Қарағанды облысында газбен қамту жұмыстары жүргізіліп жатқанына 3 жылдан асты. Бүгінде Қарағандыда газбен жабдықтау желілерінің құрылысы жалғасуда. Орталықтандырылған көгілдір отынға 7 мыңнан астам үй қосылды.
– Қарағандыда барлығы 4 кезек және 16 іске қосу кешені бар. Бірінші кезек – жаңа қала (1-ден 7-ші іске қосу кешені). Бұдан әрі – ЖБИ, Пришахтинск (Шахтер кенті). Үшінші кезек – Майқұдық. Тізімдегі соңғы аудан – Сұрыптау, Жұмысшы ауыл. ЖТҚ-мен байланысты басқа да нәрселер біздің жобаға кіреді. Жұмыстардың басым бөлігі қаланың Оңтүстік шығысында жүргізілуде, – дейді Қарағанды қаласының құрылыс бөлімінің басшысы Мұрат Камалиев.
Жұмыс бесінші іске қосу газ кешенінде жүріп жатыр. Қазір бұл Самал, Штурманская, Құрманғазы, Бензинная, Рейдовая, Б. Момышұлы көшелері, Батумский тұйық көшесі. Бесінші кешен биыл тапсырылады деп жоспарлануда.
Ал жұмыс жүргізіліп жатқанда өз қарақан басын ойлап, оңай жолмен ақша тапқысы кегендер де бар. «КарГорГаз» ЖШС директоры Саламат Айрамбаев қарағандылықтарды жосықсыз мердігерлер туралы ескертті.
– Тұрғындардан құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге, газтехникалық қызмет көрсетуге рұқсат беру құжаттарының, өнеркәсіптік қауіпсіздік аттестаттарының болуына назар аударуын сұраймыз. Бұл құжаттың барлығы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы мен өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің сайттарында бар. Мұның бәрін оңай тексеруге болады, – деді ол.
Үйге құбырларды өткізбес бұрын QazaqGaz Aimaq АҚ қорынан техникалық шарт алу қажет.
– Алдымен біздің ұйымға өтініш білдіріп, техникалық шарттарды алу керек, содан кейін жоба жасалуы тиіс, содан кейін құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіледі. Аяқтағаннан кейін техникалық құжаттаманы тапсыру керек. Екі күн ішінде QazaqGaz Aimaq өз жауабын береді. Тек оң нәтиже болған жағдайда ғана газды қосуға өтініш жазу керек, – деп түсіндірді QazaqGaz Aimaq АҚ Қарағанды өндірістік филиалы директорының орынбасары Амандық Тәңірбергенов.
Естеріңізге сала кетейік, Қарағандыда орталық газға қосылуға пайызсыз несие бағдарламасы жұмыс істейді. 5 жылға пайызсыз қарыздар тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы арқылы беріледі. Қарағандыны газдандыру жобасы төрт кезектен тұрады және 16 іске қосу кешенімен қамтылады. Яғни, тұтынушыларды газбен қамтамасыз ету кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Газдандыру жобасы Қарағандымен қатар Теміртау, Шахтинск қалаларында да жүргізілуде. Барлығы 7 621 үйге желі тартылып, соның 3 442-сі газға қосылды.
Былтыр ТКШ жаңғыр¬ту орталығы арқылы Қарағанды мен Теміртау қалалары бойынша 300 үйді қосуға көмектескен. Биылғы жоспар 400 үй болса, әзірге соның 60-ына газ берілді.
Ал «Күнгей» мен «Таугүл» шағынаудандарында, олар 6-шы іске қосу кешенінің 1-ші кезегіне кіреді. Қазір бұл аудандарда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Қаржыландыруда кедергілер болмаса, екі ауданға 2025 жылы газ беріледі деп күтілуде.
Негізі, газ тартылған үйлер көбейген сайын көмір жағатындар саны азайып, бұл қаладағы ауаның тазара түсуіне оң ықпалын тигізеді. Бұл мәселедегі ең үлкен проблема Теміртау мен Балқаштың экологиясы болып отыр. Теміртауды «Қарметтің», Балқашты «Қазақмыстың» өнеркәсіп орындары ластап отырғаны белгілі.
Теміртаудағы өндіріске газ тарту мәселесі шешілді, алдағы уақытта қала экологиясы тазара бастайды деп болжанған. Балқаш комбинатының күкірт қышқылы цехында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу 2025 жылы аяқталады. Содан кейін цехтың ауаны ластау деңгейі 50 пайызға дейін азаюы тиіс.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