Қарқаралы құзырхатының тарихи маңызы

Қарқаралы петициясы- бұл алғашқы қазақ халқының бас көтеруінен туындаған саяси құжат. Петиция 1905 жылы Ресей империясының қазақ жерінде отарлық саясаты тым күшейген кезеңінде жарық көрді.Бұл құжаттың мәні тек әлеуметтік-экономикалық мәселелерді көтеріп қана қоймай, сонымен бірге халықтың ұлттық сана-сезімін, құқықтық мәдениетін және саяси мүддесін қорғау ұмтылысын бейнелейді. Осындай қиын шақта халық өз жерінде қысымға ұшырап,сырттан қоныс тепкен орыс шаруаларының келу себебінен жер мәселесі одан әрі күрделене түсті.Қазақ халқының жаппай петицияны жазып,қолдауы — өздеріне жасалған езгіні тоқтату және ұлттық мүддені сақтап қалу әрекеті еді. Қара халық өз ата қонысында теперіш көріп,құқықтарының тапталуына қарсы болды. Петицияда қазақ жерін заңды түрде мойындау, сырттан орыс шаруаларының келуіне тоқтам қою,ұлтқа жасалған қайшы әрекеттерді тоқтату,қазақ жерінде қазақ тілінде оқытатын мектептер ашу сияқты маңызды талаптар қойылды.

Қарқаралы петициясы — ХХ ғасырдағы қазақ халқының алғашқы саяси қозғалысы ғана емес, ол бүгінгі күнде де өз өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бұл петиция ұлттық құқықты қорғау және тіл, жер һәм білім саласындағы теңдікті ұран етіп мәселені көтерді. Сондықтан ол қазіргі Қазақстандағы ұлттық сана-сезімді қалыптастыру, ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу тұрғысынан өте маңызды.Зерттеудің мақсаты — Қарқаралы петициясының тарихи негізін зерттеу, негізгі талаптарын талдау және әлеуметтік-саяси маңызын анықтау.Осы мақалада Қарқаралы петициясының пайда болу себептері мен көрсетілген талап арыздардың тарихи маңызы талданады.

XIX ғасырдың  60-жылдарынан бастап қазақ жеріне орыс шаруаларын қоныстандыру ісі кең етек алды.1870-жылдары бұл іс мықтап қолға алынып,қоныстандыру саясаты жаппай сипатқа ие болды. Патша үкіметінің осы сәтте көздегені қазақ даласын аграрлы отар аймаққа айналдыру. Нәтижесінде қазақ халқы өз шұрайлы жерлерінен айырылып,дәстүрлі мал шаруашылығы қиын жағдайға түсті.

1906 жылдан бастап П.Столыпиннің аграрлық реформасы іске асырыла бастады. Бұл реформаның мақсаты — ауыл шаруашылығындағы қауымдық жер иеленуді жойып,шаруаларды жеке жер (хутор,отруб) иелеріне айналдыру еді. Осының салдарынан шаруаларға жеке жерді иелену құқығы берілд. Шаруаларды көбіне Қазақстанның солтүстік, орталық өңіріне қоныстандырды, салдарынан қазақ шаруаларының жерінің тарылуына алып келді.

Жаңадан келген шаруаларға шұрайлы жерлер әп-сәтте тиесілі бола кетті,ал қазақ шаруаларының дәстүрлі мал шаруашылығына керекті жерлер одан сайын тарыла берді, ақыр аяғы халықтың экономикалық жағдайы нашарлады.

Мәселе тек жермен тоқтамай, Қазақстанға келген келімсектер (қарашекпенділер) саны артып, қазақтардың сандық үлесі азайған еді. 1897 жылғы бірінші Бүкілресейлік халық санағы бойынша Қазақстан аумағында қазақтардың саны шамамен 3,4 млн адамды құрап, жалпы халықтың 81,8%-ын құрады.

Сондай‑ақ, сол кездегі санақ деректеріне сәйкес, орыстар 544 мың адам (12,8%), украиндар 86,7 мың (2%), татарлар 56 мың (1,3%), өзбектер 29,5 мың (0,8%), немістер 7 мың (0,2%) және басқа этностар 300,6 мың адам (7,2%) болған. Жалпы алғанда, Қазақстанның сол кездегі халқы 4 147,8 мың адамды құраған.

