Туризм – Қарағанды облысының экономикасын дамытудың драйверлерінің бірі. Жыл сайын Балқаш пен Қарқаралыда демалушылар саны артып келеді. Өткен жылы туристер ағыны 385 мың адамды құрады. Биылғы болжам одан да көп.
Өңірді туристер үшін тартымды ету және демалушыларға жайлы жағдай жасау жолдары аппараттық кеңесте талқыланды.
– Қарағанды облысында туристік саланы дамыту бойынша карта әзірленді. Туризмді дамытудың негізгі нүктелері – Балқаш курорттық аймағы және Қарқаралы ауданы. 2024 жылдың қорытындысы бойынша салада оң динамика байқалады. Тұру мен демалуды ұйымдастыру бойынша қызметтерді 9,8% өсіммен 269 нысан көрсетеді. Туристер саны 385 мың адамға жетті, оның ішінде шетелдіктер ағыны 30%, ішкі туристер 5,1% артты. Биыл 500 мыңға жуық қонақты қабылдап, салаға 23 млрд теңге инвестиция тартуды жоспарлап отырмыз, – деп баяндады кәсіпкерлік басқармасының басшысы Ирина Любарская.
Оның айтуынша, агро және экотуризмді, сондай-ақ балалар мен медициналық туризмді дамыту әлеуеті зор. Спикер Қазақстанның ең үздік бес туристік ауылының бірі деп танылған Ақтоғай ауданының Шабанбай би ауылын мысалға келтірді.
Биыл туризм саласында 11 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Балқашта жаңа демалыс аймақтары салынады. Судағы мейрамханасы бар қонақүйді ұйымдастыру жобасы іске асырылуда.
Қала маңындағы туризмге де назар аударылады. Әлеуетті нүктелердің бірі – Абай ауданындағы Топар су қоймасының жағалауы.
Туризм саласындағы бизнес жобаларына мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Несиелер бойынша сыйақының бір бөлігін субсидиялау және кепілдік беру сияқты құралдар талап етіледі.
Осы жылдан бастап VISIT КАРАГАНДА туристік ақпараттық орталығы іске қосылды. Мұнда өңір қонақтары маршруттар, көрікті орындар, қонақүйлер, демалыс орындары, туроператорлардың қызметтері туралы ақпарат ала алады. Жасанды интеллект негізінде виртуалды көмекші әзірленді: чат-бот келушілерге қажетті ақпаратты түрлі тілде ұсынады.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанында туризм кеңесі жұмыс істейді. Бизнес-қоғамдастық проблемалық мәселелерді көтеруде.
Олардың бірі – инфрақұрылымды жақсарту қажеттілігі. Бұл бағытта да жұмыстар жүргізілуде. Бірінші кезекте бұл жолдар. Биыл Қарағанды-Қарқаралы тас жолының жөндеу жұмыстары аяқталуы тиіс. Балқаш әуежайын қайта құру аяқталғаннан кейін Шымкент, Түркістан және Жезқазған қалаларына жаңа әуе рейстерін ашу жоспарлануда. Торанғалық және Шұбартүбек курорттық ауылдарында көп жылдық су мәселесін шешу үшін магистральді су құбырының құрылысы басталады. Қарқаралы ауданында «Бұғылы» рекреациялық аймағының инженерлік инфрақұрылымы және оның аумағына инвесторлар тарту мәселесі шешілуде.
Кеңесте ұялы байланысқа қатысты проблемалар да талқыланды. Мониторинг негізінде базалық станцияларды жаңғырту және жаңаларын салу үшін орындар белгіленді. Балқаш және Қарқаралы бағытындағы жолдардың бойына қосымша антенна-діңгекті құрылыстар орнату қажет.
Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімі тапсырмалар берді. Соның ішінде олар жол бойындағы санитарлық-гигиеналық тораптардың құрылысына, туристік саланың қажеттіліктеріне арналған жер аукциондарына, сондай-ақ демалыс орындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты.
– Облыста туризмді дамыту үшін үлкен әлеует бар, біз барлық мүмкіндікті пайдалануымыз керек. Бүгінгі таңда жаңа жұмыс орындарын құрумен өсу нүктелерін анықтадық. Біздің өңір қазақстандық және шетелдік туристер арасында жылдан жылға танымал болып келеді. Бұл біздің олардың алдындағы жауапкершілігімізді арттырады, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.