Қарағанды бейнелеу өнері мұражайында қаланың 90 жылдығына орай № 4 арнайы мектеп-интернаты оқушыларының «Қарағанды менің жүрегімде» атты көрмесі ашылды.
Онда 90-нан астам жұмыс, оның ішінде облыс орталығының көрікті жерлерінің макеттері, сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары ұсынылған.
– Экспозицияда әр түрлі техникада орындалған жаңа жұмыстар ғана емес, бұрын қойылған жұмыстар да бар. Бұл бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер, соның ішінде пластиктен жасалған жұмыстар және басқалары да бар. Біздің жаңа жұмысымыз – облыстық мешіттің макеті де ұсынылды. Мұндай жобаларды іске асыру балаларда сыни ойлауды дамытады, тәрбиеленушілерімізге қазіргі әлемге бейімделуге, өмірде өз орнын табуға мүмкіндік беретін әлеуметтік дағдыларды сіңіреді, – деп есептейді № 4 арнайы мектеп-интернатының директоры Гүлнар Қырғызбаева.
Облыстық мешіттің макеті бойынша жұмыс өткен оқу жылында «Тәуелсіздік жылдарында салынған Қарағанды ғимараттары» жобасы бойынша басталды.
– Мешіттің макеті – 6 және 8 сыныптардың бірлескен жұмысы. Біз ПВХ, қағаз, өздігінен жабысатын тұсқағаз, картон, желім қолдандық. Мен ғимараттың алдыңғы бөлігін, есіктер мен бағандарды жасадым. Менің ойымша, ойлағанымыз жүзеге асты, – дейді сегізінші сынып оқушысы Аружан Жұмашева.
9-сынып оқушысы Лучета Лисихай Станиславский театрына қарама-қарсы орналасқан «қобыз» мүсіндік композициясын салған.
– Мұнда менің бір жұмысым – қобыз қойылды. Мен бұл аспапты жақсы көремін және сурет салғанды өте ұнатамын. Мен қарындаштар мен бояуларды жаңа идеялар пайда болған кезде ғана қолға аламын, – деп бөлісті Лучета Лисихай.
Әділ БЕК