ХХ ғасырдың екінші жартысындағы «жылымықтан» соң адам санасындағы сілкініс КСРО империясында байқалды да, Одақта болған бұрынғы нәубет пен зұлматты естісе де, көрмеген бірталай қаламгерлер ұлттық әдебиетімізге ірі серпіліс алып келді. Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, Д.Исабеков, Ә.Тарази, Т.Әбдіков, Қ.Ысқақов, О.Бөкеев т.б. осынау шоғырдың бел ортасында танымал қаламгер, Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қабдеш Жұмаділов бар еді. Қазір де ортамызда жоқ қаламгердің биылғы жылы 90 жылдық мерейтойы аталып өтпек…
Ол екі-үш мыңжылдық бойы Еуразия кеңістігінде ғұмыр кешіп, өмір сүру салты көшпелі болған, еңкейгенге еңкейіп, шалқайғанға шалқая жауап беретін, дегдар, жаны жомарт, текті, табиғаты таза, санасы сара, қоршаған ортаны бағындыру емес, керісінше, оны аялап, онымен тіл табысуды мақсат еткен асқақ ойлы, танымы биік, шалқар даласында бірде — бір қайыршысы болмаған, ғаламат әдет-ғұрып, салт-дәстүр, қысқасы, еш жұртқа ұқсамас ұлттық болмыс иегері жайлаған кешегі ата-баба, бүгінгі қазақ көшпелілігін сақтаған, қаймағы бұзылмаған кеңістікте (Қытай, Шыңжаң өңірі) дүниеге келді. Көп ұзамай көшпелі ғұмыр жойылса да, болашақ жазушы сол дәуірдің тәрбиесін көрді, сонда қалыптасты. Соның әсерімен ол, мейлі Қытайда, мейлі Қазақстанда болса да, АДАМТАНУ ілімін өз шығармаларына өле-өлгенше арқау етті, жазушының қоғамдағы орнының маңызды болуы үшін күресті, тәуелсіздік, дербестік, егемендікке өз шығармаларымен үлес қосты.
Асылы, бір жайтты есте ұстаған абзал: ол – белгілі бір оқиға, өзгеріс, құбылысқа соның бел ортасында болған адамның баға беруі және сырттан келген адамның баға беруі. Ол Шәуешекте гимназияны үздік бітірді. Қазақ университетінде оқуға жолдама алды. Студент кезінде-ақ М.Әуезовпен байланыста болды, Қ.Сәтбаев және атақты классик жазушылар, ғалым, профессорлармен байланыста болды. Жазушылар ортасы, ірі ғалымдардан сабақ алу, Мәскеуде өткен жастар фестиваліне қатысу, көп ұзамай қос мемлекеттің арасындағы кикілжіңнен Қытайға шақырылуы, тергеуде болуы, көп азап көріп, ақыры, астыртын дайындықтан соң қандастарымызды бастап атажұртқа оралуы, оқуын жалғастырып бітіруі, газетке, баспаға, қызметке тұруы – бәрі де тұтас әкеліп, оның сүмелі шығармалар жазуына алғышарттар жасап еді…
Ықшам лирика, әңгіме, хикаяттардан басталған, шығармашылық ізденіс оның бүгін де қазақ әдебиетінің алтын қорына косылған «Соңғы көш», «Тағдыр», «Таңғажайып дүние», «Қыл көпір», «Дарабоз», «Атамекен», «Көкейкесті» романдары, «Сарыжайлау», «Сәйгүліктер», «Бір түп тораңғы», «Бір қаланың тұрғындары» т.б. хикаяттары мен біраз әңгімелері мол публицистикалық дүниелері оны заманының шын мәніндегі дарабоз қаламгері дәрежесіне көтерді.
«Соңғы көш» өктем саясаттың шешімі мен өз жерінде отырған қазақтың қос империя шекараны бекіткенде өзге елде қалып қойған қазақ жұртының тағдыры, тарихы, арман-аңсары, сағыныш, мұны. Бас кейіпкер отызға толар-толмаста ұлы міндет үдесінен табылып, екі жүз мыңнан астам қазақты бастап, ата жұртқа оралуы романның негізгі өзегі, басты арқауы. Бас қаһарман – автордың өзі. «Тағдыр» – қазақтың қытай еліндегі аса ірі кайраткерінің трагедиясы толы өмір жолы, кеудесін дұшпанға бастырмай, халқы үшін әділдіктің ақ жолынан аттамаған жан туралы туынды. Бас қаһарман өмірде болған Дәмежан атты тұлға. «Атамекен» — қазақтан шыққан әйгілі ғалымның жанқиярлық еңбегі. «Көкейкесті» ұлттық болмысынан айырылып қала жаздаған жас жігіттің сәл кеш те болса ес жиюы, түзу жолға түсуі. «Дарабоз» – ұлы қолбасшы Қаракерей Қабанбай туралы қос томдық тарихи роман.
Тұжырымдай айтсақ, қаламгер Қ.Жұмаділов өзі ғұмыр кешкен қоғамның тамыршысы әрі емшісі болды және барлық шығармалары арқылы тәуелсіздік идеясын көтере білді.
Қарлығаш ХАМЗИНА
Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті, ф.ғ.к., доцент
