тұрсың ба?

– Иә. Қашан дейсің?

– Бүгін, бүгін. Мың штук. Дұрыстап қарап аласыңдар ғой. Майысқан, жарылғандары болса, бірден көрсетіңдер өздеріне. Мадияр жауап бермей жатыр. Өзі қайда жүр? Бірге қабылдап алыссын, тексеріп дегендей. Штугы бес жүз теңгеден, пап.

– Жақсы, жарайды, балам.

– Мадиярға хабарлас, қасыңда болсын. Мен екі күннен соң келемін.

Қарт бұл кезде ауызғы үйде еді. Қалыпты ауадан тынысы кеңіп, сергиін деді. Сол-ақ екен телефонынан тағы маза кетті.

– Ата, теплицадасың ба?

– Жаңа шықтым, балам. Жай ма?

– Ой, ата, жаймаң не? Кеше айттым ғой, заказ бар бүгін. Жүз штук бола ма екен?

– Санағам жоқ, бірақ жүзге жетпейтіні анық.

– Санап көрмедің бе енді? Алпыс бола ма өзі түске дейін? Қырығы кешке дейін дайын болса да жетер.

– Боп қалар алпыс. Ал кешке дейін қырық шығады деп айта алмаймын.

– Жарайды, мен қазір келемін.

Бұл жолы қоңырау шалған Мадияр еді. Немересі. Әкелі-балалы екеудің қашанғы әдеті – осы. Бірі қаудырлатып әкеп жатса, бірі жыбырлатып әкетіп жатады. Телефонда да дамыл жоқ. Бір жағынан, күй ойнағанда, жаны жадырап қалады, бірақ ол ойналып біткенше, кім қоңыраулатып тұрар дейсің, пышақ кескендей сап тыйылады да, ізінше қайта бастайды. Мадиярының қойып беріп жүргені ғой, әйтпесе оны өзі қайтіп ойнату керектігін де білмейді. Телефонында бар болғаны үш-ақ нөмір: бірі Сағаттікі, қалған екеуі Мадияр мен Заринанікі. Жауап беру керек болғанда жасыл нүктесін басуды, қоңырау шаларда ілгері-кейін жылжыту арқылы қажет адамын табуға болатынын біледі. Заринаның телефоны жауап бермегелі жылға жуықтады: Америкада оқуда жүр. Ұлы мен немересінің өзі жетеді бұл бар болғыр телефонды зеріктірмеуге. Терін құрғатып, орамалмен желпініп тұрған қарттың ойына Мадиярдың айтқаны түсті. Е-е, жаңа қазір келемін деген екен ғой, мен неге тұрмын. Қайтадан жылыжай есігіне бұрылды.

Қабырғасының ішкі жағы қарағай тақтаймен қапталған алпыс шаршы метрлік аядай бөлме. Бәлен қабат әйнегі бар терезелері төбесінде. Оның бер жағына жұқа жіптен тоқылған уақ көзді ақ торша қапталған. Төл алу науқаны қарқынды жүрген кей күндері осы алты терезеден құйылған жарықтың өзі көлегейленіп қалады. Жан-жағына көз тастады. Төрт қабырғаны түгел айнала және ортада екі қатар цитрус ағаштар. Аралай жүріп қарамаса, бұлардың қарасы қанша екенін шамалау мүмкін емес. Мұнда банан, апельсин дейсің бе, ананас, лимон дейсің бе – бәрі бар. Жергілікті аймақтарынан топырағы арнайы алдырылған. Мың даналап қуыршақтардың өзін тасып жатқанда, топырақ деген не, тәйірі? Табан асты тұтасымен жатқан жоқ па, күрекпен көсіп ал да, арқалап таси бер. Қабырғаға керілген жіптерді бойлай қаулаған сансыз шырмауық арасынан ақ, қара, қызыл, жасыл қанаттар шалынады. Кейбірі марғау қимылмен өрлеп барады. Бесеу… сегіз… он үш… Жобалап санай бастады. Бұлардың нақты санын ешкім ешқашан білген емес. Дегенмен қырық жылдан астам математика пәнінен сабақ берген Әскербек қарт қалай санау керектігін біледі. Одан қалды, бұл кәсіптен екі жылдық тәжірибесі тағы бар. Қырық үш… Бұта мен жапырақ арасын кем дегенде жиырмасы тасалап жүреді, алпыстан асады екен. Енді инкубаторларды қарау керек. Бәрекелде-е, мұнда екеуі, мына жерде үшеуі қауыз жарыпты. Мынасына да жан бітейін деген екен, төменгі ұшынан қызғылт қоңыр түкті мұртшалар қылтиып, ақырын қыбыр-қыбыр етеді. Ана тұста екеуі дірілдеп тұрған сияқты ғой. Бірінің қанаты кеуіп болғанға ұқсайды дегенше болған жоқ, қағып-қағып жіберіп көтеріле берді. Салмағын ауырлағандай бір жоғары, бір төмен ұшумен барып торшаға қонды да, майда дірілге көшті. Толық кеппеген-ау, шамасы. Босаған қауашақтарын жинап алайын. Сәл еңкейіп инкубаторларға қарап еді, көзі қарауытып, басы айналғандай болды. Соңғы күндері жүрегі лоблитынды шығарып жүр. Тақтайға қағылған ағаш шегелерді қылтиған қалпағынан еппен суырып, ондағы кәдімгі іс тігетін жіппен байланған қауашақтарды баппен шешіп алып жатыр. Шығуы жеңіл болсын деп, қуыршақтардың бас жағын төмен салбыратып жіппен әдейі іліп қояды. Әлденеше рет алынып-салынған ағаш шегелерді орнына бекіту де оп-оңай, бармақпен баса салсаң болғаны, лып етіп орныға қалады. Тақтайдан сөре тәрізді етіліп бөлмені айнала бірнеше қабат құрылған инкубаторлардың бетінде де жайшылықта, ауа температурасы бір қалыпты сақталу үшін, жұқа тор пердешелер тұтылып тұрады. Тропикалық жеміс ағаштары мен өсімдіктер арасынан, бір қарағанда, бар-жоғы байқалмайды да. Кішігірім тоғай. Қиын жұмыс жоқ. Әйтсе де кей уақта зеріктіріп жібереді, мимырт тірліктен шаршайды да. Жеті атасының ғұрпында болмаған, құлақ естімеген кәсіппен жетпіске толған шағымда айналысамын деп ойлап па? «Жүре берсең, көре бересің» деген. Кенет күй ойнай жөнелді.

– Алло! Мадияр: «Бүгін тойдан босамаймын», – дейді ғой, бірдеңе қылып өзің қабылдап алсаңшы. Бануға айттым, ақшасымен өзі есептеседі.

– Ә, иә, иә.

– Әр қорапта жиырма бестен, қырық қорап беру керек. Өзің бірдеңе қылшы. Қанша дегенмен, бәлен мың балаға есеп-қисап үйреткен адамсың ғой, сенің қолыңнан келеді, пап.

– Е, есепті білеміз ғой, – езу тартып қойды.

– Айтпақшы, пап, қуыршақтарды іліп әуре болмай-ақ қой, ертең Мадияр айналысар. Сен демал. Осы жолы барған соң, амандық болса, жұмысшы аламын. Сәл шыдай тұршы, түсінемін.

– Шыдамағанда ше, қол басындай қырық қорап санап алғаннан мұрным қанар дейсің бе?

– Өй, біздің шал мықты ғой… – әр жақтан баласы ыхыхылай күліп жатыр.

Әзілі ме, шыны ма, Құдай білсін. Кейде осылай «шал» деп қоятыны бар. Бірақ оны көңілге алып жатқан бұл жоқ. Десе дей берсін. Сағатымның көңілі таза. Аз да болса Отанға, Қазақ еліне, қызмет етті. Жиырма алты жасынан шекара қызметіне кіріп, үш жыл бұрын зейнетке шыққанша тұп-тура он тоғыз жыл табан аудармай еңбек қылды. Сағитымдай емес. Қарттың жүрегі шымыр ете қалды. Көмейіне өксік тығылды. Бір қолымен алқымын, енді бірімен кеудесін ұстап ауыр жұтынды. Сағитым… Кеңсірігі дуылдап, әлі де нұры таймаған жанарына жас үйірілді. Қайдан ғана есіме түстің? Сен бір шіріген жұмыртқа болдың ғой. Отаныңа опасыздық, қаныңа сатқындық жасадың!.. Тістене күбірлеген қарт ақырын адымдай барып орындыққа жайғасты.

Тоқсаныншы жылдың бел ортасында ел тұрмысы шынында да мүшкіл еді. Жылдап жалақы алмаған кездері әлі есінде. Пошта, мәдениет үйі, дүкен дегендер тегіс қаңырап, жаппай жұмыссыздық белең алған кез. Бұған дейін мемлекет асырайды деп келген халық енді мемлекетті асырауға мәжбүр болды. Ауыл тіршілігі қорадағы малға қарап қалған шақ. Жұрт нанның әр тілімін санап, есеппен жеген кездер. Қаладағы тірлік тіпті адыра қалды. Тұрғындарға, жалақыны былай қойғанда, не жылу, не су берілмеді. Ертеректе, тәуелсіздік алар тұста, Сағиты немістен келін түсіргенде, әкемнің кегі қайтатын болды, соның өтеуіне неміс қызы ұрпағымды өсіретін болды деп қуанып, іштей шүкіршілік қылып еді. Бекер екен. Қазақтың ұрпағын қазақтан басқа кім өсірсін? Ақыры қиын-қыстау күн туғанда, Сағиты Германияға тайып тұрды. Қоштасуға қаладан келгенде, бар білгенін айтып, ниетін бұрмаққа тырысып бақты. Бірақ, не шара, ұлы алған бетінен танған жоқ. Тіпті болмаған соң, атадан жалғыз қалдырған сол неміс екенін, ендігі жерде ұрпағының көз алдында өскенін, немересіне ата жолымен тәрбие беруді қалайтынын айтқан. Сонда не деп еді? Не демеді ол!.. «Қайдағы тәрбие, пап?! Сен біздің қай уақта мектеп бітіріп, қашан мамандық алғанымызды да білмейсің ғой! Ертеден қара кешке дейін мектебіңнен шықпайсың, сенің ұрпағың – сол мектептегі балалар. Берсең, тәрбиеңді соларға берген шығарсың! Бізге не бердің? Әке боп шүйіркелескен кезің болды ма бір?! Жоқ! Мамамыздікі де солай. Біз садикте, одан қалды, интернатта өстік. Ата-анамыздың барын сезіне алмадық, балаларым екен деп сендер де іш тартпадыңдар. Бізді қоғам тәрбиеледі, сол қоғамның ыңғайымен жетілдік. Енді тағы да сол қоғамдық шешіммен кетіп барамын. Бірақ мен тегімді ұмытпаймын. Заман түзеліп жатса, қайтып ораламын…» – деп еді. Онан арғысын тыңдай алмады. Немересін құшақтап: «Сенің руың – қаракесек, қаракесексің сен! Ұмытпа! Жарай ма, жарай ма?!» – деп екі қайтара ескерте айқайлаған да, қайырылмастан ауыл сыртына тартып кеткен-тін. Немересі есіне сақтады ма, сақтамады ма, осы күні көзі жетпейді. Небәрі төрт жаста еді Данияры ол кезде. Сол күйі үйіне кештетіп оралды. Ұлы мен немересінен тірідей айырылған кемпірі қайғыдан теріс қарап жатып қалыпты. Ол кезде кемпір дейтін кемпір де емес еді.

Қашаннан бері екені белгісіз, «Көңіл толқыны» күйі ойнап тұр. Қанша отырғаны да есінде жоқ. Маңдайдан сорғалаған тер парлаған жаспен аралас бетін жуып кеткен. Бірнеше тамшысы аяқкиіміне тамыпты. Қол орамалын шығарып беті-көзін сүрткен қарт телефонын алды.

– Ата! Амансың ба?!

Қарт кеңкілдеп күліп жіберді:

– Е, аман емей. Сонда кіммен сөйлесіп тұрмын дейсің?

– Ой, ата, он рет звондадым ғой. Есікті ашшы, іштен жауып алыпсың.

