Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ауруханалар мен емханалардың бас дәрігерлерімен өңірде медициналық қызмет көрсету сапасын талқылады. Кездесуге әлеуметтік желілердегі көптеген шағымдар себеп болды.
Қарағанды облысының тұрғындары медициналық қызмет көрсету сапасына наразы. Негізгі проблемалардың ішінен халық көбіне кадрлардың жетіспеушілігін және дәрігерлердің біліктілігінің жеткіліксіздігін атайды.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенованың айтуынша, өткен жылы шағымдардың негізгі бөлігі МСАК ұйымдарындағы ұзын-сонар кезектерге байланысты болды. Бәрінен көп шағымдар мен өтініштер Қарағанды, Теміртау және Шахтинск қалаларынан келіп түсті.
– Кезек мәселесін шешу үшін біз МСАК ұйымдарында үздік тәжірибелер орталықтарын енгізіп, дамыта бастадық. Мұндай алғашқы орталық 2023 жылдың желтоқсанында Қарағанды қаласының № 3 емханасының базасында ашылды. Ұйымның жұмысы толығымен қайта құрылды, профилактикалық бағдарламалар енгізілді, пациенттерді қолдау қызметі жетілдірілді. Пациенттер кезегінің ағынын басқару және ересектер үшін және жүкті әйелдер мен балалар үшін бөлек заманауи тіркеу орнын құру үшін жүйелік әкімші лауазымы енгізілді. Мұндай құрылым басқа емханаларда да енгізілетін болады, – деді Бибігүл Төлегенова.
Дәрігерлердің жетіспеушілігі, сондай-ақ қолда бар кадрлардың біліктілігінің төмендігіне қатысты мәселе шешілуде. Әр емхананың базасында дәрігерлер деңгейін көтеру үшін симуляциялық-тренингтік орталықтар ашу жоспарлануда. Дәрігерлер де шетелге тағылымдамадан өтуге жіберіледі.
Ауруханалардың бас дәрігерлері проблемалар мен оларды шешу жолдары туралы өз көзқарастарымен бөлісті. Атап айтқанда, Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасының директоры Ержан Нұрлыбаев облыс орталығының алты клиникасын дамытуды ұсынды.
– Осы клиникаларды заманауи медициналық технологияларды дамыту орталығы ретінде жетілдіруге баса назар аудару қажет. Егер бұл клиникалар толық қуатында жұмыс істейтін болса, онда бұл Қарағанды облысында көмек алатын стационарлық науқастардың жалпы санының шамамен 70% құрайды, – деп атап өтті Ержан Нұрлыбаев.
Тағы бір маңызды бағыт – ауыл медицинасы. Онлайн-кеңес беруді жолға қою ұсынылды. Науқас ауылдық дәрігердің кабинетінде отырғанда облыстық ауруханалардың бірінде жұмыс істейтін бейінді маманнан қашықтықтан кеңес ала алады.
Дәрігерлер бірлескен жауапкершілікті де еске салды. Бұл медицина қызметкерлерінің әлеуметтік мәртебесін көтеруге қатысты.
Өңір басшысы кездесуді қорытындылай келе, өзгерістер қажеттігін атап өтті.
– Әр шағыммен жұмыс істеу керек. Барлық медициналық ұйымдардың басшылары ашық болуы, халықпен сөйлесуге тиіс. Бұл сіздердің жауапкершіліктеріңіз. Әкімдер де шетте қалмауға тиіс. Мен барлығынан талап ететін болам, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.