«Қарағанды қаласы орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ №14 кітапхана-филиалында 2 желтоқсан «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» халықаралық науқан аясында «Зорлық-зомбылықсыз әлем» атты мазмұнды тренинг ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – қоғамда қатыгездікке қарсы төзбеушілік қағидатын қалыптастыру, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қауіпсіз орта құруға ықпал ету.
Шараға Оңтүстік-шығыс полиция бөлімінің ҚҚБ ЮПТ учаскелік инспекторы, полиция майоры Г.Даирова және ПБ ҚҚБ инспекторы А.Төлеубекова арнайы шақырылды. Сонымен қатар кездесуге Жоғары мейіргерлік интер-колледждің студенттері қатысып, көкейлеріндегі маңызды сұрақтарға жауап алды.
Тренинг барысында мамандар кәмелетке толмағандардың құқықтық жауапкершілігі, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу, буллинг пен кибербуллингтің қауіпті салдары туралы кеңінен баяндады. Сондай-ақ бүгінгі таңда өзекті мәселелердің бірі – жасөспірімдер арасындағы лудоманияға тоқталып, оның психологиялық және әлеуметтік әсерлерін түсіндірді.
Шараға қатысушылар құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызын атап өтіп, зорлық-зомбылықсыз қоғам құру әрбір азаматтың ортақ міндеті екеніне назар аударды. Осындай кездесулер жастарға дұрыс бағыт беріп, олардың өз құқықтары мен жауапкершіліктерін терең түсінуіне мүмкіндік беретіні айтылды.
Айжан МЕРЕЙХАНҚЫЗЫ,
«Қарағанды қ. ОКЖ» КММ-нің
№14 кітапхана меңгерушісі
