«Жасыл ел» жасағы артты

Қарағандының орталық саябағында жасыл ел жасағы бас қосты. Қалада «Жасыл ел» жастар жасағының XX еңбек маусымы басталды. Биылолардың саны бұрынғыдан екі есе көп – екі мың адам болады.

Жастар қозғалысындағы өзгерістер туралы Қарағанды Жастар ресурстық орталығының басшысы Якуб Джамалов айтып берді.

– Биылғы маусым мерейтойлық, жиырмасыншы жыл. Биыл бізде жауынгерлердің саны екі есе өсті. Саябақтар мен гүлзарларға білім беру ұйымдарының аумақтары қосылды: бізге 65 оқу орны өтінім берді. Жалақы ең төменгі жалақыға байланысты болады, сонымен қатар ол жұмыс істеген сағаттар санына байланысты есептеледі. 14 жастан 16 жасқа дейінгі жауынгерлер төрт сағаттық жұмыспен қамтылған жағдайда айына 85 мың теңге алады. Ал 16 жастан 35 жасқа дейін айына 127 500 теңге табуға болады, – деді ол.

Барлық жауынгерде Қарағандының 90 жылдығы эмблемасы бар бірыңғай құрал-жабдықтар бар. Атқарылатын жұмыстар дәстүрлі: гүл егу, жасыл желектерді күту, аумақтарды тазарту. Бірлескен шараларға да уақыт болады: ойындар, команда құру, осылайша жастар бір-бірімен жақсы таныса алады.

«Жасыл ел» еңбек маусымы 31 тамызға дейін жалғасады.

– «Жасыл елге» жұмысқа қабылдау туралы таныстарымнан білдім, осы жобаға алғаш рет қатысып отырмын. Жұмысқа дайынмын. Бізге не істеу керектігі түсіндірілді. Бұл өз бетінше ақша табуға және жаңа достар табуға тамаша мүмкіндік, – дейді 14 жасар Бесмил Мұхамад.

Он алты жасар Баршын Ардақова жасаққа не үшін жазылғанын жеткізді.

–  Жаңа таныстар, тәжірибе, жаңа естеліктер мен әсерлер күтемін. Менің ойымша, мұндай жобалар жастар үшін маңызды, өйткені біз бір нәрсені үйреніп, өз қаламызға пайда әкеле аламыз, – дейді №41 мектеп-гимназиясының оқушысы. – Келесі жылы ҰБТ-ға жақсы дайындалу үшін тапқан ақшамды қосымша оқуға бөлемін.

Осы аптада «Жасыл ел» облыстың барлық қаласы мен ауданында басталады.

Манас АҚСАРЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *