Қазіргі цифрлық дәуірде ақпарат алмасу жылдамдығы мен сапасы қоғам дамуының басты көрсеткіштерінің біріне айналды. Осы үдерістің негізінде жатқан маңызды салалардың бірі – радиотехника, электроника және телекоммуникациялар. Бұл бағыт – байланыс жүйелерін дамытып, заманауи технологиялардың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін стратегиялық маңызы бар сала.
Радиотехника – радиотолқындар арқылы ақпарат тарату мен қабылдауды зерттейтін ғылым болса, электроника – әртүрлі құрылғылардың ішкі жұмысын қамтамасыз ететін элементтер мен жүйелерді қамтиды. Ал телекоммуникациялар – ақпаратты қашықтыққа жеткізудің заманауи тәсілдерін біріктіретін кешенді жүйе. Бұл үш бағыт біріге отырып, интернет, ұялы байланыс, теледидар, спутниктік жүйелер сияқты күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды.
Аталған мамандықтың маңыздылығы күн сайын артып келеді. Біріншіден, ақпараттық технологиялардың дамуы телекоммуникация жүйелеріне деген сұранысты арттырды. Екіншіден, «ақылды» құрылғылар мен цифрлық сервистердің көбеюі электроника саласының қарқынды дамуына ықпал етуде. Үшіншіден, радиотехника саласы қауіпсіздік, қорғаныс және ғарыштық зерттеулерде маңызды рөл атқарады.
Бұл мамандықты таңдаған студенттер байланыс желілерін жобалау, радиоқұрылғыларды құрастыру, сигналдарды өңдеу, заманауи электрондық жүйелерді басқару сияқты дағдыларды меңгереді. Сонымен қатар олар бағдарламалау негіздерін, цифрлық технологияларды және телекоммуникациялық жүйелерді игереді. Теория мен тәжірибені ұштастыру арқылы студенттер бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасады.
Құрметті талапкерлер! Егер сіз заманауи технологияларға қызығатын, байланыс жүйелерін зерттеуге ынталы болсаңыз – бұл мамандық сіз үшін үлкен мүмкіндік! Сіздерді Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетіне оқуға шақырамыз!.
Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар – болашақтың негізгі бағыттарының бірі. Бұл саланы меңгеру – жаңа мүмкіндіктер мен инновацияларға жол ашу.
Байланыс бар жерде – даму бар!
Қарлығаш НҰРЖАНОВА,
«Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КеАҚ
Қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының аға оқытушысы,
педагогика ғылымдарының магистрі
.
