Жол азабы

Қарағанды мен Ұлытау облыстарын теміржол мен тасжол жалғап жатыр. Бұрындары екі ортада арнайы автобустар жүйткуші еді. Бүгінгі күні ол да жоқ. Жезқазған бөлініп Ұлытау облысы болып шыққанан кейін тоқтап қалды. Арада такси қатынап жүр. Дегенмен олардың да жағдайы мәз емес.

Бұл ауылдарды айтпағанның өзінде облыс аралығын жалғап жатқан басты мәселе болғалы қашан. Қарқаралы-Егіндібұлақ жолы да осылай, шұрық-шұрық тесік болып жатқаны тағы бар.

Бүгінде Ұлытау облысының басты мәселесі – асфальт. Қарағанды мен Жезқазған арасындағы тасжол адам шошырлық күйге түскен. Көлігі мен төзімінен қатар айырылған жүргізушілер жылдар бойы жалғасқан мәселенің шешімін сұрайды.

«Қарағанды-Жезқазған тасжолы ел үшін маңызды көлік дәлізі, бірақ қазіргі күйі жұртты әбден қажытқан. Ал мұның зардабын ең алдымен тұрғындар мен жүргізушілер тартып отыр», – дейді Жезқазған қаласындағы әріптесіміз Алтынгүл Төлегенова.

«Қарағанды-Жезқазған трассасының жолы өте нашар, жүру мүмкін емес. Машинамыз сынады, оған қаншама қаржы саламыз», – деді көлік жүргізушісі Бекайдар Ембергенов.

Айта берсе, сөз көп. Бұл мәселемен жүргізушілер күнде кездеседі.

«Жол нашар, шұңқырға түстім. Дөңгелектің дискісін майыстырдық. Айтасың, бірақ жол жөнделмейді», – деді көлік жүргізушісі Қайрат Иманбеков.

Бұл жолмен жүру үшін көлігіңіз ғана емес, төзіміңіз де мықты болуы керек.

Ал Қарағанды мен Жезқазған арасындағы бұл бағытта асфальт мүлдем жоқтың қасы. Күн сайын жүздеген адам осы жолмен жүреді, алайда жөндеу жұмыстарының нақты мерзімі әлі белгісіз. Тұрғындардың айтуынша, аталған мәселе жыл сайын көтеріледі, бірақ нақты шешім қабылданбаған. Салдарынан такси жүргізушілері бағаны шарықтатуға мәжбүр, ал ол тұрғындардың қалтасына салмақ.

«Біз пойызбен жүруге мәжбүр болдық, себебі қазір жолдың сапасыздығына байланысты таксидің бағасы қымбаттаған. Ол қарапайым халыққа қиындау болып тұр. Таксистерді де түсінемін, бала-шағасын асырау үшін, жолдың сапасыздығына байланысты бағаны көтеріп жіберді, – деді жолаушы Жұлдыз Төлегенова.

Күн сайын жүздеген көлік жүретін жолдың нашарлығы қозғалыстың қауіпсіздігіне де әсер етіп жатыр. Асфальт жамылғысы тозған бұл республикалық маңызы бар жолдың ұзындығы шамамен 520 шақырым.

Ал мұнда соңғы рет күрделі жөндеу 10 жыл бұрын жасалыпты.

«Жезқазған мен Қарағанды екі ортасына қайта жаңарту жұмыстары жүргізіледі деген жоспар бар. Екінші санаттағы жол салынады. Оның конкурстық документтері келесі айдың аяғына қарай аяқталады, одан кейін 2-3 айдың ішінде мердігер анықталады. Келесі жылы ма, одан арғы жылы ма жаңарту жұмыстары жасалады», – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ұлытау облысы филиалы директорының орынбасары Ертай Тайжанов.

Жол – тіршіліктің күретамыры. Алайда Қарағанды-Жезқазған тасжолы жылдар бойы жөндеуді күтіп, әзірге нәтижесіз жұмыстың көрінісіндей болып тұр. Жауапты орындар да іс жоспарланғанымен, аталған аумақ бүгін-ертең қалыпқа келеді деп дөп басып айтпаған.

Ал тағы да бір сөз еткелі отырғанымыз Қарқаралы-Егіндібұлақ жолы.

Қарқаралыдан Егіндібұлақ елдімекеніне қатынайтын тасжолдың жалпы ұзындығы 90 шақырым.

2017 жылы жөндеу көрген екен. Бір жыл өтпей ой-шұңқыры шығып қалған. Содан бері 8 жылдай өтсе де баяғы таз қалпында.

Тұрғындардың айтуынша, жақын маңдағы өндіріс орнынан жүк көліктері көптеп қатынайтын көрінеді. Соның салдарынан жолды жөндеуге жұмсалған қаражат желге ұшқан.

«Осы жолмен жиі қатынаймыз. Бұрын Ақтастыдан Қарқаралыға дейінгі 150 шақырымды 1,5 сағатта жүріп өтетін едік. Қазір жолдың ой-шұқыры көп болғандықтан әупірімдеп 4 сағатта зорға жетеміз. Өндіріс орнының камаздары жолымызды құртты. Жүруге мүмкіндік жоқ. Ауырған адамдарды, жүректен қысылып қалса, ондай жағдайларда тез жеткізуге қиыдап кетті» дейді Егіндібұлақ маңындағы Ақтасты ауылының тұрғыны Қайыржан Баймағанбетов.

«Жол азабын жүрген біледі» дейді дана халқымыз. Олай болса, халықтың мұңы болған Қарағанды-Жезқазған, Қарқаралы-Егіндібұлақ жолының бойында көліктер жүйткитініне сенімдіміз.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *