Қарағанды облысында көші-қон заңнамасының сақталуын бақылау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Өңірдегі көші-қон үдерістерінің қарқыны жыл сайын артып отырғандықтан, шетел азаматтарының ел аумағында заңды әрі қауіпсіз өмір сүруін қамтамасыз ету – құқық қорғау органдары алдындағы маңызды міндеттердің біріне айналды. Әсіресе өнеркәсіптік әлеуеті жоғары Қарағанды аймағында еңбек миграциясы, ішкі көші-қон және шетелдік жұмыс күшінің қозғалысы ерекше бақылауда тұр.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірге шамамен 135 мың шетел азаматы келген. Олардың басым бөлігі еңбек қызметі, жеке сапарлар, оқу және іскерлік байланыстар мақсатында тіркелген. Барлық келушілерге заңнама талаптарына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсетіліп, уақытша тіркеу, рұқсат құжаттарын рәсімдеу және көші-қон есебіне қою жұмыстары жүргізілуде.
Дегенмен көші-қон саласында құқық бұзушылықтар әлі де азаймай отыр. Жыл басынан бері жоспарлы тексерулер нәтижесінде көші-қон заңнамасын бұзудың 7 мыңға жуық дерегі анықталған. Оның ішінде 1,5 мыңнан астам шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар заң талаптарын сақтамаған 500-ге жуық қабылдаушы тұлға мен жұмыс берушіге қатысты әкімшілік шара қолданылды.
Қарағанды облысы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Арман Уәлиев көші-қон заңнамасын бұзудың ең жиі кездесетін түрлеріне тоқталды. Оның айтуынша, шетел азаматтарының уақытылы тіркелмеуі, ел аумағында рұқсат етілген мерзімнен артық болуы, сондай-ақ арнайы рұқсатсыз еңбек қызметімен айналысуы жиі анықталады.
– Көші-қон заңнамасының сақталуы қоғамдық қауіпсіздікпен тікелей байланысты. Сондықтан бұл бағыттағы бақылау тұрақты жүргізіледі. Әсіресе заңсыз еңбек көші-қонына және қайталанатын құқық бұзушылықтарға ерекше назар аударылуда, – дейді Арман Уәлиев.
Мамандардың айтуынша, өңірдегі өнеркәсіп, құрылыс, қызмет көрсету және сауда салаларында шетелдік жұмыс күшіне сұраныс бар. Алайда кейбір жұмыс берушілер еңбек қатынастарын заң талаптарына сәйкес рәсімдеуге немқұрайлы қарайды. Бұл өз кезегінде көлеңкелі еңбек нарығының қалыптасуына, салықтық түсімдердің азаюына және әлеуметтік тәуекелдердің өсуіне әсер етеді.
Осыған байланысты полиция қызметкерлері тек шетел азаматтарын ғана емес, оларды жұмысқа тартқан тұлғаларды да жауапкершілікке тартып отыр. Заңсыз еңбек қызметін ұйымдастыру фактілері бойынша биыл 4 қылмыстық іс қозғалған. Оның екеуі шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдалану деректеріне қатысты. Мұндай құқық бұзушылықтар ірі көлемдегі айыппұлдан бастап, бас бостандығынан айыру жазасына дейін әкеп соғуы мүмкін.
Сарапшылардың пікірінше, көші-қон саласындағы бақылау шараларының күшеюі қазіргі геосаяси және экономикалық жағдайда аса маңызды. Өйткені еңбек миграциясының реттелмеуі әлеуметтік инфрақұрылымға салмақ түсіріп қана қоймай, құқықтық тәртіпке де әсер етуі ықтимал. Сондықтан көші-қон процестерін цифрландыру, тіркеу жүйесін жетілдіру және жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру – уақыт талабы.
Қарағанды облысында бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Соңғы бір апта ішінде ғана көші-қон заңнамасын бұзудың 200 дерегі тіркелген. Оның 100-і Қазақстан аумағында болу тәртібін сақтамаған шетел азаматтарына қатысты болса, қалған 100 құқық бұзушылық еліміздің азаматтары тарапынан жасалған. Атап айтқанда, қабылдаушы тұлғалар мен жұмыс берушілер заң талаптарын бұзған.
Аталған деректер бойынша әкімшілік ықпал ету шаралары қабылданып, құқық бұзушылар жауапкершілікке тартылды. Полиция департаменті өкілдерінің айтуынша, өңірде профилактикалық рейдтер мен тексеру шаралары алдағы уақытта да жалғасады.
Мемлекет үшін көші-қон саясаты тек шекаралық бақылау ғана емес, сонымен қатар еңбек ресурстарын тиімді басқару, қоғамдық тұрақтылықты сақтау және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тетігі саналады. Сондықтан заң талаптарын сақтау – шетел азаматтарына да, оларды қабылдаушы тарапқа да ортақ міндет.
Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ
