«Bolashaq» академиясының отыз жылдық мерейтойы – бұл жай ғана күнтізбедегі дата емес, білім ордасының қалыптасу жолына терең талдау жасап, жеткен жетістіктерді саралап, алдағы даму бағыттарын айқындайтын маңызды тарихи кезең. Үш онжылдық ішінде Академия еліміздің білім беру кеңістігінде өзіндік орны бар, бәсекеге қабілетті мамандар даярлайтын іргелі оқу орнына айналды.
«Bolashaq» Академиясы Қазақстандағы алғашқы жекеменшік жоғары оқу орындарының қатарында. Ол 1995 жылдан бастап білім беру қызметтері нарығында тұрақты жұмыс істеп келеді. Оқу орнының тарихы бірнеше кезеңнен тұрады: 1995-2007 жылдары Қарағанды «Болашақ» өзекті білім беру институты, 2007-2015 жылдары Қарағанды «Болашақ» университеті, ал 2015 жылдан бастап академия мәртебесіне ие болды. 2019 жылғы 23 мамырда оқу орнының атауы ресми түрде «Bolashaq» Академиясы» жеке мекемесі болып бекітілді.
Академияның іргесі 1995 жылғы 25 қыркүйекте қаланды. Алғашқы күндерден бастап оқу орны елдегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге бейімделе отырып, жаңа форматтағы білім беру моделін ұсынды. «Bolashaq» атауының өзі оқу орнының негізгі миссиясын – болашақты қалыптастыра алатын, заман талабына жауап беретін мамандар даярлауды айқындады.
«Bolashaq» Академиясының негізін қалаушы әрі тұңғыш ректоры (1996-2013 жж.) – қылмыстық құқық және криминология саласындағы белгілі ғалым, қоғам қайраткері Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбеков. Оның басшылығымен академияда іргелі білім мен практикалық даярлықты, тұлғалық дамуды үйлестіретін білім беру жүйесі қалыптасты. Бұл жүйе жауапкершілік, кәсібилік және қоғамға қызмет ету құндылықтарына негізделді.
Академия дамуын шартты түрде үш негізгі кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезең (1996-2000 жж.) – оқу орнының ұйымдасуы мен институционалдық негізінің қалануы. Екінші кезең (2000-2006 жж.) – ғылыми әлеуетті қалыптастыру және профессор-оқытушы құрамды нығайту кезеңі. Үшінші кезең (2006 жылдан қазіргі уақытқа дейін) – ғылыми-білім беру консорциумын қалыптастыру, халықаралық және республикалық деңгейдегі академиялық байланыстарды кеңейту кезеңі.
Осы жылдар ішінде «Bolashaq» академиясы оқу-әдістемелік базаны дамытуға, білім беру бағдарламаларын жетілдіруге және оқыту сапасын арттыруға ерекше мән берді. Академия білім беруді тек кәсіби даярлық ретінде ғана емес, дүниетанымды, ойлау мәдениетін және кәсіби этиканы қалыптастыру үдерісі ретінде қарастырады. Бұл бағытта профессорлық-оқытушылық құрамның рөлі айрықша.
Академияның ғылыми-ақпараттық кеңістігін дамыту да маңызды басымдықтардың бірі болып табылады. Облыстық «ЛиМоНаД» студенттік газеті мен «Қазіргі заманның өзекті мәселелері» халықаралық ғылыми журналы ресми тіркеліп, академиялық қауымдастықта тұрақты орын алды. Сонымен қатар жыл сайын өтетін «Ғылым және оның қазіргі әлемдегі рөлі» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы мен «Заманымыздың жастары және жаһандық мәселелері» республикалық ғылыми конференциясы ғылыми пікір алмасудың маңызды алаңына айналды.
Ғылыми-зерттеу қызметі академия жұмысының негізгі бағыттарының бірі саналады. Оқытушылар мен білім алушылар ғылыми жобаларға қатысып, отандық және халықаралық басылымдарда мақалалар жариялайды. Бұл академияның ғылыми беделін арттырып қана қоймай, жас зерттеушілердің қалыптасуына ықпал етеді.
Бүгінгі таңда «Bolashaq» академиясы инновациялық және тұрақты даму қағидаттарына негізделген заманауи білім беру мекемесі ретінде танылып отыр. Білім беру бағдарламаларын жаңарту, цифрлық технологияларды енгізу және пәнаралық тәсілдерді дамыту академияның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Студенттер мен магистранттар – академиялық, ғылыми және қоғамдық өмірдің белсенді қатысушылары. Олар ғылыми конференцияларға, байқауларға, әлеуметтік және волонтерлік жобаларға қатысып, азаматтық жауапкершілік пен әлеуметтік белсенділіктің жоғары деңгейін көрсетеді. Сонымен қатар, спорттық және шығармашылық жетістіктері арқылы оқу орнының оң имиджін қалыптастыруға үлес қосуда.
«Bolashaq» академиясының басты байлығы – оның профессор-оқытушы құрамы. Академияда ғылым докторлары мен кандидаттары, профессорлар, доценттер және тәжірибелі практик-мамандар еңбек етеді. Олар ғылыми жобаларға қатысып, білім беру үдерісінде заманауи педагогикалық технологияларды қолдана отырып, сапалы кадрлар даярлауға ықпал етеді. Тәлімгерлік қызмет те ерекше мәнге ие, себебі ол студенттердің кәсіби және тұлғалық дамуына тікелей әсер етеді.
Академия тарихында отандық ғылым мен жоғары білімнің дамуына үлес қосқан көрнекті ғалымдардың еңбегі айрықша орын алады. Олардың қатарында Ақылбаев Ж.С., Нұрғалиев Б.М., Шаймұханов А.Д., Дулатбеков Н.О., Мамонтов С.А., Грузина В.В., Амандықова С.Қ., Бекбергенов Н.А., Райымбеков Б.Х., Сыздық Б.С., Смолькина Т.П. және басқа да көптеген ғалым бар. Олардың ғылыми және педагогикалық қызметі академиялық дәстүрлердің қалыптасуына берік негіз қалады.
Мерейтой – өткенді саралап қана қоймай, жаңа жетістіктерге бастайтын кезең. «Bolashaq» академиясы алдағы уақытта білім беру сапасын арттыруды, ғылыми қызметті кеңейтуді және қоғаммен байланысты нығайтуды басты мақсат етіп отыр. Үш онжылдық жасампаздық жолы академияның тұрақты дамуына берік негіз қалап, болашаққа сеніммен қадам басуына мүмкіндік берді.
А.Т.КАБЖАНОВ,
«Bolashaq» академиясы Құқықтық және қаржылық пәндер кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты, профессор
Л.М.ЖУНУСОВА,
«Bolashaq» академиясы Құқықтық және қаржылық пәндер кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының магистры, аға оқытушысы