Жанында бейтаныс екі адам бар Мадияр кірген бойда шұбырта жөнелді:

– Мұнда көбелектің, айттым ғой, отыз түрі бар. Мынау Большая яйцекрылка деп аталады, көрдіңіздер ме, қанаттарында құс жұмыртқасының бедері бар. Бағасы да қымбат емес. Ал мынау – Пламенный Харакс. Қанатының орта тұсынан басқасы тұтасымен алау түстес. Ұшқан кезде, ауада лапылдап от жанып жатқандай көрінеді. Эстетикалық әсері басым болғандықтан, жаңағыдан қымбаттау. Мына тұрғаны – Парусник Палинур. Байқадыңыздар ма, қанатының үстіңгі жағы теңіз толқыны сияқты, ал жинаған кезде, кәдімгі парусникке ұқсайды. Бұл әлгі екеуінен де қымбатырақ. Анау тұрған – Ласточкин хвост. Жүріңіздер, жақындап көрейік. Төменгі қанатын байқадыңыздар ма, қарлығаштың құйрығына ұқсайды, ә? Жанында тұрғаны – Ангольская Белая Леди. Анау жоғарыдағысы – Абрикосовая серница. Одан да қымбатын көргілеріңіз келсе, мына Африканский лунный мотылекке қараңыздар. Қанаты да, мұрты да ешқайсысына ұқсамайды, әдейілеп заказбен жасатқандай. Жайып жібергенде, жиырма алты сантиметрге дейін жетеді. Міне, қараңыздар. Қайсыбірін айта берейін, бәрі де өздерінің атауларына ұқсайды шынымен. Мысалы, Серые глазки, Синие глазки, Леопард, Тигровая бабочка дейміз, одан басқа Крейсер, Большая южная белянка, Парусник Тоас, Золотистая птицекрылка дегендер бар. Атлас, Голубой морфо дегендерді Эквадор мен Боливия ормандарынан алдырамыз. Бәрінен де қымбат! Түрін көрсеңіздер, себебін түсінесіздер, міне, қараңыздар, – аспандай мөлдір қанатты біреуін ұстап көрсетіп жатыр. – Үсті көгілдір, асты сұрғылт және мынадай өрнектері бар. Қараңыздаршы, міне, ұшырамын.

– Еһ, шіркін! Керемет екен! – бір қонақтың көзі жанып түсті. Екіншісі тек басын шайқап, таңдайын қаға берді.

– Енді мұнда жүріңіздер, – Мадияр аяғының ұшымен лыпып жүр. – Ең кереметін әлі көрген жоқсыздар. Міне, Зеленая птицекрылка. Бұл – біздің ғана емес, тропикалық ормандардың мақтанышы. Қанатының формасын қараңыздар, формасын. Енді бояуына қараңыздар, жасылы мен қарасы басым. Астын қараңыздар, міне, сары, көгілдір, қара, қызыл, жасыл. Бәрі де қанық. Қалай, ұнай ма?

– Нағыз гармонияны бірінші рет көріп тұрмын, не деген әдемілік! – мұны айтқан да жаңағы бірінші қонақ еді. Екеуінің жас шамасы орайлас. Тек екіншісінің таңданыстан тілі байланып қалған, әлі таңдай қағып, басын шайқаумен тұр.

– Үнді халықтары бұл көбелекті ерекше қадірлейді. Біз «бақыт құсы» деп жатамыз ғой, олар да мұны солай қабылдайды. Жастары отау құрғанда, алақаннан ұшырып, соңынан тілеу тілеп тұрады екен. Және бұл көбелектің популяциясы соңғы жылдары тым азайып кеткен. Арнайы қорғауға алыныпты. Сондықтан бағасы да соған сай. Нағыз той көбелегі.

Немересінің бұл айтып тұрғандарын атасы жатқа біледі. Екі жылдан бері талай естіді. Тек келушілері өзгеріп тұрады. Бұл өзі мұғалімнің жұмысынан да мазасыз сияқтанып көрінеді кейде. Мұғалім әр тақырыпты жылына бір-екі қайталайды ғой. Ал немересі күніне кейде үш-төртке дейін қайталап жатады. Сағаттың да айтатыны – дәл осы сөздер. Қарт осы күні тапсырыс берушілер мен сатып алушылардың сырт келбетіне қарап-ақ алатын-алмайтынын аңғаратын күйге жетті. Кейбірі әрқайсысының бағасын бірнеше қайыра сұрап, саудаласуға көшсе, кейбіреуі шамасы жетпесін білгеннен кейін салы суға кетіп, амалсыз келген ізімен қайтып жатады. Енді бірі осы жерде тұрып жан-жаққа қоңырау шалып, қарызға ақша іздейді. Тіпті болмаса, банкке үміт артады. Қайсыбірі үндемей келісе салады. Әне, қол алысып ризалығын білдірген боп жатыр. Демек, келісім жасалды. Бағасы туралы сөз де болған жоқ. Мұрындары тершіп апты. Жауды жеңгендей желпінісіп тұр.

– Ауа ылғалдығы жетпіс-сексен процент болу керек. Әйтпесе барлығы қырылып қалады. Тропикалық ормандар… – дей беріп еді, екеуі кететіндіктерін білдіріп, Мадиярдың сөзін бөлді.

Олардың келудегі мақсаты орындалды, өзге әңгіме қызықтырмайды. Қарт мұны да біліп тұр. Бұлар сөйтеді. Адам деген қызық. Қарапайым жан үшін жаңағы жасыл қанат көбелегің де, шалғынды жайлаған дала көбелегі де бір. Айырмасы неде деп бас ауыртпайды да. Кейбіреуі айырмасын білгенімен, сатып алуға құлшынғанын көрмейсің. Байларда бәрі бар. Қайда барам, қашан барам, не кием, не ішем демейді. Бірақ сөйте тұра титімдей ғана өзгеше қуанышқа зәру. Шындығында, бақытқа зәру. Жиын-тойда көбелек ұшырғанға қуанады. Оның бірі барып басына, қолына қонып жатса, балаша мәз болады. Кейде онысы ақымақтық болып көрінуі мүмкін, кейде, тіпті, аяғың келеді… Көбелектің ұшқаны мен қонғанынан да бақыт іздейді және бір сәтке болса да сол бақытымен қауышып жатырмыз деп есептейді…

– Ата, – немересі ойын бөліп жіберді, – мына кісілер бір ғана тойға ең қымбатынан жүз көбелек заказ беріп кетті.

– Не дейді, бағанағы жүз көбелегің осыларға ма?

– Жоға, ол бүгінгіге ғой, алты тойға. Ал мыналардікі бір айдан кейін. Айтпақшы, қазір алпысын алып кетемін.

Ең қымбатынан дейді, ә? Жүз көбелек. Атлас, Тұңғиық, Жасыл қанат болды ғой. Өзінше Голубой морфоны Тұңғиық, Зеленая птицекрылканы Жасыл қанат деп атайтын. Жасыл қанаттың біреуінің өзі жиырма мың теңге…

…Арада айлар жылжып, сәуір туды. Сағат екеуі жылыжайда. Күн түске тырмысып қалған кез. Екеуі таң атқалы дамыл көрген жоқ. Таяуда тағы да мың қуыршақ алдыртқан болатын. Ендігісі – солардың қамы. Сары, көк, қызыл, ақ, жасыл түсті қуыршақтар ілінген инкубаторларда бос қалған қауашақтарды жинап алды. Көбелектер таза жерде жақсы өседі. Сондықтан жылыжай іші, қашан қарасаң да, жылан жалағандай боп жатады. Қазір екеуі екі жерде қанаты кепкендерін жекелей ұстап алып қолдан тамақтандырып отыр. Онша қиын шаруа емес. Бірақ жүзден астам көбелектің қайсысы тоқ, қайсысы аш екенін ажырату – қиынның қиыны. Кейде бір ұстағаныңды екі ұстап әкеп жатасың. Бұлақтың жылытылған суына бал араластырып, соған көбелектің тұмсығын матырады. Ол шіркіндер де ә дегеннен іше қойсайшы, тұмсығын ширатып алып еркелеп бағады. Ондайда ағаш мәсуекпен жазып, балды суға матырып тексереді. Әскербек қарттың қолы қалт-құлт. Өзі бір – ине сабақтағандай жұмыс. Ширатылған тұмсығының көзіне дәлдей алмай әуре. Ағыл-тегіл терлейді. Дәл бұлай туған балаларын мәпелемеген еді. Мектеп жұмысынан қолы тимейтін.

– Пап, демалсаңшы үйге барып. Осы жұмыс сенсіз де бітеді, – деген Сағат жанына келді. – Болды, демал, – әкесінің қолындағы көбелекті алып, сөредегі апельсин тіліктерінің үстіне қойып еді, жалма-жан тұмсығын жабыстырып тұра қалды.

– Шаршағам жоқ, балам. Үйде не істеймін демалғанда? Онан да осында жүрейін, өзіме – ермек, саған – көмек, көбелектерге – тамақ, бап.

– Қанша шаршамаймын дегеніңмен, оңай емес. Ең болмаса осы жерде отырып тынықсаңшы, көзің сығырайып кетіпті, – көзілдірігін алған әкесінің жүзін орамалмен құрғатып жатыр.

Әкесі «қажет емес» деген ишаратпен басын шайқады. Сағатым бауырмал-ақ. Мадиярым өзіне тартқан. Қазір ол да кеп қалар. Және еңбекқор өздері, онысы енді маған ұқсаған. Әлемнің түкпір-түкпірінен осынша көбелектің қуыршағын жайдан-жай кім әкеп берсін әйтпесе. Зейнетке шыққанымнан кейін қоярда-қоймай қалаға, жанына, алды мені. Онда да келгім келмеп еді. Ауылға не жетсін… Кемпірім кеткен соң, қубас атанып өлмейін дедім. Жағдайым жаман емес, алты жыл өтті. Қайта кейінгі жылдары мына көбелектері тәп-тәуір ермек болды өзіме. Ал бұл болса, «шаршайсың» дейді. Өзі де дамыл көрмейді, әйтеуір. Менен кейін бес жылдан соң өзі де зейнетке шықты. Сонша тағатсыздана күткеніне болайын, үйге сыйып бір ай ғана отырды. Ақыры осы кәсіпті бастады. Жүз қуыршақ әкеп еді, тең жартысы қауыз жармады. Жарыққа шыққанының жарымы босқа өлді. Шығыны асып кетті. Бірақ талмай жарнамалаумен болды. Әйтеуір, Мадияр алып кетіп іске жаратты қалғанын. Бір жылдан асқанда қала сыртынан үш қабатты зәулім үй салдырды, оның жанынан осы жылыжай қаздиды. Жылыжайда өсімдік өсіруші еді, мұнда басқаша. «Бұлар да – гүл, тек қанаты бар, ұшады», – дейді Сағат өзі. Гүл десе – гүл, расында. Қауыз жарғаннан кейін төрт-бес күн ғана өмір сүреді. Қалай дегенмен, жасанды орман ғой бұл жылыжай. Әйтпесе өз жерінде екі апта, кейбіреуі онан да ұзақ дәурен құрады екен. Ол да аз. Сонысына қарамастан өздері пысық-ақ. Екі-үш күннен кейін жұптаса бастайды. Ауада шиырлай айналып, жұпқа шақыру биін билейді. Онан әрі жапырақ біткенге жұмыртқа салады. Уақытында сылып тастамасаң, дүниені жайпап жібереді.

Қарттың ойына желтоқсан айында өткен жетпіс жылдық мерейтойы түсті. Сағаты бес жүз адам жиып, «Орда» дәмханасында үлкен той жасады. Ара ағайын мен ауылдас-құралас, дос-жаранның бәрі шақырылды. Мерейім бір шалқып еді. Өмірімде көрген дүбірлі тойым да – сол. Бұған дейінгі той деп дабырайтып жүргендерім әншейін жиын екен. Сол күні әр қонаққа жеке құрмет ретінде бес жүз көбелек ұшырылды. Нағыз керемет деп соны айт. Халайық есінен танды. Бәрі жапырлап табаққа қонып, сорпа-суға түсер деп ем. Жұрт әп-сәтте жапатармағай ұстап, соңынан үйлеріне алып кетісті. Қызықтың көкесі ертеңіне болды. Бірінші болып жылыжайға кірген Сағат шашын жұлып байбаламдап шықты. «Құрттап кетіпті түгел, дым қалмапты! Мақұлықтар! Түгін қоймапты», – дейді басын ұрғылап. Не болғанын ұқпай үрейленіп қалған едік, көзбен көрген соң түсіндік қой. Десе дегендей-ақ. Цитрус ағаштары мен тропикалық өсімдіктердің тамтығы да қалмапты. Сояу-сояу діңдері мен жуан бұтақтары жыбыр-жыбыр, құж-құж қайнайды. Тоймен жүріп кешкісін жұмыртқа терілмей қалған еді. Мұншама мешкей болар ма? Күнде көріп жүрген сұлу көбелектер осындай ұсқынсыз мақұлықтардан жаралады деп кім ойлаған… Жылыжай іші кешегі тойдан қалған ыдыс-аяқ пен сүйек-саяқ құсап жайрап жатыр. Абырой болғанда, үй толы цитрус ағаштары еді. Жылыжайды сыпырып-сиырған соң, соның бәрі осында көшірілді. Қайта бес жүзін тойға жұмсады. Әйтпегенде не боларын Құдайым білсін. Алланың шеберлігіне қайран қалам. Дәл осындай жұмыртқадан жыланды да шығарып қойған құдіретке не уәж айтасың?..