Бұл статистикалық мәліметтер қоғамдағы демографиялық құрылымның едәуір өзгергендігін,атап айтатын болсақ орыс шаруалары және басқа этнос өкілдерінің саны артуын көрсетеді. Жер ресурсының тапшылығы әлеуметтік-экономикалық шиеленісті арттырды. Сол себепті Қарқаралы петициясында қазақ жерін заңды тұрғыда мойындап,сырттан келген келімсектердің (қарашекпенділер) қоныс аударуын шектеу талаптардың бірі еді.

П. Столыпиннің аграрлық реформасы қазақтардың мал шаруашылығын дағдарысқа ұшыратты. Жергілікті халық пен казактардың арасындағы қарама-қайшылық шиеленісе түсті. Байырғы жерінен айырылған жұрт өтініш беру арқылы өз құқықтарын қорғауға тырысты.

Реформа нәтижесінде Қазақстанның облыстарына қоныс аударылғандарына 45 млн.десятина жер тиесілі болды. Ал бұл аймақтағы егіншілікке жарамды жер аумағының 20%-ы болған. Жергілікті халықтың құнарсыз жері туралы Алаш зиялысы Ғ.Мұсағалиев былай деп жазған еді:«Таудың, етектің егін үшін жарамды жерлері ойып-ойып казак-орыстарға кесіліп берілген…іліп алар жерлер Россиядан көшіп келген мужиктерге беріліп жатыр… қазақтардын таудағы һәм етектегі көп қыстаулары, мың азаппен қазып шығарған арықтары, егіндік-пішендік жерлері — бәрі де қолдан кетті… Жерге тоймайтын шын жалмауыздар казак-орыстар… Алдында қара-құрасы бар қазақтар осы күнде де тауға шыққан болады. Шыққанменен не пайда?Жолшыбай орыстың егіні мен пішендігі. Жуықтап кетсе қазақтын малын ұстап, өзін сабап, қырып-жойып өлтіре жаздайды».

ХХ ғасырдың басында Қазақстанда,ауыл шаруашылығы,тау-кен өндірісі мен кен-зауыт өнеркәсібтері дамыды. Қазақстанның орталығы мен Алтай өңірінде темірдің бай кені сондай-ақ түсті металдар өркендегенін айта кеткен жөн. Алайда бұл қазба байлықтар Патша үкіметінің қолында болды,кейіннен келе ХХ ғасырдың басында шетелдік компаниялардың меншігіне өтті.

Шетелдік, оның ішінде Англия, АҚШ, Германия сынды акционерлік компаниялардың қолына көшті. Бұл ірі компанияларының келу себептерінің ең негізгілері: арзан жұмыс күші, пайдалы қазбалардың бай кен орындары,оңай пайда көзі болды.

Жергілікті өнеркәсіп жұмысшыларының әлеуметтік жағдайы басқа шет аудандармен салыстырғанда әлдеқайда ауыр болды. Бұған себеп белгіленген жұмыс күнінің ауырлығы,жалақының аздығы,қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы салдарынан жұмысшылар өлімі көптеп кездесті. Жасалынған жұмыс бірдей болса да, қазақ-орыс жұмысшыларының арасында теңдік болмады. Себебі қазақ жұмысшыларының жалақасы орыс жұмысшыларының жалақасынан біршама төмен болатын. Теміржол,өнеркәсіптегі ауыр жағдай көбіне қазақ жұмысшыларында туындады.Осындай әлеуметтік және экономикалық қиын жағдайда қоныс аударудың салдарынан туындаған келеңсіз жайттарды қатаң сынға алғандардың бірі Әлихан Бөкейханов болды.

Қарқаралы петициясы — бұл Семей,Павлодар уезі қазақтарының Петербургке арнайы жіберген петициясы. Құжат 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде 25-26 маусым күндері жазыла отырып,Патша үкіметіне жолданған. Осы құнды құжатты дайындаған қазақ зиялылары Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, К.Тоғысов, А.Аяғанов, Ж.Ақбаев болды.

Қарқаралы петициясын әзірлеуде қазақ зиялыларының белсенді өкілдері жұмыс істеді. Әлихан Бөкейханов – саяси көшбасшы, А.Байтұрсынов – идеолог және әдебиетші, М.Дулатов – журналист әрі публицист, К.Тоғысов – ұйымдастырушы, А.Аяғанов – мәселелерді қадағалаушы, Ж.Ақбаев – заң саласында кеңесші болды. Осы топ бірлесе отырып, қазақ халқының мүддесін қорғау үшін құжатты пысықтады.

