Жерлесіміздің кезекті жеңісі

Өткен жылдың соңғы айында ақадырлық жерлестеріміздің қатысуымен әртүрлі спорт түрінен бірнеше жарыс өтті. Оның бірі Алматы қаласында зілтемірді жатып сығымдаудан өткізілген республикалық деңгейдегі «Чемпиондар Кубогы» атты үлкен бәсеке болды. Еліміздің Тәуелсіздік мерекесіне арналған додаға республикамыздың түкпір-түкпірінен кілең мықтылар жиналды десек артық айтқандығымыз емес. Айта кетуіміз керек, зілтеміршілердің жарысы өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Оған жарысқа қатысқан атлеттер де, жарысты көрген жанкүйерлер де куә болғаны анық.

Аталған шараға жерлесіміз, әлемнің он дүркін чемпионы әрі рекордшысы Қараман Абдулкәрім қатысып, 73 келі салмақта 207,5 кг зілтемірді бағындырып топ жарды. Осы биік көрсеткішімен жарыстың рекордын жаңартып, салмақ дәрежесінде Кубокты жеңіп алды. Спортшымыздың жеке жаттықтырушысы өзінің әкесі, ардагерлер арасында бірнеше әлем чемпионы, жүлдегері болып жүрген Оспанов Дәрібай Қараманұлы.

Қазіргі уақытта жерлестеріміз Польша елінің Варшава қаласында өтетін әлем біріншілігіне қатысуға дайындық үстінде. Спортшыларымызға сәттілік пен үлкен жеңістер тілейік!

Қ.БЕКҚОЖИН,

Ақадыр кенті