Жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызды құндылық

Жастарды қайырымдылыққа баулу – қоғамның рухани дамуы мен әлеуметтік жауапкершілігін арттырудағы маңызды бағыттардың бірі. Қайырымдылық – тек материалдық көмек емес, мейірімділік, жанашырлық, ортақ жауапкершілік сезімінің көрінісі.

Балалық шақтағы арман – әр адамның жүрегінде сақталатын ең таза, ең шынайы тілек. Уақыт өте келе, кей армандар орындалады, кейбірі ұмытылады. Бірақ сол арманды өзгелерге сыйлау немесе сол арман арқылы қайырымдылық жасау – ерекше адамгершілік әрекет.

«Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КеАҚ,«Көлік, логистика және инженерлік экономика» факультеті, «Қазақ тілі және мәдениеті» кафедрасының кураторлары Қ.Қ. Нұржанова (ЛОГ-25-2, ЛОГ-25-2с), Л.М. Күлейменова  (ТТ-25-1), М.Т. Оспанғалиева (ТТ-25-2, ТТ-25-2с), А.Ж. Жалдыбаева (ЛОГ-25-3), Н.А. Қоңырова (ОП-25-1, ОП-25-1с)  топ студенттерімен университеттің «Jas Orda»«AQNIET» жастар қайырымдылық ұйымы ұйымдастырған «Аяз Атаға» хат акциясына қатысып, әлеуметтік санатты топ балаларының «Аяз Атаға» жазған хатындағы сұрағанын сыйлап, армандарын орындады.

Арманды орындау – үлкен жақсылықтың бастауы. Ересектер осындай қарапайым армандарды орындау арқылы балаға тек зат емес, үміт пен қуаныш сыйлайды. Бұл – ең үлкен қайырымдылық.

Балалық шақтағы армандар – адам жанындағы ең нәзік сезімдер. Сол арманды басқалар үшін орындау – толыққанды, жүрекке жылы әрекет. Бұл тек бір баланың ғана емес, жалпы қоғамның болашағына жасалған үлес.

Студент жастарды қайырымдылыққа баулудың маңызы:

Рухани құндылықтарды қалыптастырады. Жастар жақсылық жасаудың мәнін түсінеді, адамға құрметпен қарауды үйренеді.

Әлеуметтік жауапкершілікті арттырады. Жастар қоғамдағы әлсіз топтарға назар аударады, өз рөлін сезінеді.

Мейірімді қоғам қалыптастырады. Қайырымды жастар – болашақта жауапты азамат.

Жастарды қайырымдылыққа баулу – қоғамның болашағын тәрбиелеу. Мейірімді жас – мейірімді қоғамның кепілі. Сондықтан отбасы, білім ордалары және қоғам бірлесе отырып, жастар арасында адамгершілік пен қайырымдылықты нығайтуға күш салуы қажет.

Қайырымдылыққа баулу – адамдарды мейірімділікке, жанашырлыққа, өзара көмекке тәрбиелеудің тиімді жолы. Ал топпен ұйымдастырылған қайырымдылық жұмыстары бұл үдерісті одан да нәтижелі етеді. Өйткені топ ішіндегі бірлік, ортақ мақсат және ұжымдық қолдау жастардың белсенділігін арттырады.

Қарлығаш НҰРЖАНОВА,

«Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті»

Қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының аға оқытушысы,

педагогика ғылымдарының магистрі