Сізден басымызды иіп сұраймыз: сайлауға қатысуға ерік беріңіз, мемлекет билігіне қазақтар болса ғана біздің мұң-мұқтажымыз ескеріледі және шешіледі. Сонда ғана біз, қазақ халқы, Империяның басқа халықтарымен тең екенімізді сезінеміз» .

Петицияға жалпы саны 12 767 адам қол қойса, Қарқаралы уезінен сайланған 42 адам қол қойған. Бірнеше жыл қараңғы отар елдің бұлай бірден бас көтеруі Патша үкіметін уайымдатқан-ды.

Петицияда көрсетілген негізгі талаптар:

  1. Қазақ халқының ар-ождан,діни-наным сеніміне бостандық талап етті. Сондай-ақ арнайы діни басқармалар ашылып, мектептер мен мешіттерді ашып, діни кітаптарға салынған цензураны жоюды сұрады.
  2. Қазақ мектептерінде білім тек ана тілінде берілуі және қазақ балаларына жоғарғы оқу орнында білім алуға мүмкіндік беру
  3. Баспасөздерге қойылған цензураны жойып, қазақ тіліндегі газеттердің шығарылуына кедергі жасамау.
  4. Қазақтың жері қазаққа заңды түрде берілсін және де қоныс аударушылардың даланың ең шұрайлы жерлеріне орналастыруды доғару.
  5. Қазақтарды жер межелеу ісіне қатыстыра отырып, оларды ата қонысынан қумау
  6. ⁠«Далалық ережені» қазақ депутаттарының қатысуымен өзгерту я болмаса жою
  7. ⁠ Кеңсе жұмыстары және сот іс қағаздары қазақ тілінде жүргізілуі тиіс. Сайланған аудармашылар сауатты түрде қазақ тілін білетін мамандарды тағайындау
  8. ⁠Судьялардың қазақ тілін білуі және әділ сот жүргізу қажеттелігі айтылды.
  9. ⁠Қазақ халқына қысым жасаған Крестьян бастықтары мен урядниктерді қызметінен жою
  10. Әрбір адам сот алдында жауап беруі тиіс екені көрсетілді
  11. Қазақ халқы заң шығару жиналыстарына қазақ депуттарының сайлануын талап еткен болатын.

Себебі қазақ халқының құқығын тек өз өкілдері ғана қорғай алады.

Міне осындай талап-арыздар басшылық тарапқа қойылған болатын

Аз уақыт болсада сауатты, көзі ашық, халықтың сеніміне ие болған қазақ депутаттары қазақ халқының мұң-мұқтажын жоғарғы билікке жеткізіп үндеу жасады. Мемлекеттік думада көтерілген мәселелер бірнеше бағытты қамтыды. қазақ тілінде цензурасыз мерзімді баспасөз пен баспахана ашу, жергілікті әкімшілік (земство жиналысы, басқармасы) пен соттың ісқағаздарын және ұлттық мектеп-медреселерде оқу жергілікті ұлт тілінде жүргізу, қазақтың ұл-қыздарын кәсіби оқу орындары (гимназия, училище, семинария, т.б.) мен ЖОО-да оқыту үшін «қазақ капиталы» есебінен стипендиялар тағайындау, жатақханалар (пансиондар) салу және т.б. маңызды мәселелерді, әсіресе жер мәселесін көтеріп, заң жүзінде шешуге ұмтылды.

Ең маңыздысы: І және ІІ Думада осы ұлттық мәселелердің көпшілігін, әсіресе жер, земство мәселесін шешуге толық мүмкіндік болды. [8] Қазақ депутаттарының думада көтерген мәселелері себепсіз емес. Бұл шынайы әлеуметтік-экономикалық қиын жағдайдан туындады.

Әділетсіз қоғамда өмір сүріп жатқан қазақ халқы үшін депутаттар үлкен алаңдаушылық білдірді. Сонымен қатар Думада айтылып жатқан талап-арыздар Қарқаралы петициясымен мазмұндық жағынан үндес болды. Осы тұрғыдан алғанда Қарқаралы петициясы қазақ халқының бірлесіп, ұлт ретінде отарлық саясатқа қарсылық танытуының бір көрінісі еді. Толық аңғарсақ бұл жай ғана арыз-шағым емес, ол өз мүддесін қорғауда үлкен күш салған халықтың саяси қозғалысының бірі. Қарқаралы петициясында көтерілген талаптар Мемлекеттік Думада да көрініс тауып, қазақ зиялыларының күресінің жүйелі сипат алғанын көрсетеді. Осы себептен Қарқаралы петициясы ХХ ғасырдағы қазақ қоғамының оянуына түрткі болған маңызды кезең ретінде қарастырылады.

Осылайша, Қарқаралы петициясы  қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық қиындықтарымен қатар ұлттық құқық пен саяси мүддені қалай қорғау керек екенін, халықтың еркіндік пен тәуелсіздікке ұмтылысын тайға таңба басқандай анық көрсетеді. Петицияға қолған қойған 12 мыңнан астам адам әр облыстың халықтары. Бірақ бір ұлт, бір қазақ екенін көрсете отыра олар өз бірліктерін көрсете алды. Саяси сауаттылықтың нағыз бейнесі ұлт зиялылары оның ішіндегі Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, К.Тоғысов, М.Дулатұлы, Ж.Ақбаев  сынды көшбасшылары халықтың талабын жүйелі түрде Патша билігіне сауатты түрде жеткізуі құқықтың мәдениеттің қалыптасуына үлкен үлес қосты. Байқасақ олар тек петиция жазып қоймай, халықты ақпараттандыру, құқықтық білім беру сынды істерге халықты үйрете алды.

Алғашқы мемлекеттік Думадағы қазақ депутаттарының сайлануы, Думаның қысқалығы халықтың толық құқыққа қол жеткізе алмауына себеп болса да, ұлт ретінде бірлікті сақтап, өз мүддесін қорғау жолында маңызды қадам болғанын айта өту керек. Депутаттар тіл, жер, діни және білім мәселелерін көтерді. Бұл қазақ халқының болашағы үшін аса маңызды еді. Қазақ тілінің үстемдігі, жерді құқықтық тұрғыда қорғау, мәдениет пен дәстүрді сақтау сынды талаптар  ұлттық сананың өсуіне әрі тәуелсіздік идеясының жандануына себеп болды.

Осылайша, Қарқаралы петиция  тек тарихи құжат ғана емес, ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының ұлт ретінде  оянуы мен бірлікке келуінің символы ретінде маңызды орын ала алды.  Оның мазмұны һәм көтерген мәселелері кейінгі Алаш қозғалысына, саяси күрестерге тікелей әсер етіп әлі күнге дейін өз өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қарқаралы петициясы халықтың құқықты қорғауға ұмтылысын, бірлігін, сенімін айқын көрсетеді. Сол себептен де ол қазақ тарихындағы ерекше тарихи оқиғалардың  бірегейі болып саналады.

Қазақстан тарихындағы “Қарқаралы петициясын” ерекше атап өткен жөн. Себебі бұл тұтас бір ұлттың Ресей Патшалық үкіметінің отарлығына қарсылық танытқан,өздерінің ұлттық мүддесін қорғауға тыраштанған халықтың саяси құжаты. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында орын алған келеңсіз жағдайлар көп болды. Соның ішінде ең көп зардап шеккен қазақ халқы еді. Діни және әлеуметтік қысым көрген, ата-мекен жерінен өздері қуылған шарасыз халықтың жағдайын біліп, көріп жүрген ұлт зиялылары оның ішінде қоғам қайраткерлерінің басын бастап тұрған Әлихан Бөкейхан жоғары билікке петиция жазуды шешеді.

Петициядағы талаптар қазақ халқының отарлық езгіге қарсы ұстанымын, ұлттық сана мен құқықты қорғау ұмтылысын нақты бейнелейді. Құжатта көтерілген мәселелер — жерді пайдалануға байланысты құқықтар, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, ұлттық тілді мектеп,баспаханалардың болуы т.б талаптар — сол кезеңдегі ұлтқа жасалған әділетсіздік пен қиянаттың көрініс ретінде тарихқа енді.

Анель ЖАҢАБАЙҚЫЗЫ,

Мирас тарихи-этнографиялық зерттеу клуб мүшесі