Тең қоғам – тең мүмкіндік

Қоғамның шынайы дамуы оның экономикалық көрсеткіштерімен ғана емес, әрбір азаматына қандай мүмкіндік бере алатынымен өлшенеді. Әсіресе, ерекше қажеттілігі бар жандардың қоғам өміріне толыққанды араласуы – өркениетті мемлекеттің басты белгілерінің бірі. Соңғы жылдары Қарағанды облысында мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту, олардың әлеуметтік белсенділігін арттыру және кәсіпке бейімдеу бағытындағы жұмыстар жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Бұл – тек әлеуметтік қолдау емес, адамның өзіне деген сенімін қайтаруға бағытталған маңызды қадам.

Бүгінде өңірде еңбекке қабілетті мыңдаған ерекше қажеттілігі бар азамат бар. Олардың бір бөлігі түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы тұрақты жұмысқа орналасып, енді бірі жаңа мамандық меңгеріп, кәсіп бастап отыр. Облыстық Еңбек мобильділігі орталығының мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері мансап орталықтарына мыңға жуық азамат жүгінген. Соның нәтижесінде жүздеген адам тұрақты жұмыспен қамтылып, тағы бірқатары квоталық жұмыс орындары арқылы еңбек нарығына тартылған.

Қазіргі қоғамда «қолжетімді орта» ұғымы тек пандус немесе арнайы инфрақұрылыммен шектелмейді. Ең бастысы – адамға өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуге мүмкіндік беру. Осы тұрғыда арнайы жұмыс орындарын ашу бағдарламасының маңызы зор. Әсіресе көру, есту қабілеті бұзылған және тірек-қимыл аппараты зақымданған азаматтарға бейімделген жұмыс орындары олардың кәсіби ортаға еркін араласуына жол ашып отыр.

Мемлекет тарапынан жұмыс берушілерге де нақты қолдау көрсетіледі. Арнайы жұмыс орнын жабдықтауға кеткен шығын өтеліп, қызметкер жалақысының бір бөлігі бірнеше жыл бойы субсидияланады. Соның нәтижесінде кәсіпкерлер арасында ерекше қажеттілігі бар азаматтарды жұмысқа қабылдауға деген қызығушылық артып келеді. Бұл – қоғамдағы көзқарастың өзгеріп келе жатқанын аңғартатын маңызды белгі.

Осындай мүмкіндіктің игілігін көргендердің бірі – қарағандылық Данагүл Аманбаева. Көру қабілеті бойынша II топтағы мүгедектігі бар Данагүл бұған дейін медицина саласында еңбек еткен. Алайда денсаулығына байланысты жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады. Біраз уақыттан кейін Мансап орталығына жүгініп, қайтадан өзінің сүйікті кәсібіне оралған.

Бүгінде ол Қарағанды қаласындағы массаж салондарының бірінде қызмет етеді. Арнайы бағдарлама аясында оның жұмыс орны қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етілген. Данагүлдің айтуынша, адамға ең алдымен сенім қажет.

– Медициналық білімім бар. Сонымен қатар массаждың бірнеше бағыты бойынша сертификат алдым. Әрдайым осы саладан қол үзгім келмейтін. Қазір өзімді қайта тапқандаймын, – дейді ол.

Бұл сөздің астарында тек мамандыққа оралу емес, өмірге қайта бейімделудің үлкен тарихы жатыр. Себебі жұмыс – тек табыс көзі емес, адамның қоғамдағы орнын сезінуіне мүмкіндік беретін маңызды фактор.

Кәсіпкер Мақпал Шәріпова да ерекше қажеттілігі бар мамандардың еңбекке деген жауапкершілігін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, мұндай қызметкерлер өз ісіне тыңғылықты қарайды және кәсіби дамуға ұмтылады.

– Бізде Мансап орталығы арқылы келген екі қызметкер бар. Қазір оларды оқытып, кәсіби тұрғыда дамытып жатырмыз. Арнайы осындай азаматтарды жұмысқа қабылдадым. Себебі олардың қоғамға бейімделіп, тұрақты табыс табуына мүмкіндік бергім келді, – дейді кәсіпкер.

Мемлекеттік қолдаудың тағы бір маңызды бағыты – қайтарымсыз гранттар арқылы шағын кәсіп ашуға мүмкіндік беру. Бұл бағыт көптеген азаматтың өз кәсібін бастауына жол ашты. Солардың бірі – Теміржан Медетбеков.

Бұрын Балқаш тау-кен металлургия комбинатында еңбек еткен ол денсаулығына байланысты жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. Кейін Қарағандыға қоныс аударып, түрлі салада өзін сынап көргенімен, тұрақты жұмыс істеу оңай болмаған. Алайда өмірдің басқа бағыты оны жаңа кәсіпке алып келеді.

– Біраз уақыт жұмыссыз жүрдім. Кейін жұбайым маникюр ісін үйреніп жүрген кезде маған да байқап көруді ұсынды. Біртіндеп қызығушылығым оянып, кейін бұл кәсіпке толық келдім, – дейді Теміржан.

Қайтарымсыз гранттың көмегімен отбасы қажетті құрал-жабдық сатып алып, қазір жеке маникюр кабинетін ашқан. Бұдан бөлек, балалар киімі мен ойыншықтарына арналған шағын дүкен де жұмыс істеп тұр. Бұл – мемлекеттік қолдау адамның өмірін нақты өзгерте алатынының айқын мысалы.

Мамандардың айтуынша, мұндай оқиғалар қоғамдағы стереотиптердің өзгеруіне ықпал етеді. Ерекше қажеттілігі бар азаматтар қолдауға ғана мұқтаж емес, оларға мүмкіндік қажет. Ал мүмкіндік берілген жерде нәтиже де болады.

Қарағанды облысында бүгінде «Қоғамдық жұмыстар», «Жастар практикасы», «Күміс жас», «Алтын жас» секілді бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар жаңа мамандық меңгергісі келетін азаматтарға тегін кәсіби оқыту курстары ұсынылады. Бұл бастамалардың барлығы адамдардың еңбек нарығына бейімделуіне және экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған.

Биыл өңірде тағы бірнеше арнайы жұмыс орнын ашу жоспарланған. Қазірдің өзінде бірқатар азамат еңбекке орналасып үлгерген. Олардың арасында көру және есту қабілеті бұзылған жандар бар.

Еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары Дәурен Қошқаралиевтің айтуынша, ерекше қажеттілігі бар азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі тұрақты бақылауда.

– Біздің мақсат – мүгедектігі бар азаматтардың жаңа мамандық меңгеруіне, жұмыс табуына және өз кәсібін бастауына жан-жақты қолдау көрсету. Ең бастысы – олардың қоғам өміріне толыққанды араласуына жағдай жасау, – дейді ол.

Шын мәнінде, тең қоғам дегеніміз – баршаға бірдей мүмкіндік берілген орта. Ерекше қажеттілігі бар жандардың еңбекке араласуы – тек әлеуметтік мәселе емес, адам капиталына салынған инвестиция. Себебі қоғам ешкімді шеттетпеген кезде ғана дамиды. Ал мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шаралары сол тең мүмкіндіктер қоғамын қалыптастыруға жасалған нақты қадамдардың бірі.

Ерік РЫМҒАЛИЕВ