Биыл тірі болғанда 57-ге ғана аяқ басады екен-ау.
Осыдан он бес жыл бұрын бұл дүниеден бақиға аттанғанда Мартбек Тоқмырза ағамыз үлкен тұлға есебінде емес пе еді? Сонда небары 42 жаста болғанын қазір ойлап отырмыз. О, тоба…
Мартбек Тоқмырза кім еді? Журналист, қаламгер, сатирик, ұстаз, азамат, тағысын тағы… Осының бәрін қоссаңыз тұлға деген жалғыз сөз шығады. Тұлға болғанда да қандайы? Маңайына күлкі сыйлап, жарық шашып жүретінін білеміз. Әлгі 42 жастың қаншама жылы аурумен күреске кеткенін замандас әріптестері жақсы білсе керек. Өмірінің соңғы жылдары Бөкетов атындағы ҚарУ-де журналистикадан сабақ беріп жүрді. Қасында көбіненки Мейрамхан Жәпек болатын. Бұл кезде қаламы қалыптасқан сатириктің кітабы шыққан, ортасына сыйлы, әңгімелері республикалық басылымдарда жарияланып жүрген, алайда ауырып қала беретін… Ақыры сол ауру алып тынды.
Қарағанды Мартбегін ұмытпайды. Сұңғыла сатирик туралы Мейрамхан Жәпектен, Ерлан Төлеутай, Омар Жәлел, Амангелді Кеңшілікұлынан сұрау керек шығар.
Ал Қарағанды аймағында журналистика саласында тәрбиелеген шәкірттері жетіп артылады. 2000 жылдардың басында Бөкетов атындағы ҚарУ-дың журналистикасын бітіріп шыққандарының кез келгенінен сұраңыз. Мартбек Тоқмырза десеңіз, ішкен асын жерге қоймаса маған келіңіз. Кезінде ақын Жанат Жаңқашұлы облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне «Мәрт, бек» деп эссе жариялағаны есімде. Расында өзі мәрт, өзі бек еді. Қазір мұндай мәрт жандар аз. Соңынан ұлтжанды, отаншыл ұрпақ ерте алатын және солар үшін жанын пида етуге бар қазақты шаммен іздесең табу қиын.
1 сәуір күлкі күні Қарағандыда үнемі Мартбек Тоқмырзаның кешіндей болып өтетін. Иә, ол кісі үнемі маңайын қарық қылып жүретін. Күлкісімен, ақылды әзілімен маңайын баурап алатын. Кейіндері осы 1 сәуір Қарағандыда Мартбек Тоқмырзаны еске алатын күнге айналарын ол кезде білген жоқпыз.
Автордың «Жымиясың сен неге?» жинағында «Кешіріңіз» атты шағын сатирасы бар. Нағыз қазақы болмысты әйгілейтін туынды. «Кешіріңіз, түгенше көшені көрсетіп жібермес пе екенсіз?» деп жөн сұрайды бір қазақ жолаушы екіншісінен. Сонда әлгі қазақ еңсеріле бұрылып, неліктен кешірім өтінгенін сұрайды. Және мұның бәрі арасына күлкі өрілген әзілмен жеткізіледі. Қазақ жөн сілтегені үшін, кісіге кісілік танытқаны үшін бір-бірінен ақы сұрамаған, тіпті құдайы қонақ боп бір-бірінің үйіне қонып шығып кете беретін ұлт кейін келе болмысынан, жөн-жобасынан адасты, көпе-көрінеу кешірім өтінетін жасқаншақ ұлтқа, бас шұлғитын жасық жұртқа айналды. Айта берсе әңгіме көп бұл тұрғыда. Бірақ осының бәрін күлкімен жеткізген мұндай салмақты шығарманы мен әлі күнге кездестірмедім. Сізді тоқтатып, жөн сұрағаным үшін мен неге кешірім өтінуім керек? Мартбек Тоқмырзаны оқыңыз, түсінесіз.
Шамасы, «Жымиясың сен неге?» кітабы Көпен Әмірбектің алқау сөзімен шықса керек. Қазақ сатирасында жоғарыда біз көрсеткендей ұлттық дүниелер үзіліп қалды. Мартбек Тоқмырзадай ұлт жалаугерлері кетті де, тайраңдаған, жақсы мен жаманды айыра алмаған арзан әзілкештер төрге озды. Ал Мартбек Тоқмырзаның шағын ғана бір сатирасы ұлт мінезінің жыртығын жамауға жарайтын еді. Қазіргілер ұлттық қасиеттерді қолжаулық еткісі келеді. Мартбек Тоқмырзаның кейінгі әңгімелерін қосып, «Жымиясың сен неге?» жинағын жаңаша шығарып, насихаттайтын уақыт жетті деп білеміз, ендеше.
«Қара басқыр қу тағдыр зұлым қандай,
Жазықсызға жасынша ұрынғандай…
Ұрынғандай мәрт мінез көкке барып,
Көкке кеткен көл-көсір ұлың қандай?!
Өші бардай өмірдің өрекпіген,
Ол жаққа да тектілер керек, білем.
Қалай ажал тапты екен себеп кілең,
Маңғаз туған марғасқа ерек тұр ең.
Жымиясың сен неге амал іздеп,
Жылататын жүректе жарамыз көп.
Жыламайды Мәрт ағам жымияды
Жымиғанын қазақтың қараңыз деп!»
Бұл шумақтарды кезінде ұстазы кенеттен жан тәсілім еткенде қарағандылық ақын Жәнібек Әлиман жазғаны есімде қалыпты. Одан беріде он бес жыл өтіпті. Әрине, біз осындай Мәрт адамдарды сағынамыз…
Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