Бекзат АЛТЫНБЕК. Көкжиек

Бекзат АЛТЫНБЕК 1993 жылы 30 желтоқсанда Қарағанды облысы Шет ауданы Ақсу-Аюлы ауылында туған. Академик Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың филология факультетінің түлегі. 2012 жылы жас прозашылардың арасында өткен Ғ.Мұстафин атындағы облыстық бәйгеде «Нағыз дос туралы аңыз» атты повесі «Жанрлық ізденіс» аталымында үздік деп танылды. 2013 жылы филология факультетінде Құрбан айтқа орай ұйымдастырылған, 2017 жылы М.Әуезовтың туғанына 120 жыл толуына арналған Қарағанды қаласының жастары арасындағы проза бәйгелерінің жеңімпазы. Әңгімелері мерзімді басылым беттерінде, сайттарда жарық көріп тұрады. Шет аудандық кітапханасында, облыстық тілдер басқармасында қызмет атқарған. Қазіргі таңда Қарағанды қаласындағы Нұркен Әбдіров атындағы  мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі.

Рауанның алдындағы елең-алаңда үңгірдің аңырайған аузынан әудем жерде келе жатқан көсемнің сұлбасын көзі шалды. Бұл оны қолындағы көсемтаяғы мен алшаң басқан адымынан жазбай таныған. Қараңдаған кескін барған сайын ұлғая, барған сайын сұстана беріп, тура кіреберісте тұрып қалды. Сом тұлғалы, кеудесі түкті тайпабасының таяғының төбесіндегі мүйізі әсем қайқиған таутекенің аппақ бассүйегі анық аңдалады.

Төмен қарап, ортадағы оттың қасында қос қолдап әлденені езгілеп отырған жан кіре берістегіге назар салар емес, тіпті. Оның келе жатқанын көрген сәттен басталған мазасыздығын шұңқырға салып қойып жанышқылап жатыр ма, қалай… Ағаш таяқтың ұшы аяқ астындағы тасқа сарт тигенде селк етті-ау.

– Ә, көсем! – Дауысы саңқылдап шықты. – Жоғары шық. Төрлет.., – деді қолының ұшын су толы басқа ойыққа матырып жатып. Кейінгі айтқан сөздері алдыңғыдан бәсеңдеу: есіне бір ойлар оралды ма, кім білсін… Көсем жалаңаш табанын үңгір еденімен қауыштыра, аяғын нығарлай басып ішке енді. Айналасына зейінмен сынай қараса, қабырғаның бірсыпыра бөлігін түрлі сурет алған екен. Жанарын сол самсаған жаратылыс-мақұлықатқа тоқтатты да:

– Мынауың не тағы?! – деді таяқтың төбесіндегі текенің басымен нұсқай.

– Сурет… Ә-іі, к-кеше етті көп жеп қойыппы-ы-н…

– Доғар қылжақты! Мен саған ұғынықты болсын дегем жоқ па?! Қай түні аңға кеткенімізді, үңгірлерімізге қанша түн, қанша күннен соң қайтып келетінімізді… жазбайсың ба, Тәңір-ау! – Шатынай, таяғын жерге тарс-тарс ұра сөйледі. – Сенікі не шатпақ?!! Бояушы дегенге… Хы!

– Мен суретшімін. Бояушы емеспін!

– Бәрібір ғой… Бауырым, Ағыл!.. Жақсылап ұғып, жадыңа жамап алшы, айналайын! Ендігі қар жауғанда біз көшеміз бұ аймақтан. Артымыздан Таудұғар тайпасы қоныстанбақшы. Ол бауырларымызға бұл маңның топырағы мен тасы, суы мен нуы, аңы мен құсы жайлы мағлұмат қалдыруымыз парыз.

Көсем меһірбан көзбен қарай, қоңыр үнмен тіл қатқан.

– Далағұт тайпасының абыройы үшін!..

– Далағұт, – деп қайталады Ағыл. – Тайпам.

 

***

…Үңгірдің іргесіне ірі денелі кісінің көлеңкесі түсті қайта. Бұл – ішке енбей, кіреберістен шолып тұрған баһадүр тұлғалы адамның сұлбасы. Тайпасының бақсылықтың басқа үлгісімен шұғылданатын мүшесі ұйықтаған орнынан күрк-күрк жөтеле түрегелді. Оның аузынан «Жоғарылат!» деген сөз шығып үлгерместен, көсем ентелей кірген. Ағылдың баспанасының тең жарымында бейқам жайылған аң мен құсқа қадала:

– Иә, ақпар қайда?.. Мына… шеті жоқ шимайдан не түсініп боламыз?!. Кеше ғана, кеше ғана санаңа түйгендей ең ғой… ей, қалай салу керектігін… Ай-ай! – деген қабағын түйіп.

– Несі күрделі? Несі ұнамсыз? – Суретші оның жанына барды. – Мынау – аң, анау – сіздер. Мұнда бұғы аулап жүрсіңдер. Бұғылыда. Ана тұстағы сүгіретте кербез киікті нысаналап, садақ тартқансың. Әне жебе суылдап… Түүшш!! Есті!.. Иә, бұл – Киікті жерінде… – Ыңылдады ма, уілдеді ме, жоқ ысқырды. Сөйтті де, лезде есін жиып ала қойды. – Ақпаратты ақтарғам жоқ па, тақсыр?!

– Қош. Мақұл делік. Ал мына… ортадағы… неғылған жаратылыс? Адам атамыздың зәузатына келіңкірейді, бірақ… Гүл ме мынау, басының орнындағы? – Қағыл төне үңілді. Көзі шүңірейіп кетті. Ойланғаны.

– Хе! Күн – ол! Қалай жеткізсем екен… ммм…

– Дүдәмал! – Тайпабасы өткір жанарын жарқ еткізе, бояушыға назарын шорт бұрды. – Сенің қияли ойларыңның ықпалынан… ұста Шадыр шалдың ұлын айтпақпын… е, саған еліктеп-солықтап кескін сызатын көрінеді, жатып алып. Қиқар екен өзі!.. Ааһһ! Саған қайтсем болады?! Бізбен бірге аң аулаудың қандайына да куә болған жоқсың ба?!.. Әдейі ертіп жүрдім, бұ күнде күллі жұмыстан босаттым ғой! Еркелеп бақтың… Көзім мен тілім боласың дегем жоқ па, бауыры-ы-ым?! Енді қалай етпедің демексің?

Ағыл тас едендегі шұңқырға қараған. Қағыл өзі үзген сөзін өзі жалғады.

– Соңғы мүмкіндік беремін! Болмаса, өкпелемейсің! Төзім де түгесіледі.

Суретші ұзап бара жатқан көсемін жанарымен шығарып салғандай, кірпігін де қақпастан ұзақ тұрды. Екі көзі Қағылдың оң жағындағы бір еңкейіп, бір тіктелген бассүйекте екенін тірі жан білді ме?!

«Мүмкін… мүмкін осыны тәмамдаған соң… Жоғалтып алмауым қажет… Санамның түкпірінде жата бер әзірге… Күт мені, қауышамын саған, уа, Бейне! Ееһ, қаша-ан..,» деген кішігірім пәндәуи құйтырқылық миына сыбырлағаннан кейінгі сәтте пенде екенін мойындағандай маңдайын жерге тигізгені.

«Жалғыз Тәңір!! Тәңірім!! Мен бейбақта Сенен өзге кім бар?!. Ғұмырымды аман сақтай гөр! Әзір өлгім келмек емес! Өлуіме болмайды мүлде! Ешқашан!.. Сол себептен қиялым мен қолыма Өзің жар бола гөр!..»

 

***

Көкжиегі көсілген, көдесі кәриянің ақ шашындай баяу тербелген, топтасып өскен тапал қарағаны қалың қолдай сесті көрінетін жазық. Талай дақпыртқа да, даңққа да куәгер, әйткенмен сырға берік момын шоқылар алыстан мұнартады.

Адам ата жиын ашқандай, Даланың күллі жан-жануары әр тараптан ағылды, жандәрмен Үңгірге асықты.

Тағы жылқының құйрығынан ұшқан тозаң ба, бәлки азат жыланның бауырынан көтерілген шаң ба, топырақтың жүз мыңдаған түйіршіктері көкке ұмтылған сәтте бұлттар мөлтілдек тамшы болып селдірей төгілген… Алай-дүлей, астаң-кестең әлемтапырық… Құпиялылығына шәк келтірілмейтін Көкжиектің өзі шартты дүние екен ғой…

Бәрі бір қауызға сыйып кеткені ме?! Жаратқанның туындылары… Жо-жоқ, Суретшінің қиялының перзенттері!.. Түп-тұқиянымен Үңгірде! Олар біресе сылбыр қалықтай, біресе еліре секіріп билегенде жадына жармасып-ақ баққанынан қайыр нешік, бейғадет ретсіз қимылға бұл да қосыла кеткенін өзі бажайламай қалды-ау… Жердегі бұл бірде көкте жүр, көктегі бұл енді жерде жүр…

Буын-буыны сетіней талып түскені-ай…

Үңгірдің аузында кесек тұрпатты әлдекім тұр. Қарашығымен іргені, төбені, төменді саспай шарлауда. Түгелі – сүгірет! Жарты Айдың не дөңгеленген Күннің сипаты сыяр бос орын табылмасы анық… Сәл мезет өзінің үлкен бақайына үңілгендей көрінді де, күрсіне басын көтерді.

– А-ғыл-л!! – деп үн қатты, ұйықтап жатқан бояушыға қараған күйі.

«Ә, құл!!» болып естілген қаратпа сөзден ананың терісі жыбыр ете қалды. Лезде оянуын оянды-ау,  – сүйретіле зорға түрегелді. Тәні малмандай су. Таңырқады да:

– Түнде жаңбыр өтіп кетіпті үстімнен. Тыста сейілдеп ем, – деп жымиып отырды.

– Қайдағы жауын?

Кенет көсем артына бұрылып, ымымен әлденені жеткізсе керек, еңгезердей екі жігіт баса-көктеп кірді. Білегін қайырып, сүйрелей жөнелгенде, бір түннің ішінде беті қатпар әжімденіп кеткен суретшінің кеудесін «Тоқтаңдар!» деген ышқыныс жарып шықты. Көсем рұқсаттың ишарасын білдірген. Анау жата қалып, өзінің ең кейін салған Күн басты адамына ернін тигізе түрегелгенін қайтесің…

– Жасыл жапырақтың сыбдыры… жазғы саф ауаның жұпары… Неге теңер ең бұларды? – деген еді Ағыл ұстаз сол бір кеште, отқа ағаш салып отырып. – Әй, Балабағзы!

Темірші Шадыр қарттың ұлы жауапты ұзақ күттірген жоқ.

– Жапырақ… жасыл деп кім айтты сізге?! Көктем мен жазда жасыл шығар, алайда күзде сары. Қыста, тіптен, жапырақ таппайсыз. Сонда қалайша «Жапырақ жасыл!» демекпіз?!

Анау аң-таң.

– Саф ауаның иісі? Таза ауада иіс бола ма?!. Ауаны иіскеймін деп әуре-сарсаңға түскенше,  ха-ха-ха, оны көрген, яғни бақылаған құп шығар. Самал, жел, құйын, дауыл… сол ауаның қозғалысы ма деймін.

– Ай, жарайсың, шәкіртім!! Бөлекше ойлайды-әй!.. – Денесін қытықтап өткен сезімнің әсерінен бе, өзінің отқа екі-үш томарды артығырақ тастап жібергенін байқамай қалыпты-ау.

Жалақтаған отқа жалына енетін кесілген ағаштай емес, жанын шыбын кейпінде көз алдына әкелген тас жаңғырған естелікті де үгіп жібере жаздапты. Шабармандар Ағылдың оң қолын ұрғылап жатқанда, Қағылдың жанарында ұста шалдың қызған темірді төске салып соққаны бұлдыраған еді. Неге? Неге ғана дәл сол кейіп көлбеңдеді екен?.. Есуас күлкі қысып әкетіп бара жатқаны!.. Бұлаңдаған елес сауыт мінез мұның өзін көз алдындағы оқиғаға тіке қарап тұра беруге шыдатпады. Кілт, жаны жүрегіне жалғанған тұс кірт ете қалғандай… Бірақ, әттегені-ай, әлі тірі!! Өлген әм тірі.

Даланың күллі жан-жануары әр тараптан ағылды, жандәрмен жаза орнына асықты. Тағы жылқының құйрығынан ұшқан тозаң ба, бәлки азат жыланның бауырынан көтерілген шаң ба, топырақтың жүз мыңдаған түйіршіктері көкке ұмтылған сәтте бұлттар мөлтілдек тамшы болып селдірей төгілген… Алай-дүлей, астаң-кестең әлемтапырық… «Құпиялылығына шәк келтірілмейтін Көкжиектің өзі шартты дүние екен ғой..,» деген өз тұжырымына таңғалды көсем…

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *