Ел тарихында өзіндік орны бар, есімдері өшпейтін ардагер тұлғалар аз болмаған. Ата-анамыздың көзін көрген, шарапаты тиген ауыл адамдары бүгінге дейін жақсылықтарын, кісілік қасиеттерін, үлгі-өнегелерін ауыздарынан тастамай, еске алып отырады. 1903 жылы өмірге келген әкеміз Шөкей Нұршаұлы өзінің алғыр, зеректігінің арқасында алдымен ауыл молдасынан сауатын ашып, өзбетінше төте жазуды үйреніп, одан кейін латын, орыс тілдерін меңгереді. Кеңес үкіметі орнаған соң бітімі ширақ, қажыр-қайраты мол азаматты аудан белсенділері демеп, Семей қаласындағы жоғары партия мектебіне оқуға жібереді.
1937-38 жылдары Семей қаласындағы жоғары партия мектебін бітірген әкеміз Шөкей Нұршаұлы Қарқаралы ауданына қарасты Ынталы колхозында алғашқы еңбек жолын парторг болып бастайды. Осы тұста жазықсыз жандар жапа шегіп «халық жауы» атанып бірі итжеккенг еайдалып, енді бірі нақақтан-нақақ жалалы болыпа тылып жатқан қиын кез-ді. Әкем нақақ ұсталып отырған бес бірдей азаматты босатып жібереді. Келесі күні партбилетін столдың үстіне қойып, жұмыстан босатуды сұрайды. Өйткені, бес бірдей нар азаматты қорғап, бала-шағасының сауабын алды. «Екі қолға бір күрек» табылатынына сенімді еді. Партия қатарында жүріп оқыс оқиғаларға куә болып, ел-жұртқа қысым көрсеткенше қарапайым ғұмыр кешкенім әлдеқайда артық деп ойлады. Кейін белсенді басшылар қайта-қайта шақырса да бұл соқпаққа қайта оралмады. Сөйтіп жүргенде Ақмола қаласында шопырлар дайындайтын курс ашылып, алты ай сонны бітірген соң, Қарағанды мен аудан орталығына жүк тасиды. Әкеміз аудандағы қала берді облыс аймағандағы ең алғашқы көлік жүргізуші болды. Ойламаған жерден соғыс өрті тұтанып, ел азаматтары қан майданға аттанады. Анамыз Шамшіман Жүнісқызы әкемізді майданға аттандырып тұрып, барлық құжаттарымен бірге шопырлық куәлігін қоса салады. Сөйтіп, анамыздың ұқыптылығының арқасында әскери су жаңа машинаға ие болады. Орыс тілін жетік білетін елгезек, бар нәрсеге ыңғайлы, көкшіл көзді жолтапқыш азамат атақты Рокосовскийдің армиясында болады. Армия генералы Рокосовский алғы шепке үнемі Нұршаұлын жұмсайтын болыпты. Оқ-дәрі тасу міндетін мінсіз атқарып, қайда жұмсаса да тындырымды ісімен көзге түскен қазақ жігітін армия-генералы да құрмет тұтыпты.
Соғыс кезінде желкесіне жау снярядының жарықшағы тиіп, алты ай майдан госпиталінде емделіп, қайыра жорық жолын жалғастырады. Майдангер әкеміз Венгрия, Чехословакия, Румыния, Польша, Германия, Беларуссия т.б. елдерді жаудан азат етуге қатысып, бірнеше орден, медальдармен марапатталған. Соғыс аяқталған соң қираған қалалармен елдімекендерді қалпына келтіруге қалдырылып, тек 1947 жылы елге оралады. Аяулы әкеміз діндар адам болған, ауылдастары «молда ата», «кербез ақсақал» атандырып жіберген. Пітір-садақаны Алла жолы мен жоқ-жітік, кәріп жандарға қолма-қол үлестіріп беретін. Кедей-кепшік атаулыға қол ұшын беруден әсте таймады.
Әкеміз өнерден де құралақан емес-ті. Майда қоңыр дауысымен әндерді төгілдіре шырқап, домбырада күйлерді еркін ойнаушы еді. Әсіресе, Ғазиздің, Жаяу Мұсаның, Мұхиттың, Балуан шолақтың әндерін айтқанда, ерекше шабыттанып, қанаттанып кететін. Сондай кезде үйіміз ән-әуенге бөленіп, біз де қосылып, мәз болып қалатынбыз. Отырған ортасының сәні, әр сөзін мақал- мәтелмен өрнектеп, майын тамыза салмақтап, жеріне жеткізе сөйлейтін шешендігі бар-ды. Сонымен бірге айтқан сөзіңді ықыласпен тыңдап, өзін де тыңдата білетіндігі қайран қалдыратын. Ал, енді дін мен еліміздің тарихы жайында сөз қозғала қалса, көсіліп кететін.
Әкеміз газет-журналдарға молынан жазылып үзбей оқитын. Біздерге де дауыстап мәнерлеп оқытатын. Қалт еткен тұстарда қиса-жырларды ауыз әдебиеті мен ертегілерді оқытып, біздің білімге деген құштарлығымызды оятуға тырысатын. Кейіннен сол қажетімізге жарады ғой. Ал, анамыз радионың бар жақсы хабарларын үнемі тыңдап, ел жаңалықтарын біліп отыратын. Дастархан басында осының бәрі ортаға салынып, әдемі әңгіме өрбуші еді. Ата-анамыз бойларына біткен асыл қасиеттерін ұрпақтарына, жүрген орталарына дарытуға тырысты. Үнемшілдікке, ұқыптылыққа, барды бағалап ұқсата білуге үйретті. «Судың да сұрауы бар» — деп отыратын. Адамдардың бойынан тек қана жақсылықты, мейірімділікті көруге тырысатын, жарқын мінезді болуға тәрбиеледі.
Алланың бергеніне шүкіршілік айтып, ел-жұртының амандығын, заманның тыныштығын тілеп, өткен ғасырдың 1991 жылы араларына төрт ай салып, өмірден өтті.
Бауыр еті балалары жастай шетіней берсе де, Алланың ісі мен сөзінен қуат алып «Тәубасын» ауызынан тастамай өле өлгенше құлшылық жасады. «Жарқын жүздері жадымызда жүрген аяулы ата-анамыз топырақтары торқа болып, қабірлері нұрға толсын», — деп дұға жасаймыз.
Раушан, Рымтай ШӨКЕЙҚЫЗДАРЫ,
ҚР Журналистер одағының мүшелері
ҚАРАҒАНДЫ каласы