Жеңіл болат – өнеркәсіп әлеуеті

Облыс өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, толық циклді технологияларды енгізуді жалғастыруда. Өңірде металлургия, машина жасау және құрылыс индустриясы салаларында жобалар жүзеге асырылуда. Жаңа өндірістердің бірі – жеңіл болат жұқа қабырғалы конструкциялар шығаратын «СТАР БИЛДИНГ ИНВЕСТ» ЖШС зауыты. Кәсіпорында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев болды.

Аймақ басшысы жұмыс істеп тұрған цехты аралап, технологиялық үдерістермен танысты.

Зауыт ЖБЖҚ (жеңіл болат жұқа қабырғалы конструкциялар) өндірісінің толық кешеніне маманданған – жобалаудан бастап қаңқалы ғимараттар салуда қолданылатын дайын металл конструкцияларын шығаруға дейін.

Олардың артықшылығы – экологиялық тазалығы, тез құрастырылуы және сейсмотұрақтылығы. Өндірістік алаңның аумағы 3 800 шаршы метрден асады. Жобалық қуаты айына 600 тонна дайын өнімді құрайды, бұл шамамен 16 000 шаршы метр металл конструкциясына тең. Бүгінде кәсіпорында 33 адам еңбек етеді.

– Біздің өндіріс Қазақстан үшін барынша маңызды, себебі ЖБЖҚ технологиясы кеңінен танымал болғанымен, онымен сауатты жұмыс істей алатындар аз. Елде өз жобалаушылар штаты мен айына 600 тоннаға дейін өнім шығаруға мүмкіндік беретін қажетті қуаттарға ие жалғыз кәсіпорын – бізбіз. Металл өңдеу саласындағы өнімдердің едәуір бөлігі бүгінде шетелден әкелінеді. Сондықтан жаңа бағыттарды талдап, отандық өнеркәсіпке бәсекеге қабілетті шешімдер ұсыну үшін өнім желісін кеңейтуді жоспарлап отырмыз, – деді компания директоры әрі жоба жетекшісі Рудольф Сукут.

Кәсіпорынға бір жыл да толмаған. Жабдықтарды монтаждау өткен жылдың көктемінде басталып, сол жылдың күзінде өндірістік желі пайдалануға берілді. Осы уақыт аралығында компания сегіз ірі жобаны жүзеге асырды, олардың бірқатары қазірдің өзінде іске қосылған.

Соның ішінде Saran арнайы экономикалық аймағында полиэтилен құбырларын шығаратын зауыт бар. Компания бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорынмен ынтымақтастық орнатқан, олардың қатарында Qarmet компаниясы (отқа төзімді материалдар қоймасы салынуда), Seven Refractories Asia, № 3 автобус паркі және «Летекс» ЖШС бар.

Алдағы жоспарлар қатарында өндіріс көлемін ұлғайту, металл конструкцияларының ассортиментін кеңейту және жобалық толық қуатқа шығу көзделген.

Одан кейін кәсіпорын өнім экспортын бастауды жоспарлап отыр.