Жасөспірімдер қылмысы – қоғам мәселесі

Қазіргі қоғамда жасөспірімдер арасындағы қылмыс деңгейінің артуы алаңдатарлық жағдайға айналды. Бүгінгі таңда жас жеткіншектер ұрлық, бұзақылық, зорлық-зомбылық сияқты заңға қайшы әрекеттерге жиі барады. Бұл құбылыс кездейсоқ емес. Оның артында отбасылық қиындықтар, әлеуметтік орта, психологиялық мәселелер және тәрбиедегі олқылықтар жатыр.

Ең әуелі жасөспірімнің тұлға болып қалыптасуына отбасындағы жағдай тікелей ықпал етеді. Егер бала ата-анасының қамқорлығы мен махаббатын сезінбесе, онда ол қолдауды сырттан іздейді.

Кейбір ата-ананың немқұрайлығы, ішімдікке немесе басқа да зиянды әдеттерге әуестігі баланың мінезіне теріс әсерін тигізеді. Мұндай жасөспірімдер өзін қоғамға қажетсіз сезініп, заңсыз әрекеттер арқылы назар аудартуға тырысады.

Сонымен қатар, материалдық жағдайдың қиындығы да үлкен рөл ойнайды. Ақша табудың оңай жолын іздеген кейбір жасөспірімдер ұрлыққа немесе басқа да қылмыстарға баруы мүмкін. Бұл –  олардың шынайы қажеттіліктерін дұрыс жолмен қанағаттандыра алмауының салдары.

Тағы бір маңызды себеп – құрдастар ортасы. Жасөспірімдер бір-біріне еліктегіш келеді. Егер оның достары тәртіп бұзуға бейім болса, ол да сол бағытқа еріп кетуі ықтимал. «Көшедегі бедел» үшін төбелеске қатысу, біреуді қорқыту немесе бұзақылық жасау жастар арасында әлі де кең тараған.

Оған қоса, мектептегі психологиялық ахуал да назардан тыс қалмауы тиіс. Соңғы жылдары буллинг мәселесі жиі көтеріледі. Құрдастарының қысымына шыдай алмаған жасөспірім кейде кек алу немесе өзін қорғау мақсатында заңға қайшы әрекетке барады.

Мәселенің алдын алу үшін бірнеше бағытта жұмыс жүргізу қажет. Ең алдымен, ата-аналар балаларымен ашық сөйлесіп, олардың ішкі дүниесін түсінуге тырысқаны жөн. Әрбір жасөспірім махаббат пен қамқорлықты сезінуі керек. Екіншіден, мектептерде психологиялық көмек пен құқықтық білімді дамыту маңызды. Балалардың спорт, өнер, ғылымға қызығушылығын арттыру арқылы бос уақытын тиімді пайдалануға жағдай жасау қажет. Үшіншіден, мемлекет пен қоғам бірігіп, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беруі керек. Құқық қорғау органдары тек жазалаушы ғана емес, алдын алушы рөл атқаруы тиіс.

Қорытындылай келе, жасөспірімдер қылмысқа бейім болуы – тек бір отбасының немесе мектептің емес, бүкіл қоғамның мәселесі. Болашағымыз жарқын болуы үшін жастарға дұрыс тәрбие, мықты қолдау және сенімді орта қажет. Өйткені олар – еліміздің ертеңі.

Ләйлә МАРАТҚЫЗЫ,

студент