Жұмыс орны көбейсе, ел берекесі өседі

Халықтың табысын арттырып, әл-ауқатын көтеру – мемлекет саясатының басты ұстанымы. Осыған байланысты түрлі бағыттағы жобалар қолға алынып отыр. Солырдың бірі – 2029 жылға дейінгі халықтың кірісін арттыру бағдарламасы. Кезең-кезеңімен жүзеге асырыла бастаған бағдарлама – әлеуметтік саясаттың бағдарын айқындайтын стратегиялық құжат. Бағдарлама аясында халықтың нақты кірісін арттыруға, көлеңкелі еңбек нарығын азайтуға және еңбек ресурстарының тиімділігін көтеруге басымдық беріледі. Қарағанды облысында бағдарлама табысты жүзеге асып келеді.

2023 жылдан бастап іске қосылған бағдарлама бірнеше бағытты қамтиды. Олардың қатарында еңбек нарығын дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, өңірлік табыс теңсіздігін азайту, әлеуметтік қорғау жүйесін күшейту және адами капитал сапасын арттыру мақсаттары бар. Былтырғы жылдың басынан бері республика бойынша 600 мыңнан астам адам бағдарлама аясында жұмысқа орналасты. Оның ішінде 250 мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл – бағдарламаның тиімділігін көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі. Сонымен қатар орташа айлық жалақы көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 21 пайызға артқан.

Облыста бағдарлама өңірлік ерекшеліктерге бейімделіп іске асырылып отыр. Аймақта индустриялық әлеуеттің жоғары болғандықтан жаңа өндіріс орындарын ашуға және соның есебінен тұрақты жұмыс орындарын көбейту мүмкіндік мол. Сондықтан Қарағанды облысында өнеркәсіп жобаларын іске қосу, инвестиция тартуға және сол арқылы жұмыс орындарын көбейтуге басты назар аударылады. Бұл шаралар халық табысын арттырудың басты тетігі ретінде қарастырылады.

Бағдарлама аясында ерекше мән берілген жұмыспен қамту туралы айтсақ, Үкімет жоспарына сәйкес, 2029 жылға дейін республика бойынша миллиондаған азаматты жұмысқа орналастыру көзделген. Осы бағытта Қарағанды облысында жұмыс орындарын көбейтуде субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға көңіл бөлінеді. Бұл халықты тұрақты табыспен қамтамасыз етуге жол ашады.

Бұдан бөлек кәсіпкерлікті дамыту есебінен табыс көздерін көбейтуге ден қойылып отыр. Кәсіпкерлікті дамыту – бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі. Шағын және орта бизнес халық табысын арттырудың негізгі құралдарының бірі ретінде қарастырылады. Мемлекет тарапынан микрокредит беру, гранттық қаржыландыру және бизнеске оқыту сияқты қолдау шаралары іске асырылуда. Бұл өз кезегінде тұрғындардың өз кәсібін ашуына және табысын арттыруына жол ашады.

Бүгінде Қарағанды облысында шағын және орта бизнес субъектілерінің саны тұрақты өсуде. Әсіресе сауда, қызмет көрсету, өңдеу өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы салаларында кәсіпкерлік белсенділік жоғары. Бұл бағыттар халықтың күнделікті сұранысына тікелей байланысты болғандықтан, тұрақты табыс көзіне айналып отыр.

Кәсіпкерлікті дамытуда мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шешуші мәнге ие. Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар арқылы кәсіпкерлерге қаржылай және консультациялық көмек беріледі. Мысалы, Атамекен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы кәсіпкерлерге бизнес ашу бойынша кеңес, оқыту курстары және құқықтық қолдау ұсынылады. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалар аясында жеңілдетілген несие, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, кепілдік беру сияқты құралдар кеңінен қолданылады. Және облыста индустрия жақсы дамығандықтан өндірістік кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Аймақта металлургия, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру сияқты салаларда шағын және орта бизнес белсенді дамып келеді. Ірі кәсіпорындармен кооперация орнату арқылы шағын бизнес жеткізуші ретінде жұмыс істеп, өз мүмкіндіктерін кеңейтуде. Мұндай кәсіпорындардың қатарында Kazakhmys және Qarmet сияқты ірі өндіріс ошақтарымен әріптестік маңызды рөл атқарады.

Сондай-ақ ауыл халқының табысын арттыру – басым бағыттардың бірі. Бағдарламада ауылдық аумақтарды дамытуға ерекше көңіл бөлінген. «Ауыл аманаты» жобасы арқылы ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке тарту, кооперацияны дамыту және микронесиелеу қарастырылған. Нәтижесінде жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту, ауылдағы жұмыссыздықты азайту және табыс көздерін әртараптандыру мақсаттары жүзеге асырылып отыр. Жоба аясында облыста кейінгі жылдары мыңдаған адам кәсібін ашып, жұмысқа орналасты.

Бағдарлама тек экономикалық емес, әлеуметтік бағыттарды да қамтиды. Мысалы, бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын арттыру, еңбек өнімділігін көтеру және кәсіби біліктілікті дамыту шаралары қарастырылған. Сонымен қатар, мемлекеттік органдар табыс құрылымын талдап, халықтың нақты кірісін арттыру бойынша жүйелі ұсыныстар әзірлеуде. Бағдарламаның тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ету үшін арнайы мониторинг жүйесі енгізілген. Әр өңірде жобалардың орындалуы тұрақты бақылауға алынып, ай сайын талдау жүргізіледі. Бұл тәсіл мемлекеттік саясаттың ашықтығын қамтамасыз етіп, бағдарламаның нәтижелілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, Қарағанды облысында 2029 жылға дейінгі халықтың кірісін арттыру бағдарламасын өңірлік ерекшеліктер барынша ескеріліп отыр. Соның арқасында мыңдаған адам кейінгі жылдары тұрақты табыс көзіне ие болды.

Манас АҚСАРЫ