Сағат апельсин турап, сөрелердегі тәрелкелерге салып жүр. Қалбаңдай ұшып, дыбыссыз жеңіл сырғыған көбелектер жас апельсинге жапырлай қонып жатыр. Иісшілдерін қарашы. Қарт Анголь ақ аруын әкеп тұмсығын жаза бастады. Бұл – осымен бүгіндікке тамақтандырып отырған жиырмасыншы көбелегі. Бал суына тұмсығы тиген бойда соруға кірісті. «Е, осылай етсеңші», – деп қояды күбірлеп. Өздері құрт кезінде қанша мешкей болса да, көбелекке айналған соң тым қанағатшыл. Талмай сорып сәл тұрады да жайына кетеді. Әскербек мырс етті. Сол құрттарың, қалай жиіркенішті десең де, пендеге ұқсайды. Оның да, мұның да аузында дамыл жоқ. Қыбырсыз қалып, жаны кеудесінен ұшқанша, тек жалмай береді.

– Қалай, түстенеміз бе, шал? – баласы көңілді. – Біраз қыбырладық. «Еңбек түбі – зейнет» деген. Осы кезге дейін түнде ұйқы, күндіз күлкі көрмей жұмыс-жұмыс деп қызмет бабымен құр арамтер болған екем. Нағыз табыс көбелекте екен ғой. Айтпақшы, ұмытып кетіппін, кеше: «Жарнама бойынша хабарласып тұрмыз», – деген соң, мекенжайды берсем, екі жігіт келіп менен жезөкше сұрайды, – қарқылдап тұрып күліп алды. – Бастапқыда әзілдеп тұр ма дедім. Сөйтсем, «түнгі көбелек», «күндізгі көбелек» дегенді өздерінше түсінген екен. Өздері де ыңғайсызданып қалды. Мадиярға айту керек, «түнгі», «күндізгі» демей-ақ «көбелек» деп бере берсін жарнамасын. Жүр, шығайық, – кетуге ыңғайланды.

– Иә, қазір, бара бер, – әкесі тіксініп қалды.

Не заттан болса да, әркім өзіне керегін көреді деген. Бала күнімде жоғалған қой іздесек, тас біткеннің бәрі қой боп, сиыр іздесек, сиыр боп көрінуші еді. Қарай гөр…

Анголь ақ аруы мамырлап көтеріле берді. Міне, бұл – күндізгі көбелек. Жарық барда, ширақ та, алагеуімде жасырынып қалады. Жапырақ тасасына қарай ауып бара жатқан мына біреуі – Ай көбелек. Африканы мекендейді. Бұл, керісінше, қараңғыда ұшады. Күндіз жапыраққа жабысып, тапжылмай бұғып отыра береді. Есесіне ғұмыры ұзақтау: он-он екі күн жүреді.

– Пап, енді қашан? – қайта кірген Сағат жан-жағына қарап тұрып қалды. – Менің асыраушыларым! – деді сонан соң. – Баяғыда ойыма келсеші. Жәндіктен табыс алуға болатынын біліппін бе? Енді, қарашы, миллиондармен сөйлейтін болдық. Теплицаны үлкейтіп, жұмысшы алу керек, – ыңылдап әндете бастады.

Қарт алақанымен желпініп, білегімен маңдайын сүртіп қойды. Тәубе дейді іштей. Миллиондармен… Көбелектер ше, бұлар не сезінеді екен? Өздері осы жүргенде қарғыс жаудырып жүрген болмасын?.. Денесі оқыс дір ете қалды. Онсыз да тұтамдай ғұмырлары үш-төрт есеге дейін қысқарып қалып жатқан жоқ па? Даусы шығып кетсе керек, Сағат: «Бұлардың көбелек болып жаралғанына біздің қатысымыз жоқ, – деді. – Өз жерінде төрт, тіпті, бес есе ұзақ жасайды дейік. Онысынан не қайыр? Иесіз орманда бұлардың әдемілігі кімге керек? Онан да ел көріп, жер көріп, жұртқа қуаныш сыйласын. Қайта бұларың бақытты, адамға пайдасы тиіп жатыр».

Әкесі жауап қатпады. Бірақ көбелектердің өмірге құштарлығын күнде көріп жүр. Қауызын жарып шыға сала ұрпақ жалғауға қам жасайды. Онысын біздер тып-типыл етеміз. Баяғыда, жұрттың бәрі «Батыр ана» болып жатқанда, қосағы талай қыңқылдап еді: «Балаларға серік қосайық», – деп. «Жұмыстан демалу үшін әдейі жасап жүрген қулығың», – деп бой бермеген – өзі. Көбелектің ақылындай ақылым болсашы… Ең болмаса бұл жәндіктердің осы қасиетін жұбайларға берсін. Тропикалық елдерде көбелектің қуыршаққа айналуын шынайы өмірге жалғасатын аралық кезең санайды екен. Ағашы бар, басқасы бар – жерге тамыр байлап тіршілік ететін өсімдік бойынан әрі аса алмай, соны ғана кеміріп, сонан өзге ләззатты білмейтін құрт қуыршаққа айналған соң, көбелек боп ұшып шығады. Онан арғы өмірі тым қысқа. Бірақ шынайы әрі баянды. Қанаты жеткен жерге дейін бара алады. Жер бауырлаған құрттармен шаруасы жоқ. Қалаған гүлі мен жеміске қонып, тозаң жейді, шырын сорады. Аз күнге болса да еркін… Көбісі құрт күйінде өледі. Нағыз мағынасыз өмір солардікі. Шынайы тіршіліктің бар екенінен бейхабар күйі жоғалады сорлылар. Соғыстан мүгедек боп оралған әкесі айтып жатушы еді өлер алдында: Құрсақта жатқан егіз ұл дауласады екен. Бірі: «Жарық дүние деген болады, біз соны көретін боламыз», – десе, екіншісі: «Сен көріп пе едің сол дүниені? Көрген жоқсың. Ендеше ондай өмір де жоқ. Біздің өміріміз осы құрсақта», – деп тұнжырайды. Күндер өтіп екеуі дүниеге келеді. Ержетеді. Сонда біріншісі: «Бұл өмір де уақытша. О дүние деген болады. Біздің тәніміз өледі, жанымыз мәңгілік өмірге аттанады. Ол жақта жұмақ, тозақ деген бар», – десе, екіншісі тағы да: «Ол жаққа барып көріп пе ең? Көрген жоқсың. Біз өлген соң, өміріміз осымен тоқтайды», – деп сенбейді екен. Ол кезде небәрі алты жаста едім. Әкем қазір жұмақта жүрген болар…

– Алло! Иә, тыңдап тұрмын. Оу, Бәке, сіз бе едіңіз? – Сағат телефонмен сөйлескен күйі шыға берді.

Телефонында маза жоқ. Таныстары көп. Қуыршақ жеткізіп беретін де – сол таныстарының адамдары. Үндістан, Амазонка, Филиппин, Эквадор, Шри-Ланка, Индонезия, Перу, Мексика, Венесуэла сияқты елдерден жиналатын қуыршақтар контробандалық жолмен Украина арқылы жеткізіледі. Бар әлемді айналып келеді. Ұлының айтуынша, заңды түрде сатып алса, бағасы бәлен есе қымбат көрінеді.

Қарт орнынан тұра бергенде, есік қайта ашылып:

– Пап, қосымша табыс көзі ашылды! – деп айқайлай кірді ұлы бұл жолы. – Көбелек қанатын өткізетін жер табылды. Жүз грамы мың доллар. Ресейде тропикалық көбелектің қанатымен сурет салады екен. Мыналарыңның әрқайсысы алтынмен тең болды ғой. Сатылымға түспей өліп қалғандарының қанатын қиып алып жинау керек мұнан былай. Қой, мен сенімді жұмыскер іздейін. Әуелі түстеніп алайық, Бану күтіп отыр.

***

Жазғасалым Сағат күтпеген жерден қарақшылар қолынан соққыға жығылды. Жансақтау бөлімінде бір апта жатып, ақыры үзіліп тынды. Аурухана ішін әрлі-берлі кезіп ештеңе ұға алмаған ол далаға шыққанда, тізерлеп отырған әкесін құшақтай үстінен төніп жатқан Сағитты көрді. Мына жақта екі-үш адам мұның аппақ қуыршағын мәйітханадан шығарып келеді екен. Сол кезде табаны еркінен тыс жерден көтеріле берді. Жеп-жеңіл… Жап-жарық…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *