Жастар ғылым жолында

16 ақпанда Орталық Қазақстан Академиясында «Ғылым және жастар: жаңа идеялар мен шешімдер» атты мерейтойлық X Халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы өтті. Биылғы жылы конференцияға шетелдік және отандық оқу орындарының студенттері мен магистранттары өтініш білдіріп, жалпы 352 ғылыми баяндама ұсынды.

Алыс-жақын шетелден, яғни, Германия, Болгария, Белорус Республикасы, Өзбекстан, Ресей, Украина және Қырғызстанның оқу орындарынан 167 студент пен магистрант қатысуға ниет білдірді. Сонымен қатар, Орталық Қазақстан Академиясынан 107 студент және 72 магистрант өз біліктілігімен бөлісті.

Жастардың баяндамасы мен пікірталасына Орталық Қазақстан Академиясының академиялық және ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор, құқықтану магистрі, доцент Оксана Владимировна Шахновская, заң ғылымдарының кандидаты, Орталық Қазақстан Академиясының доценті Александр Владимирович Карпекин, Орталық Қазақстан Академиясының ғылым департаменті директорының орынбасары, заң ғылымдарының кандидаты, доцент Әлия Қайратқызы Салықова, осы оқу ордасының заң факультеті студенті Ибрагим Рафаилович Дурдыев қазылық жасады.

– Бүгінгі өтіп отырған конференция жай ғана жиын емес, бұл Х мерейтойлық конференция. «Ғылым және жастар: жаңа идеялар мен шешімдер» атты мерейтойлық X Халықаралық ғылыми-теориялық конференцияға Германия, Болгария, Ресей, Белорусь, Украина, Қырғызстан мен Өзбекстан және Қазақстанның студенттері мен магистранттары өз баяндамаларын ұсынды. Дәстүрлі түрдегі конференциямызға қатысушылардың қарасы қалың. 350-ден астам қатысушының өтініш беруінің өзі осы шараның маңыздылығы мен қажеттілігін көрсетеді.

– Бүгінгі күні Қазақстанның ғылымында жаңашылдық керек. Оны осы жастар жасайды, өмірге әкеледі. Бүгінгі студенттер ертеңгі ғалым, болашақ заңгер. Олардың алдында даңғыл жол тұр. Конференция оларға ғылымдағы жолды тандауға ықпал жасайды деп сенеміз, – деді жиын модераторы Орталық Қазақстан Академиясының ғылым департаментінің директоры, заң ғылымдарының магистрі, аға оқытушы Гүлназым Қайыркенқызы Шәріпова конференцияның ашылу салтанатында.

Өз сөзінде Орталық Қазақстан Академиясының академиялық және ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры, құқықтану магистрі, доцент Оксана Владимировна Шахновская конференцияның аясы кеңіп, географиясы ұлғайып келе жатқанын айтып өтті. Сонымен қатар, жастарға ғылым жолында сәттілік тіледі.

Қазақстанның жоғары оқу орындарынан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Қазақ технология және бизнес университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті жанындағы колледж, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті, Бейсенов атындағы ІІМ Академиясы, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, Қарағанды ​​медицина университетінің тәлімгерлері де осы шараға қатысты.

Пленарлық отырыста Германиядан, Болгариядан, Ресей халықтар достығы университетінен, Пермь мемлекеттік ұлттық зерттеу университетінен, Федералдық қылмыстық атқару қызметінің Санкт-Петербург университеті, Ресей кооперация университеті филиалының Чебоксары кооперативтік институты, Ферғана мемлекеттік университеті, Орталық Қазақстан Академиясы  студенттері мен магистранттары, сөз алып, баяндама жасады.

– Бұл біз үшін керекті де маңызды шара. Мен өзім 2-ші курс студентімін. Былтыр да осындай конференцияға қатыстым. Бұл жерде біз өзіміз тандаған тақырып бойынша ізденіспен жазған мақаламызды қорғап қана қоймай басқа оқу орындарындағы студенттермен өз білгенімізді бөлісеміз. Тәжірибе жинақтауға, бір-бірімізге өз ойымызды ашық жеткізуге керек алаң бұл. Осы жобаммен жарты жылдан астам уақыт жұмыс істеп жатырмын. Біраз мағлұмат жинадым. Әлем қылмыссыз емес. Осы уақытқа дейін біліп істеген, яғни әдейілеп барған қылмыс түрлерін зерттедім. Жақсы деген баға аларыма сенемін. Мен заңгерлікті бала кезімнен армандадым. Әкемнің жолын қуғым келді. Бүгінде осы академияда оқып жатқаныма еш өкінбеймін. Конференция өткізіп жатқан ұстаздарыма айтар алғысым шексіз, – дейді Орталық Қазақстан Академиясының заң бөлімінің 2 курс студенті Ибрагим Дурдыев.

Конференция жұмысына алыс-жақын шетелдерден ұстаздар мен студент, магистранттар онлайн түрде қосылып, өз тілектерін жеткізді. Сонымен қатар, баяндамаларын оқып, талқыға салды.

Мәскеуден сөз алған экономика ғылымдарының докторы, Халықтар достығы университетінің профессоры Диана Мадиярова:

– Жастар үшін бұл конференцияның маңызы зор. Қазіргі экономика саласында өзгерістер күн сайын байқалуда. Ғылымда болсын, басқа да салаларда болсын, заман ағымынан қалмауымыз керек. Ол үшін осындай платформалар өте қажет. Заманауи технологиядан қалып қоймауымыз керек. Жастар осыны ұғынуы қажет. Экономика ол банк жүйесі, айлық есептеу, зейнеткерлікке ақша бөлу және тағы да басқа өмірдегі есеп-қисапты керек ететін сала, – дейді.

Сонымен қатар конференцияда жастар өте өзекті мәселелерді ортаға салды. Интернет жүйесінде авторлық құқықты қорғау туралы, қылмыстық атқару жүйесі тағы да басқа тақырыпта студентер мен магистранттар баяндама жасап қана қоймай, жиналғандар сұрағына жауап берді.

Конференция секциялық отырыстарда жалғасын тапты. Онда студенттер мен магистранттар ғылыми баяндамалар жасап  ұсыныстарды ортаға салды.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *