Жеңіс туын желбіреткен қазақ батыры

Екінші дүниежүзілік соғыс еліміз басынан өткерген соғыстардың ішіндегі ең ауыр сұрапыл соғыстардың бірі болды. Германия тарапынан бұл соғыс агрессиялық, жаулап алушы – әділетсіз, ал Кеңес Одағы тарапынан әділетті, өз жерін қорғаған Отан үшін соғыс болды. Соған қарамастан Кеңес халқы тарихында ол қаһармандық пен даңққа толы кезең ретінде қалды.

Соғыс! Не деген үрейлі, не деген қасіретті сөз! Жастардың жігерін құм еткен соғыс! Сәбидің балдәурен балалығын ұрлаған Соғыс!

Соғыс… қан мен тер, аштық пен жалаңаштық, қатыгездік пен қимастық, құрбандық пен өзеуреген өшпенділік.

Иә, ел басына қатерлі күн туғанда қолына суық қаруды ұстап, Отан қорғауға аттанбаған, немесе тылда «Бәрі де Жеңіс үшін!» деп тер төкпеген адам, соғыс өрті шарпып шаңырақтары ортасына түспеген отбасы жоқ шығар.

Биылғы жылы Ұлы Отан Соғысындағы Ұлы жеңіске 79 жыл. Осы айтулы шара қарсаңында Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейі қорындағы қазақтың қас батыры Рақымжан атамыздың портреті жайлы сөз қозғамақпын.

Батырлар мәңгі жасайды дейді халық. Батырдың ерлігін бүкіл ел мақтаныш етеді.

Сол сұрапыл сұм соғыста Жеңіс туын желбіреткен Рақымжан Қошқарбаев. 1924 жылы Ақмола облысы, Тайтөбе ауылында дүниеге келген. Биыл батырдың дүниеге келгеніне 100 жыл толып отыр.

Р.Қошқарбаев 4 жасында анасы дүниеден өтіп, әкесі саяси жалған жаламен сотталып, ГУЛАГ лагеріне айдалған. Осылайша жетім қалған Рақымжан Тайтөбе балалар үйінде тәрбиеленеді.

7 жылдық мектепті бітірген соң Балқаш қаласындағы фабрика-зауыт училищесіне түседі.

Соғыс басталғанда Рақымжан 16 жаста болатын. Ол да ер-азаматтармен бірге майдан шебінде Отанын қорғауға сұранады. 1943 жылы Фрунзедегі (Бішкек) жалпыкомандалық жаяу әскер училищесіне оқуға жіберіледі. Сөйтіп 1944 жылы қазан айында кіші лейтенант Қошқарбаев училищені үздік тәмамдап майдан шебіне қосылады.

Рақымжан Қошқарбаевтың взводы майданда аса қырағылықпен ерлік көрсеткені үшін «Бірінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталады.

Лейтенант Қошқарбаев Берлин операциясы кезінде асқан ерлік көрсетті. 1945 жылдың 30 сәуір күні ол жауынгер Григорий Булатов екеуі Кеңес әскерлері арасынан Рейхстагқа алдымен жетіп Жеңіс Туын тікті. Осы ерлігі үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағын беру ұсынылған болатын. Бірақ ол тек «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды.

Р.Қошқарбаев Халық қаһарманы, Қызыл Ту, Бірінші дәрежелі Ұлы Отан Соғысы орденімен басқа да көптеген медальдармен марапатталған.

Ол 1988 жылы 10 тамызда Алматыда қайтыс болды.

Біздің музей қорында Рақымжан атамыздың тамаша портреті бар, бұл туындының авторы Зайнитдин Юсупов. Көп ұлтты Қазақстан өнерінде ұйғыр суретшілерінің шығармашылығы лайықты орын алады. З.Юсупов 1923 жылы Шелек ауданында дүниеге келген.

Кескіндемеші, график суретші. Тұлғаның бейнесін беруде оның ішкі жан-дүниесін терең аша білген суретші.

Батырды суретші кеудесі орден, медальдарға толы өр тұлғалы келбетімен, отырған бейнесін бейнелеген. Қабағы қатыңқы бірақ Отаны үшін сұм соғысты басынан өткеріп, еліне аман-есен оралған Рақымжан атамыз елімізді көркейтуге талай еңбек сіңірді. Бұл портрет батырдың ерен ерлігін насихаттайтын туынды. Сондықтан да, біздің музейде Ұлы Жеңіске орай көтерілген әр көрменің төрінен орын алары сөзсіз.

Батырлар ерлігі әрдайым ұрпаққа үлгі. Сондықтан да бүгінгі біздің жарқын болашағымыз үшін жан аямай, қасық қандары қалғанша күрескен батырлар ерлігін ұлықтау біздің азаматтық парызымыз деп білемін.

Мейрамгүл ЕЛУБАЕВА,

Мәдениет саласының үздігі.

Қарағанды облыстық

бейнелеу өнері музейі

басшысының орынбасары

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *